Жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру жүйелі жүргізіліп келе жатқанын атап өтті. Осыдан 2 жыл бұрын 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100 пайыз қамтамасыз етілген болатын.
«Өткен жылы салаға 513 млн теңгеге 25 жаңа санитарлық автокөлік табысталса, биыл барлық елді мекендегі денсаулық сақтау мекемелеріне 200 санитарлық автокөлік алынады. Соның алғашқы легін бүгін табыстасақ, қалған 150-і жыл соңына дейін беріледі. Осылайша, биыл елді мекендерді санитарлық автокөлікпен қамту мәселесін түбегейлі шешеміз», деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Ел саулығын сақтауға еңбек етіп жүрген әріптестерін кәсіби мерекемен Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығының басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов құттықтап, сала ардагері Тұрғанбай Маханов бата берді.
Биыл өңірдің медицина саласында ауқымды жобалар бар. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 11 млрд теңге болатын 27 нысан салу көзделген. Өткен жылы елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет пайдалануға берілді. Қалған 11 нысан жыл соңына дейін халық игілігіне табысталады.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Қызылорда қаласының Досан елді мекенінде медициналық бекет, Баймұрат батыр ауылында дәрігерлік амбулатория қолданысқа беріліп, көпті қуантты. Көпбейінді облыстық ауруханада жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Облыс орталығында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатыр.
Осы кезге дейін Қан орталығының жеке ғимараты болмаған еді. Құрылысына республикалық бюджеттен 2 млрд 900 млн теңге бөлініп, қаланың сол жағалауынан салынып жатқан орталық ғимараты жақын күндері ел игілігіне беріледі. Жергілікті бюджет есебінен 922 млн теңгеге Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсектік ауылдық аурухана салынып жатыр. Шиелі ауданында да 30 төсектік инфекциялық бөлімше құрылысы басталады.
Аймақ медицинасын дамытуға бюджеттен тыс қолдау аясы да артып отыр. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 2 млрд теңгеден астам қаржы бағыттапты. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитация орталығы ашылып, аса қымбат дәрі-дәрмек алынды. Қор облыстық онкология орталығын 1 млрд 100 млн теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті. Мамандар қазір республиканың 3 өңірінде ғана кездесетін кешеннің бірімен облыстың шалғай елді мекендерін аралап, 1 300-ден астам тұрғын онколог кеңесін алды.
Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін мамандар біліктілігін арттыру да маңызды екені белгілі. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, биыл 10 реаниматолог және 5 кардиолог маман Түркияда жетекші медициналық ұйым саналатын «Мемориал» клиникасында білім жетілдіріп келді. 2018 жылдан бүгінгі күнге дейін сұранысқа ие мамандықтар бойынша 155 резидентке, 162 жалпы тәжірибелік дәрігерді даярлауға облыс әкімінің арнайы гранты бөлінiп, 2023 жылы 590 дәрігер, 738 орта буынды медицина қызметкерлері біліктілігін арттырыпты. Биыл Сыр дәрігерлерінің еліміздегі алдыңғы қатарлы медицина орталықтарымен қатар, шет елдерде де біліктілігін арттыру көзделіп отыр.
Жыл көлемінде хирургиялық сала бойынша 14 шеберлік сағаты өткізіліп, 21 түрлі операция жаңадан енгізілдi. Араға 9 жыл салып бүйрек трансплантациясы операциясы жасалды.
Қызылорда