Шаруашылық • 18 Маусым, 2024

Қостанайда көктемгі егіс науқаны аяқталды

46 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Астықты өңірдегі ең маңызды шар­уа – көктемгі дән егу жұ­мыс­­тары бітті. Биыл алқап­­та ылғал мол. Мамандар топы­рақ­қа түскен тұқымның өніп-өсіп, көтерілуіне қажетті нәр жеткі­лікті деп отыр. Ең бастысы, ылғал­дың нағыз керек шағы – маусымның аяғы мен шілде айы жаңбырлы болса игі. Бұл уақытта бір бүркіп өткен бұлттың өзі тамыры жер бауырына жабысқан дәнге дәрмен беріп, диқанның жанын жадырата түседі.

Қостанайда көктемгі егіс науқаны аяқталды

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ауа райы алаңдатады

Әйтеуір, шаруаның көңілінде күдіктен гөрі үміт басым. Алайда биылғы жаз құрғақ болады деп жорамалдаушылар бар. Олардың сөзін синоптик мамандар да кесіп айтып, жоққа шығара алмай отыр.

«Қазгидрометтің» өзі ұзақмерзімді болжам бере алмайды. Олар соңғы 20-30 жылдан бергі ауа райы мәліметтерін талдап, орташа болжам шығарады. Мысалы, маусым айында оңтүстік аудандарда ылғал мөлшері 1 мм-ге кем болады деп болжаған. Оның өзі қазіргі ауа райымен сәйкес келмейді. Өйткені облыстың оңтүстіктегі аудандарында жаңбыр жиілеп тұр. Жалпы, синоптиктердің айтуынша, үш күннің ауа райын – 70%-ға, бір аптаның ауа райын 30%-ға дәл беруге болады. Сондықтан «Қазгидромет» бізге өз болжамын үнемі кеңес түрінде ғана деп жібереді. Дегенмен биылғы жаз егін үшін қолайлы болады деген үміт бар», дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Кенжеғозы Жұманов.

 

Мемлекеттің қолдауы сенім береді

Көктемгі егіс науқаны толық аяқталды деп мәлімдеген облыс­тық Ауыл шаруашылығы бас­қармасының ақпарына сүйенсек, биыл астықты өңірде 5,1 млн гектар алқапқа тұқым себілген. Дәнді және дәнді-бұр­шақты дақылдың көлемі – 4,3 млн гектар. 750 мың гектар жерге май­лы да­қыл себілді. Биыл науқанға 1 300-ден астам жоғарғы қуат­ты дән сепкіш кешен, 20 мың тұқым сепкіш техника қатысқан.

«Былтыр 514 200 тонна тұқым қоры дайындалды. Оның 67%-ы – 1-ші, 21%-ы – 2-ші, 11%-ы – 3-ші сұрыпты тұқым. Мұның сыртында, біз 45 мың тонна бірінші репродукциялы элиталық бидай тұқымын дайындадық. Көктемгі науқан кезінде шаруаларға мемлекет тарапынан жеткілікті түрде көмек пен қолдау көр­сетілді. Мысалы, көктемгі егіс жұ­мыстарына жеңілдетілген бағамен 79 600 тонна дизельді отын бөлінді. 1 литрі 250 теңге болатын бұл жанармай нарықтағы бағадан шамамен 40-50 теңгеге арзан. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы – 32 млрд 500 млн теңге шамасында, «Азық-түлік корпорациясы» арқылы 13 млрд теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. Қазір шаруашылықтар «Кең дала» бағдарламасы аясында жазғы өңдеу жұмыстары мен күзгі егін жинау науқанына арналған мемлекет көмегін тағы алып жатыр. Бұған қоса, пестицидке, тыңайтқышқа, сондай-ақ жоғарғы репродукциялы, элиталық тұқым сепкен шаруашылықтарға субсидия беріледі. Мысалы, шаруа тыңайтқыш сатып алса, оның 50%-ын мемлекет төлеп береді. Ал Ақтаудағы «ҚазАзот», Тараздағы «Қазфосфат» тәрізді өзіміздің за­уыттардан тыңайтқыш сатып ал­ған диқандар алған тауарының 40%-ын ғана өзі төлейді. Қал­ған 60%-ы мемлекет қаржысы есебі­нен төленеді», дейді Кенжеғозы Жұманов.

Биылғы науқан оңайға түскен жоқ. Өйткені былтыр шілденің ортасынан желтоқсанға дейін жауған жаңбырдың салдарынан шаруашылықтардың дені сапасыз өнім алды. Мұның арты диқан­ның қаржылық мүмкін­дігінің шектелуіне әкеп соқты. Дегенмен шаруалар мемлекет демеуінің арқасында бұл қиындықты да абыроймен еңсеріп шықты.

Қарасу ауданындағы «Кемел-Қарасу» серіктестігі биыл 8 мың гектар алқапқа дән екті. Көк­темгі науқанды кешірек бастаған шаруашылық алқаптағы жұмысты аптап басталмай жатып дер кезінде аяқтап үлгерді.

 

Су тасқыны қанша гектар алқапты шайып кетті?

«Науқанды кеш бастауымызға ылғалдың молдығы себеп болды. Алқапқа техниканы уақтылы шығара алмадық. Топырақ дегдісімен арамшөп қаптап кетті. Сондықтан тұқым сеппей тұрып топырақты алдын ала қопсытып, өңдеп алуға тура келді. Мұның сыртында, су тасқыны салдарынан бірсыпыра шаруашылықтың 5-6 мың гектар алқабын су басып қалды. Біздің жалпы көлемі 300-400 гектар болатын 4 алқабымыз су астында қалды. Биыл біз бұл алқаптарға тұқым сеппейміз. Жер құрғаған соң, жыртып, өңдеп, келесі жылы бір-ақ игереміз. Ең бастысы, биыл топырақ құрамындағы ылғал қоры жеткілікті. Сондықтан биыл жақсы өнім аламыз деп ойлаймыз», дейді шаруашылық агрономы Александр Ласкавый.

Тасқын судың салдарынан кейбір шаруашылықтарға тиесілі егіс алқабының біраз бөлігі көлге айналған. Бірақ диқандар мұндай алқаптың дер кезінде дегдімеуі секілді жағдайлар жиі кездесетінін, одан шаруашылыққа айтарлықтай шығын келе қоймайтынын айтып отыр. Мысалы, Қарасу ауданындағы «Қарасу-Астық» компаниясы биыл 90 мың гектар алқапқа дән сепкен.

«Біз жылда егіс науқанын сәуір айының 25-27-ісінде бас­тап кететінбіз. Биыл ылғал мол, жауын көп болғандықтан шыға алмадық. Былтыр күзде жаң­быр мол, қыста қар қалың болды. Осы көктемде де су көп келді. Кейбір мамандар 1 центнер бидайға 15 мм жаңбыр жетеді деп есептейді. Ал біздің ауданға былтыр қыркүйектен бастап, мамыр айына дейін 11 мм ылғал түсті. Осы жағдайды, оған қоса алқапты арамшөпке қарсы өңдеп, тыңайтқыш сепкенімізді ескерсек, күзде бір гектар алқап шамамен 20-21 центнер өнім беруі мүмкін. Былтыр өте ауыр жыл болды, жаңбыр толастамай, бидайдың сапасын түсіріп жіберді. Бірақ тұқымның 70%-ын дер кезінде жинап алдық. 30%-ын элиталық тұқым сатып алу арқылы толтырдық. Алайда су тасқыны салдарынан логистика мәселесі күрделеніп кетті. Тұқым, жанармай әкелу, адам тасу, оларға ас-су жеткізу жағы қиын болды. Көп жерде су жатқандықтан айналып жетуге тура келіп, жолымыз 2-3 есе ұзарды. Жаңбыр да жиі жауып, кедергі келтірді. Жанармай жеткілікті болды, тыңайтқышты да дер кезінде әкеліп отырдық. Біздің шаруашылықта биыл 5-6 мың гектар алқап судың астында қалды. Ол су биыл кетпейді. Мұның сыртында, 2-3 мың гектар шабындығымыз да суда қалды», дейді шаруашылық басшысы Серік Дәрібаев.

 

Шаруаның жауы – шегіртке

Жалпы, облыстың оңтүстік өңірлеріндегі шаруаларды енді үйірлі шегірткенің көбеюі мен алқапқа жақын жерде жүрген киіктер алаңдатып отыр. Қамыс­тылық шаруа Қайрат Өтепов биыл 20 мың гектар ал­қап­қа дән еккен. Оның дені – би­дай, азын-аулақ мақсарысы бар.

«Үйірлі шегіртке Торғай жақтан келіп, біздің ауданның шетіне кірді дегенді естіп жатырмыз. Қазір жергілікті атқарушы билік пен аумақтық инспекция мамандары жаппай дәрі шашу, улау жұмыстарын жүргізіп жатыр», дей­ді шаруа. Науырзым ауданына қа­расты Өлеңді ауылындағы ша­руа қожалығының басшысы Дми­трий Исаевтың айтуынша, Буре­вестник жағында үйірлі шегіртке пайда болған. Алқапқа кимелеп киік кіріп кетіп жатқан көрінеді.

«Жыл егіншілікке өте қолай­лы болып тұр. Сондықтан жақсы өнім аламыз деген үміт бар. Бірақ киік көп, оның үстіне іргеміздегі Буревестниктен үйірлі шегіртке шығып, қазір улау жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыс сапалы жүргізілсе, ол біз жаққа жетпейді деген ойдамыз», дейді диқан.

Фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін облыстық аумақтық инспекцияның мәлі­метінше, биыл үйірлі шегірт­ке таралуы мүмкін 4,9 млн гектар жерге мониторингтік іс-шаралар жүргізу жоспарлан­ған. Зиянды және аса зиянды организмдерге қарсы фитосанитарлық мониторинг жүргізуге 129 зерттеуші маман тартылады.

Ал дән егіп біткен шаруалар бір дем алып, көп ұзамай қысқы мал азығын дайындауға, алқапты арамшөпке, зиянкес­тер мен түрлі өсімдік ауруларына қарсы өңдеуден өткізу жұмыстарына кіріседі.

 

Қостанай облысы