Суреттерде Қытай деректеріндегі көшпелілердің «күзгі қомырған» аңшылық дәстүрін бейнеленген
Бұл тұста даланың қоңыр аңы еуразиялық кеңістікте жыртылып-айырылып жатқан. Осыларды аулау барысында әуелі мерген садақшылар соғыс машығын жетілдіретін болса, екінші тараптан жоғарыда айтқанымыздай, жорық асын дайындаған.
Мысалы, Алтын Орда билеушілері күзгі қомырғанды қалай ұйымдастырғаны туралы 1253–1255 жылдары қазақ даласын көктей өтіп, Шығысқа сапар шеккен Еуропа саяхатшысы Гильом де Рубруктің күнделік жазбасында айтылса, италиялық жиһанкез Марко Поло: «Ұлы ханның (Құбылайды айтады) Баян және Минган атты ағайынды бектері бар. Олар ханның қол астындағы 20 мың аңшыны басқарады. Минган басқарған 10 мың адам қызыл түсті киім киіп, Баян бастаған 10 мың адам көк түсті киім киіп, ханмен бірге аң аулауға (қомырғанға) шығады. Екіге бөлінген аңшы-құсшылар күншілік жерден шеңбер жасап, аң-құстарды қыспаққа түсіреді. Дәл осы сәтті көру керемет тамаша әсер береді», деп жазыпты.
Қомырған кезінде көшпелілер жоғарыда айтқанымыздай, жорық асын дайындайтын болса, екінші тараптан аң аңлау барысында садақшылар қосыны қоңыр аңдарды атып, мергендік өнерін шыңдап, жауынгерлік машығын жетілдіретін болған екен. Бұл туралы 2006 жылы жарық көрген «Бабалар сөзі» көптомдығының 56-томы 241-бетінде:
«Қуып атып киікті,
Түтінге түтін қосқаннан.
Үш атқанша, бір атып,
Болғанша қимыл, құлатып,
Жол жағалай шұбатып,
Қырына алса, қырық атып,
Қып жүрген ісі ілгері,
Қатаған тәнті елдері», –
деп жырланған екен.