18 Маусым, 2010

ӘКІМ

1138 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Амандық-саулық сұрасқаннан кейін түрі өзгеріп сала берді. Дауысы қатқыл әрі ренішті шықты. “Сен не деп тұрсың? Жәкеңнің ауылы тұрғанда табиғи газды менің ауылы­ма тартам дегенің не? Тоқтат, газ ең әуелі Жам­был бабамыздың ауылына жетуі тиіс. Бүкіл аудан газ­бен қамтылады, сол кезекпен менің ауылыма да барады...”. Иә, қазір көгілдір отын ақын баба ауылында маздап жанып тұр. Қоғамның белді азаматтары туралы адамдар әсте әртүрлі ойлайды. Көпшілік жоғары лауазымды қызмет аспаннан салбырап түсіп, сол адамның басына қона қалғандай көреді. Сондықтан да кейде өткенге көз жіберіп, өскен орта, ұшқан ұя туралы ойланған жөн ғой деп ойлаймын. Әдетте, әкімдер туралы әңгіме бола қалса жақтырмай, тулай жөнелетін адамдар да жоқ емес. Әкімнің де әкімі бар. Жұмыс болған соң, оның күнгейі мен көлеңкесі де болмақ. Бірақ таразы басына адамның атқарған жұмыстарын салып жібергенде жақсылығы басым түсетін жандар аз емес. Солардың бірі – Серік Үмбетов. Иә, бүгінде Серік Үмбетовті білмейтіндер кемде-кем. Ол – Алматы облысының әкімі. Күні кеше Қазақ­стан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі, одан әрі көз жүгіртсең, Жамбыл облысының әкімі болғанын білесің. Күрті ауданын басқарды. Бәре­келді, дей­сің. Сонан соң, Серік Әбі­кен­­­ұлы туралы ой­лана­сың, тол­ға­на­сың. Өйт­кені, адам­дар­дың есін­­де өт­ке­ні емес, өске­ні ға­на жүреді. Өмір заңы солай. Серік Үм­бе­тов­тің бүгінде алпыс деген арғы­маққа қарғып мінген уақытында оны құттықтайтындар да, қолпаштайтындар да көп болары сөзсіз. Мақтау сөзден шашу ша­шып, қырық құрақ болатындар да табылар. Ал мен замандас әкімнің соның бәріне күле қарап, жақсы сөз бен жарамсақ сөздің аражігін ашып, өз көңіліне қонатын, риясыз шындықты ғана қабыл алып, көңіліне тоқитынын жақсы білемін. Олай болатыны Серік Үмбетовтің бүгінгі күнге дейін имандылық жолынан жаңылғанын көрген емеспін. Қызметі өссе, соның бәріне еңбегімен, қара жұмыстың ащы терінің кермек дәмін ұмытпаған болмысымен жетті. ...“Ақындар мен батырлар елі” деп жұрт аузында аңызға айналған Жамбыл ауданы – қоғам қайраткерлерін де тәрбиелеген қасиетті жер. Сол құтты мекенде, Аққайнар ауылында, Әбікен шаңырағында Серік дүниеге келді. Текті жердің баласы ретінде жастайынан Сүйінбай, Өтеген, Сұраншы, Жамбылдай ақындар мен батырлар туралы аңыздар мен жыр-дастандарды жүрегіне тоқып өсті. Жетінші атасы Нұрабайдың қара қылды қақ жарған би болғанын естіді. Мұның бәрі сәби Серіктің психологиясына әсер етіп, дала данышпандарының рухын бойына сіңіріп өсуіне әсер етпей қойған жоқ. Әрі ұлтжандылық қасиет те еңбекқорлық мінезімен ұштасып, көзі қарақты, намысқа қайратты, иманды жігіттің тұлғасын елге ерте танытты. Күрті ауданындағы кеңшарда аяғына керзі етік киіп, күрткесін қымтанып, шынашақтай жас жігіт еңбекке араласты. Қара жұмыс қабырғасын қатайтты, оң-солын тануға әсер етті. Ерте тұрды, кеш жатты. Көп құрдас­тары сияқты қалаға да тұра қашқан жоқ. Бригадир, ферма меңгерушісі болды. Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтын бітіріп, жоғары білім алды. Енді еңбек, өмір тәжірибесінен шыққан жас маманның алдында жарқын жол жатты. Осылай Күрті ауданының әкімі қызметіне ол біреулердің демеуімен топ ете түспей, еңбегімен еленгенін айтқан жөн. Әкім болу оңай емес, ол қызметті көтеру қиын. Тақ пен бақты бірдей ұстап тұру көп саясаткердің қолынан келе бермейді. Ләппайлайтындар көбейіп, шын ой айтатындар азайып, көзге шел де бітетін кез осы шақ. Халықтың қаһарын ұмытып, байлыққа шалқып, қарақан бастарының қамы мен жақын туыстарының жайымен ғана айналысқан әкімдер болған. Саясаткер Се­рік Әбдірахманов сон­дық­тан да “әкімшік жебірлер” деп жар салатын. Әрине, әкімнің де әкімі, азаматтың да азаматы бар. Ұлт­жан­дылық ұлағатын ұстанып келе жатқан Серік Әбікенұлы туралы ешкім қиянат сөз айта алмайды, айтып көрген де емес. Мұның сыры тек­ті­­лікте, жүректегі иман­ды­лық­та, жұрт алдын­дағы, Елбасы алдындағы жауапкершілікте жатыр. Алматы облысына Серік Әбікенұлы екі рет әкім болды. 1996 жылдардағы экономика тұралап тұрған кезде облыс басшысының тізгінін ұстады. Экономикалық тығырыққа қарамастан, рухани сұраныстардың жолын іздеді. Оны тапты да. Ол халықтың рухын көтерудің бірден-бір жолы тарихи сананы түзетуге негізделді. Қазақ түгі жоқ халық емес, барын түгендей алмай жүрген ұлт екенін білді. Сондықтан да бабалар рухын жаңғыртты. “Әруақты жерден ат үркеді” дегенді ұстанды, осылай бабалар рухын тірілтіп, ондаған тас мүсіндірге жан бітірді. Саясаттың көзге көріне бермейтін тұстары болады. Осындай сәттерде адамның бойындағы тамаша қасиеттер танылады. Болмаса, біреулердің жүрегіне шемен болып қатып, саясаттың көлеңке жағына шығып, оппозицияның туына айналғысы келетіндер де табылады. Осындай жағдай Серік Үмбетовтің басында да болды. Замандас ағасы Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділов Алматы облысының әкімдігі қызметін қалады. Жанды жаралайтын тұс. Ат-тонын ала қашып, байбалам салған топтың арасына Серіктің де кетуіне болатын еді. Бірақ осы тұста Серік Әбікенұлының саяси тұлғасын аспандататын сәт туды. Әрине, мен екі саясаткердің арасында қандай әңгіме болғанын білмеймін, білетінім мынау ғана. Серік Әбікенұлы басқа жұмысқа сұранбай-ақ, ауыспай-ақ, басшының орынтағын босатып берді де, оның бірінші орынбасары болып, жақсысын асырып, жаманын жасырып, сыйластықпен жұмысын жалғастырды. “Бәрекелді” десті көпшілік, “жарайсың” деді жамағат, “адалсың” деді ағайын. Кейін Зақаң басқа жұмысқа ауысып бара жатқанда, Серік Әбікенұлын қайтадан Алматы облысы әкіміне қою туралы ұсыныс беріпті деседі. Сыйластық деп осыны айт. Дәл осы кезеңде Серік Әбікенұлымен көбірек көрісіп, көбірек сырласып жүрдім. Ол кезде “Егеменде” басшы қызметте едім. Бірде Алматы облысында ат жарысы болып, сол туралы мақалада сын айтылған-ды. Ұмытпасам, аламан бәйге тым ұзаққа шабылып, бір жүйрік ат өлді делінген. Мақаланы жазған белгілі атбегі еді. Таңертең телефон шалынды. Трубкада Серік Әбікенұлы. – Уәке, қиянат мақала қалай шығып кеткенін байқай алмадыңдар ма? Аламан бәйгеде ешқандай жүйрік шығыны болған жоқ. Қалыптасқан дәстүр бойынша өтті. Бұл қазақтың әшейінгі жатыпатар бақталастығының белгісі ғой. Тым болмаса маған телефон шалып, ақ-қарасын анықтап алуға болар еді ғой. – Таңертең облыс әкімімен хабарласқанмын. Зақаң бұл туралы ештеңе демеді ғой... – Облыс әкімінің беделі – менің де беделім. Облыстың беделі – біздің де бедел. Тексертіп, анық-қанығын оқырмандарға жеткізу керек... Серіктің сөзі жанды жерге тиді. “Қиянат кетпесін” дейді. Осылай мақалада келтірілген деректер қайта тексерілді. Газет ақиқат айтылған басқа мақала жа­риялады. Атбе­гілер пікірлері жарық көрді. Қазір осы ма­қа­ланы жазып оты­рып, сол сәтті көз алдыма елес­тетіп отырмын. Серік Әбікен­ұлының үндемей де қа­луы­на бола­тын еді ғой. Осыдан кейін Серіктің тұлғасы мен үшін бұрынғыдан да биіктеп кетіп еді. ...Жамбыл облысының әкімі болған кезде де Серік Әбікенұлын қордаланған көп мәселе күтіп тұрды. Жаңатастың жаңғырығы жер жарған кез. Бірақ іскер басшы қиюы кеткен мәселелердің орайын келтірді. Ірі-ірі нысандар бой көтерді. Қажыгелдин саясатының “құрбаны” болған 200 кітапхана қайта қалпына келтірілді. Тараздың 2000 жылдық мерекесі ерекше, ұлттың басын біріктірген ірі салтанат ретінде атап өтілді. Ың-шыңсыз “ішіп қойды, жеп қойды” деген айып сөзсіз өткен мереке белгісіндей Бәйдібек баба ескерт­кіші қазір де ел еңсесін көтеріп тұр. Жігіт қиындықта сыналады. Жамбыл облысындағы Құлан ауылындағы зілзала орасан қиын­дық әкелді. Осындай ел басына күн туған кезде Серік Әбікенұлы бел шешіп төсекте жатпады. Апаттың зардаптарын жою жөніндегі жұмыстарды өзі басқарды, өзі күн-түн апат аймағының ортасында болды. Жылағанды жұбатты, қиналғанға қолұшын берді. Кейін Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі қызметіне тағайындалған кезде қалың елдің игі-жақсылары ақ батасын беріп, ақ жол айтысып шығарып салды. Министрлік қызметте де Серік Әбікенұлының жақсы істері, ұйымдастырушылық қасиеті, ұлтжан­дылық ұлағаты айқын көрінді. Астанаға жүздеген керуендер ағылды, киіз үйлер тігілді, қымызханалар пайда болды. Астаналықтардың ас мәзіріне қымыз бен қымыран, бауырсақ, ірімшік, құрт енді. Облыстар өз өнімдерін тікелей сату құрметіне ие болды. Қазір Астана сәнді. Бірақ Серікпен бірге келген дәстүр Серікпен бірге кетті. Өкінішті. Серік Әбікенұлының Алматы облысының тізгінін қайта ұстағанына да біршама уақыт өте шығыпты. Қазір облыс орталығы Талдықорған жасара, жақсара түскен. Мұз айдыны салынып жатыр, Достық үйі мен Тілдер үйі бой көтерді. Серік Әбікенұлы басқарып отырған Алматы облысы экономика, әлеуметтік салада іргелі облыс­тардың санатына қосылды. 44 балабақша мемлекет меншігіне қайтарылды. 2005 жылы облыстық бюджет есебінен 4 ауылдық аурухана, 31 жеңіл жәрдем пункті ашылды. Ауыл медицинасы үшін 130 автомобиль көлігі бөлінді. Ауыл мұғалімдеріне коммуналдық қызметті төлеуге арнайы қаржылық көмек көрсетіле бастады. Бірақ халықты тағы бір сын күтіп тұр еді. Қызылағаш ауылы су қоймасы апатының астында қалды. Адам шы­ғынына жол бе­рілді. Қызылағаш апатының шын­дығы мен қауе­сеті көп болды. Серік Әбі­кен­ұлы тағы да сын тезінен өт­ті. Өтірігі мен өсегі қатар жүр­ген ақ­па­рат жан-жақ­тан жауып жат­ты. Кейбір бұ­қа­ралық ақ­па­рат құралдары адам өлімі 300 адамнан артып жығылады, оны Үкімет те, әкімдік те жасырып отыр деп жар салды. Осындай сәтте Серік Үмбетовтің сабырлы да салмақты сөзі қызылағаштықтарға дем болды. Штаб отырысын күн демей, түн демей өзі басқарды. Қазір Қызылағаш жарасы әлі жазыла қойған жоқ. Бірақ жылаған халықтың да, қамыққан әкімнің де бетіне өң кіре бастағандай. – Халайық, бүгін Наурызды сіздермен бірге қарсы алуға келіп отырмыз. Депутаттар да осында. Айтыңыздаршы, қайсыңыздың үйіңізде құрбан болған адамдар ізделінбей, аршып алынбай жатыр, – деп еді сонда Серік Әбікенұлы қызылағаштықтарға. Журналистер де жеткілікті-тін. Ешкім ләм-мим деген жоқ. Бәрі Елбасына, Үкіметке, әкімге рахмет жаудырды. Осыдан кейін баспасөздің ақпараты да өзгерді. Уәделі уақытта ондаған отбасылар жаңа үйлерге кірді. Қызылағаш ауылының шаңырағынан түтін аспанға көтерілді. Тіршілік жандана бастады. Өмірге іңгәлап жас сәбилер келді. Тәубе! Қызылағаш қайтадан құтты мекенге айналып келе жатыр. ...Өткен жылдың тамыз айының ортасы еді. Сайлаушылармен кездесу алдында ұлтым десе ішкен асын жерге қоятын Алматы облысының әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетовтің алдына барып едім. “Алматы­ның түбін шиырлай бермей, алыстағы Алакөл, Сарқан, Ақсу аудандары халқымен жүздескенің жөн болар, – деп Секең кеңес берді. – Депутаттар ол ау­дан­­дарға көп бара бермейді, табыстары да, пробле­малары да баршылық. Ойға ой қосатын шаралар қажет болса, қайтарыңда соғып, айта кет”. Осы кезде телефон шылдыр ете түсті. “Ғафу ет” дегендей, Секең ым қақты да, телефонның құлағын көтерді. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін, түрі өзгеріп сала берді. Дауысы қатқыл әрі ренішті шықты. “Сен не деп тұрсың? Жәкеңнің ауылы тұрғанда табиғи газды менің ауылы­ма тартам дегенің не? Тоқтат, газ ең әуелі Жам­был бабамыздың ауылына жетуі тиіс. Бүкіл аудан газ­бен қамтылады, сол кезекпен менің ауылыма да барады...”. Иә, қазір көгілдір отын ақын баба ауылында маздап жанып тұр. “Әкім бол, халқыңа жақын бол!” деген осы. “Төрге шықса күн дейтін, төменге түссе күн­дейтін” адамдар жоқ емес. Бірақ аққа құдай жақ дейді. Президент командасының белі қайыспайтын қара нары Серік Әбікенұлы Үмбетовтей тұлғалар көбейген сайын ел де, жер де көгере бермек! Лайым, солай болғай... Уәлихан ҚАЛИЖАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.