Аймақтар • 19 Маусым, 2024

Қара Ертіске бекіре жіберілді

107 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңір басшысы Ермек Көшербаев пен «Оst Fish» ЖШС бас­шылығының арасындағы кездесуде Зайсан-Ертіс бас­сейніне бекіре балығын жіберу жөнінде ұсыныс айтылған. Өткен ап­тада бұл іс жүзеге асып, Қара Ертіске Сібір бекіресі жіберілді. Айта кетейік, ерте кезде Қара Ертісте бекіре балығы мекен еткен.

Қара Ертіске бекіре жіберілді

Зайсан көлі мен Қа­ра Ертіс өзенінің эко­жүйесі үшін маңызы зор шараға Шығысқа жұмыс сапарымен келген экология министрі Ерлан Нысанбаев та қатысты. Балықтандыру жұ­мысын облысымыздағы бекіре балығының уылдырығын және етін өндірумен айналысатын іргелі кәсіпорындардың бірі, бірегейі «Ost Fish» ЖШС қолға алған.

Аталған кәсіпорынның бас директоры Ерлан Сағидолдин Қара Ертіс өзеніне балық жі­беру шарасына атсалысқан азаматтарға бекіре тұқымдасты өсірудің ерекшеліктері, оларды қор­ғау, жергілікті экожүйені сақ­тау жөнінде тарқатып айтып берді.

см

– Біздің кәсіпорын бекіренің үш түрін өсіреді. Оның ішінде Сібір бекіресі де бар. Биыл көк­темде шаруашылығымызда тех­нологияны жаңарту жұмыс­тары жүргізілген. Соның нәти­жесінде жылына 500 мыңға жу­ық шабақ алуға болатындай инфрақұрылым құрылды. Енді шабақтарымызды Абай, Пав­лодар және Шығыс Қазақстан облыстарының су айдындарына жіберуді жоспарлап отырмыз, – деді кәсіпорын басшысы Е.Сағидолдин.

Оның айтуынша, бүгін Мар­қакөл мен Зайсан аудандарын бөліп жатқан Қара Ертіс өзеніне Сібір бекіресінің бір жасар 500 дарағы жіберілді. Балықтардың әрқайсысының салмағы 1,5 келіге дейін тартады. Демек оларға бұл суларды мекен ететін жыртқыш балықтардан келер қауіп жоқ.

Көппен бірге Сібір бекі­ресінің тарихи мекеніне оралуына куә болған Экология министрі Ерлан Нысанбаев: «Бұл  – өте құптарлық бастама. Себебі Сібір бекіресі Зайсан мен Ертісті ежелден мекендеген. Алайда өткен ғасыр­дың 50-60-жылдарындағы су электр стансаларының салынуы әдетте Сібір мен Алтай арасында өрлеп-құлдап жүретін балықтардың жоғары өрістеуіне тосқауыл болған. Енді, міне, бұл проблема да шешімін тапқан секілді.

Сібір бекіресін Зайсан бассейніне, Қара Ертіске жер­сіндіруді көздеп, бұл бағытта батыл әрекет еткен азаматтарға еңбектеріне тек сәттілік тілей­мін. Министрлік тара­пынан бұл бас­тамаға үн қо­сып, қолдау біл­діруге дайынбыз. Бұл бағыт­тағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады», деді.

Сонымен қатар сала басшысы қазір балық өсіремін деген шаруашылықтарға мемлекет тарапынан жан-жақты қол­дау болатынын айтып сен­дірді.

 

Шығыс Қазақстан облысы