Қазіргі таңда аталған мектеп қабырғасында 1-11 сыныптар бойынша 604 оқушыға 86 педагог білім береді. 3 мұғалім магистр, 77 мұғалім жоғары білімді, 6 мұғалім-арнаулы орта білімді десек, оның ішінде 23 мұғалім педагог-зерттеуші, 18 оқытушы педагог-сарапшы, педагог-модератор санатында 19 мұғалім бар.
– Мектебіміздің республика бойынша «Үздік ауыл мектебі» қатарына қосылуы біз үшін үлкен жетістік және өте қуанышты жаңалық. Мектебіміздің тарихында алғашқы рет осындай жетістікке қол жеткіздік. Оқушыға сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісін жаңа талап тұрғысынан оңтайландырып, әрі қарай жұмыс істей береміз. Шәкірт жетістігі – ұстаз мерейі. Бұл жетістік бізге шабыт сыйлады. Әрі қарай еңбек етуге жігерлендірді. Мектебімізде әлі де талай дарынды оқушыларымыз бар. Соларға зор үміт артамыз, – деген М.Атымов атындағы №6 жалпы білім беретін мектеп директоры Айтбибі Ұлықманова мектептің айтарлықтай жетістікке жетуіне бірден-бір себепші болып отырған ұстаз деп әріптесі Алмажан Құрашова Өтесбайқызына алғысын жеткізді.
М.Атымов атындағы орта мектеп оқушыларының сайыстан жүлдесіз оралуы сирек. Бірқатарына тоқталсақ, ауыл балаларына арналған «Ауыл олимпиадасының» облыстық кезеңінде орыс тілі пәні бойынша 10-сынып оқушысы Жанбота Мақсат 3-орын алып, қола медаль иегері атанған. Ал қазақ тілі пәні бойынша 10-сынып оқушысы Дидар Биғали 3-орын, қола медаль иегері, физика пәнінен 9-сынып оқушысы Назипа Жолдас 4-орын дипломымен марапатталған. Сондай-ақ 2023-2024 оқу жылы бойынша ауыл балаларына арналған «Ауыл олимпиадасының» республикалық кезеңі бойынша қазақ тілі пәнінен 1-орынды «Алтын алқа» иегері Нұрсәуле Жүсіп иеленіп, Халел Досмұхамедұлы атындағы педагогикалық университетінің грантын ұтып алды. Осылайша, мектептің мақтанышы болған Нұрсәуле биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуден 137 балл жинап, облыс мақтанышына айналды.
Терең білім беруді басты мақсат еткен М.Атымов атындағы орта мектептен ел болашағына білімді, білікті жастар дайындала береді деп сенеміз.
Маңғыстау облысы