Шаруашылық • 18 Маусым, 2024

Балыққа да бап керек

99 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

2021-2030 жылдарға арналған бағдарламаға сәйкес Есіл бассейнін­де 402 балық шаруашылығы ұйымдастырылуға тиіс. Ал былтыр 2 369 тонна тауарлы балық өсіру көзделсе, бұл жоспар 115,5 пайызға орындалған.

Балыққа да бап керек

Алдымен балық өсіру мүмкіндігі туралы жан-жақты айта кетуіміз керек. Көкшетаудан Қорғалжынға дейінгі кең көсілген далада су айдындары көп болғанымен, балық өсіру мүмкіндігі шектеулі. Себеп, дені далалық көл. Оқырманға түсінікті болуы үшін далалық көлдің әдетте тайыз болатынын айта кеткен жөн. Қысы қатты жылдары көл табанына дейін қатып қалып, бар балық қырғынға ұшырауы әбден мүмкін. 1959 жылы жарияланған «Тың аймағындағы жерүсті су қорлары» деп аталатын ғылыми еңбекте Көкшетау облысында үлкенді-кішілі 1 515 көл болғаны жазылған. Кейін әкімшілік-аумақтық өзгерістен соң қосылған Қорғалжын өңіріндегі күміс көлдерді есептесеңіз, көл саны әлдеқайда өсе түсер еді.

Бұрынғы Көкшетау аумағындағы көлдердің 1 320-ы – тұщы көл. Көл қадіріне жетпегендіктен көптеген су айдыны жылдар өте келе жер бетінен жоғалып кеткен. Тайыз көлдер былтырғыдай қуаңшылық, аптап ыстық жылдары табанына дейін кеуіп қалатын болып жүр. Оның үстіне, жағалауды басқан қамыс, қоға шіріп, көлдер қорысқа айналуда. Қорыс көлде балық түгіл бақа жүзбейді. Екінші топтағы таулы-қыратты аумақтағы көлдердің біршамасы терең әрі суы мол. Мұндай көлдердің қатарына Әулиекөл, Айнакөл, Зеренді, Шалқар, Имантау тәрізді көлдер жатады.

Өңірде балық шаруашылығын өркендету үшін су айдындары өз иелерін тауып, жалға беріле бастады. Көл иесіз жатқаннан қожайыны табылып, күтілгені әбден дұрыс.

– Су айдындарын ұзақ жылға табиғатты пайдаланушыларға бекітіп беру өте тиімді, – дейді «Есіл» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашев. – Көл иесіз қалмайды, балық бағып, еңбегін сіңіріп, сол еңбектің зейнетін көремін деп алға ұмтылған кәсіпкерлердің арқасында суық қолдың сұғынан қорғалады. Келісімшартқа сай көл маңын тазалап, күтеді. Табиғат пайда­ланушылар өз істеріне зор жауапкершілікпен қарап, жемісті жұмыс істеген кезде игілігін ел көретін болады. Осы арада бір мысал келтіре кетейін. Табиғат пайдаланушы Ерлан Мұқанов облыс орталығына жақын жердегі су айдынында балық өсіріп, қала тұрғындарына қызмет көрсетпек. Ақ айдынның жағасына келіп, белгіленген тәртіп бойынша балық аулап, игілігін көрген жұрт тек алғысын ғана айтары анық.

Табиғат пайдаланушыларға мемлекет тарапынан айта қаларлықтай көмек-қолдау көрсетіліп жатыр. Осының арқасында өсірілген балық көлемі де арта түскен. Жыл басынан бері 524 тонна тауарлы балық өсірілген. Бұл – жалпы көлемнің 19 пайызы. Есіл бассейнінен өткен жылдың сәйкес мерзімінен бастап, осы жылдың 1 шілдесіне дейін 1 326,78 тонна балық аулауға лимит бөлінсе, іс жүзінде 1 280 тонна балық ауланып, жоспар 93 пайызға орындалды.

Өткен жылы көлдерге дернәсіл жіберу жұмысы да біршама тыңғы­лықты атқарылды. Мемлекеттік тапсырыс пен мемлекеттік сатып алу тәртібімен Есіл бассейнінің су көздеріне 35 миллион 500 мың ақ балық, 1 миллион 820 мың тұқы, 13 миллион 139 мың дана пелядь балығының дернәсілі жіберілген. Одан өзге 29 720 дана күміс тұқы, 25 892 дана ақ амур дернәсілдері де тоғытылды. Осылайша, Көкшенің күміс көлдері балыққа байып жатыр. Бұл мақсатқа 38 миллион 198 мың теңге қаражат жұмсалған. Таби­ғат пайдаланушылар 159 миллион 441,804 мың дана әртүрлі балық дер­нә­сілін әкелген. Инспекция өз тарапынан табиғат пайдаланушыларға қолданыстағы заң шеңберінде көмек-қолдауын көрсетеді. Құжаттарды дұ­рыс толтыруға көмектесіп, бекітілген келі­сімшарт бойынша шаруаны қай бағытта өрістету керегін айтып, бірлесе іс­теген істің берекесін арттырып келеді.

Жоғарыда айтқанымыздай, бас­ты қиындықтың бірі – көл тайыз­дығы. Өткен қыста көлдегі балық­ты аман сақтау үшін 56 706 мұз ойығы жасалған. Бұл шаруаға 507 адам қатысып, 7 296 техника жұмыл­дырылған. 2023 жылы 85 заңды және жеке тұлға әртүрлі сауал бойынша мәселе көтерген болатын. Олардың да сын-ескертпелері назарға алынды. 65 рет облыстың елді мекендерінде көшпелі кеңес өтіп, шаруаға қатысты мәселелер талқыланған. 

Табиғат пайдаланушыларға қада­ғалау күшті. Айталық, өткен жылы міндеттемесін орында­маған жеке кәсіпкерлермен және жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестіктермен келісімшарт үзілген.

Бұл тараптағы түйінді мәселенің бірі – дернәсіл. Сонау 1969 жылы Көк­ше­тау қаласындағы балық зауы­ты­ның еншілес кәсіпорны ретін­де салынған, Зеренді көлінің жағасын­дағы тұқымбақтың жағдайы туралы көптен айтылып келеді. Алғаш­қы жыл­­дары ақсақа тұқымдас балық­тар­­дың 80 миллионға жуық, тұқы балық­тарының 20 миллионға таяу дернәсілін шығаруға мүмкіндігі болған. Сол кезде Арқаның жүздеген көлін дернәсілмен қамтамасыз етіп, дәуірлеп тұрды. 1994-2002 жылдары тұқымбақтың шаруасы қожы­рай бастады. Дернәсіл өсіріп, көлдер­ді балықтандыру мәселесі сын көтер­меуге айналды. Тұқымбақтағы аса қа­жетті, қымбат құрал-жабдықтар та­лан-таражға ұшырады. 2002 жылы т­ұ­­қым­бақ «Көкшетау» мемлекеттік ұлт­­тық табиғи паркінің балансына беріл­­ді. 2014 жылдан бастап облыстық та­би­ғи ресурстар және табиғатты пай­да­лануды реттеу басқармасының құ­зы­рында. Қазір Көкшетау төңірегін­дегі су айдындарына тауарлы балық дер­­нәсілдері Ресейден жеткізіліп жатыр.

– Тұқы тұқымдас балықтар да қажет, – дейді табиғатты пайдаланушы кәсіпкер Ерлан Мұқанов. – Негізі тауарлы балық шаруашылығын мейлінше дамытқан жөн. Әсіресе ақсақа тұқымдас балық қымбат. Осы орайда, іргедегі Ресейден дернә­сілдерді жеткізудің бірқатар маша­қаты да бар. Тағы бір түсініксізі – Ресей тұқымбақтарында дернәсілдердің бағасы біздегіден әлдеқайда арзан. Осы арадағы баға саясаты түсініксіз.

Қазір «Есіл» облысаралық бас­сейн­дік балық шаруашылығы инс­пек­циясының ұжымы көлдерді ба­лық­тандырып, игілікті молайту бағы­тында ыждаһатты жұмыс істеп жатыр.

 

Ақмола облысы