Сенат • 18 Маусым, 2024

Сенатта ғылыми әлеуетті арттыруды көздейтін заңдар талқыланды

73 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста ғылым және технологиялық саясат жөніндегі мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіруге бағытталған заңдарды талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатта ғылыми әлеуетті арттыруды көздейтін заңдар талқыланды

Фото: А.Байжұманов

«Ғылым және технологиялық саясат туралы» және оған ілеспе «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және технологиялық саясат, платформалық жұмыспен қамту және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарда ғылымды басқару үлгісін жетілдіруге, Ғылым қорының қызметін реттеуге, Ұлттық ғылым академиясының құқықтық мәртебесін айқындауға бағытталған құқықтық ережелер көзделіп отыр. Заңдарда одан басқа ғылыми инфрақұрылымның негізгі элементтері, ғылыми ұйымдарды қаржыландыру тәртібі, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілеріне олардың ғылыми және ғылыми-техникалық қызметінің нәтижесін коммерцияландыру бағдарламаларын іске асыруға жәрдемдесу шаралары айқындалады.

Парламентшілер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР-ның Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР-ның Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» ҚР-ның заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР-ның заңын да қарады. Құжат ғылымды дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға, ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижесін коммерцияландыру жобасына берілетін жеке инвестицияға салықтық және инвестициялық преференциялар беруге бағытталған.

Сенаторлардың айтуынша, заңдарды қабылдау ғылымның экономиканы дамытуға қосқан үлесін жақсартуға және елдің ғылыми әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңдарды Палата отырысында қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.