Білім • 15 Маусым, 2024

Тоқтар – «Жыл оқушысы»

67 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды қаласы білім бөлімінің ерек­ше дәстүрі десек те болады, жыл бойы үз­дік деп танылған оқушыға «Жыл оқушы­сы» марапатын табыстайды. Қазы­лар алқасының шешімімен бұл жолғы жеңімпаз – Қарағандыдағы Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның 6-сынып оқушысы Тоқтар Кәрібаев.

Тоқтар – «Жыл оқушысы»

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жыл сайын оқу жылының соңында облыс орталы­ғын­дағы 80-нен астам мектеп оқушысы арасынан үздік анық­талады. Талапқа сай, оқуда озат болуымен қатар өнерлі, өрелі, талантты, талапты болуы шарт.

Тоқтар Ерсінұлы байқау барысындағы бір­неше кезеңнен сүрінбей, үздік шыққан. Эссе жазу­дан, шешендік өнерден қатарластары­ның алды болып, басым ұпаймен оқ бойы озық шықты.

Байқауды ұйымдастырғандар Тоқтардың әр­тістік қабі­летіне ерекше көздері түскенін, өнер­ге, оның ішінде кино және театр саласына деген қызығушылығын айрықша атап айтып отыр.

Тоқтарға бес кезең бойы қолдау көрсеткен ұстазы, сынып жетекшісі Эльмира Сыздықова талантты шәкірті Тоқтардың топ жарғанына бек қуанышты екенін толға­ныспен жеткізді.

– «Жыл оқушысы» сайысы күзде басталып, жыл бойы жалғасты. Оқушылар бес турдан өтті. Білімі, таланты, қарым-қабілеті, қызығушылығы жағынан сынға түсті. Жалпы есепте Тоқтар 497 ұпаймен алға шықты. Қоғамның бар саласынан хабары бар талантты оқушымның білім көкжиегі өте кең. Кез келген пәнге икемді. Тарих пен әдебиетті сүйіп оқиды. Таңдауы – театр саласы. Ал арманы – кинорежиссер болу, – дейді Эльмира Сыздықова.

Оқырманның есінде болса, жақында газе­тімізге «Оқушылардың ерекше күнделігі» деген атау­мен мақала жазып, білім саласындағы бас­шы­лардың тарапынан ұлттық күнделікке қол­дау көрсетілсе дегенбіз. Көп ұзаған жоқ, қала­лық білім бөлімінің әдіскерлері Тоқтардың мұғалімі Эльмира Сыздықованың еңбегіне, жоба­сына жан-жақты демеу көрсетіп, қала мек­теп­теріне енгіземіз деген жақсы жаңалық айтқан еді. Енді, міне, төл шәкірті топ жарып жатыр.

Бала Тоқтардың биіктен көрінуі де тегін емес. Өйткені есімі түбі бір түркі жұртынан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің құрметіне қойыл­ған. Бала Тоқтардың тұсауын батыр Тоқтар кесіп, батасын берген.

 

Қарағанды облысы