Кеше ғана республикадағы үздік он ауыл мектебінің бірі болып танылған М.Атымов атындағы мектептің түлегі Нұрсәуле Жүсіп 2022-2023 оқу жылында «Жарқын болашақ» олимпиадасы мен «Білгірлер сайысы» аталымында және республикалық Ауыл балаларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадасында топ жарды. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің «Үздік ауыл мектебінің оқушысы – 2024» атағы мен биылғы оқу жылында республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың республикалық кезеңінен екінші орын иеленді. Білім додаларынан жүлдесіз оралмаған оқушы үздік жетістіктері нәтижесінде, Атырау қаласындағы Халел Досмұхамедұлы атындағы педагогикалық университетінің оқу грантын ұтып алды.
Отбасындағы төрт баланың үлкені, яғни ата-анасының тұңғышы Нұрсәуле кішкентайынан өнерге, оқуға құмар болып өскен.
– Бес жыл өнер мектебінің домбыра сыныбында оқыдым. Оны үздік аяқтадым. Өлең жазғанды жақсы көремін. Сіңлілерім Жұлдызай мен Ұлдана да өнер мектебінің қолөнер сыныбында оқиды, – дейді Нұрсәуле. Жас түлек қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды мақсат етіп отыр.
ҰБТ-да жоғары балл жинап, Маңғыстау мектептерінің мерейін асырған Нұрсәуленің құрдастары аз емес. Соның бірі – Ақтау қаласындағы Тұтқабай Әшімбаев атындағы №11 лицейдің оқушысы Жансая Ахметова. Ол география-математика пәнін таңдап, ҰБТ-дан 136 балл жинады. Жансая математика пәні бойынша республикалық «Алтын түлек» олимпиадасының бірінші орын иегері. Сонымен бірге Әлихан Бөкейхан атындағы республикалық пәндік олимпиадасының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды. Ал Түпқараған ауданы Ақшұқыр аулындағы Ақшұқыр мектеп-лицейінің түлегі Аида Ермұқан информатика-математика пәнін таңдап, 134 балл жинады.
– Негізгі пәндерден тиісті ұпайдың барлығын жинаған түлегімізбен мақтанамыз. Осы тұста Аиданың математика пәнінен толық балды еншілеуінде математика пәнінің мұғалімі Өсер ағайының еңбегі ерекше екенін атап өткім келеді. Жыл басынан бері үнемі байқау сынақтарынан 120-дан жоғары балл жинап жүрген білімді түлегімізден келесі мүмкіндікте де жоғары нәтиже күтеміз, – дейді мектеп директоры Қаламқас Тілеубаева.
Құрбыларының жеңісті жолын Ақтау қаласында №12 мектептің оқушысы Мадина Рамазанова да жалғастырып, өзі таңдаған физика-математика пәні бағыты бойынша 128 балл жинады.
Өңірде ҰБТ әлі жалғасып жатыр. Түлектердің бағы жанып, білім шамшырағы маздай бергей.
Маңғыстау облысы