Семинарға 200-ден аса әдіскер, мектеп кітапханашылары, ғылыми-педагогикалық кітапхананың қызметкерлері, сондай-ақ ақын-жазушылар мен облыстық білім басқармасының өкілдері қатысты. Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және Қарағанды облысынан келген әдіскерлер мен мектеп кітапханашылары өздерінің жұмыс тәсілдерін көрсетіп, қызықты квест-ойындар өткізді. Сондай-ақ Абай өлеңдерін жатқа оқып, белгілі шығармалар желісі бойынша тапсырмалар орындады.
«Бүгінде әрбір адамның басты міндеті – сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Біз кітап оқу дағдысын балаларымызға сіңіруіміз керек. Мұны балабақшадан бастау керек», дейді Республикалық ғылыми-әдістемелік кітапхананың бас әдіскері Амангүл Ешімова.
Ал Абай, Алматы, Атырау, Жамбыл, Түркістан облыстарының әдіскерлері «Аты аңызға айналған Жасыбай көлінің жағасында кітап оқу» секциясында өз жұмыс тәсілдерін ортаға салды. «Ақбет тауының бөктеріндегі Торайғыр көлінің жағасында кітап оқу» секциясында Батыс Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Жетісу, Ұлытау, Қызылорда, Павлодар облыстарынан келген әдіскерлер мен кітапханашылар кітапхана жұмысында жаңа технологияларды қолдану әдістерін көрсетті.
Семинарды қорытындылау кезінде әр өңірден келген үздік кітапханашылар тобы көрсеткен жұмысының бағасы беріліп, дипломдармен марапатталды, ал қатысушыларға сертификаттар табысталды.