Зиялы ортаға ғана емес, келешегіміз үшін де көкейкесті мәселе елімізге белгілі әдебиеттанушы, өнертанушы ғалымдар мен ЖОО мен ҒЗИ-ның докторанттары мен магистранттарын Алматыда өткен «Көркем әдебиет пен өнердегі адал, еңбекқор адам концепті» атты дөңгелек үстел айналасында тоқайластырды. Жиынды ҒЖБМ ҒК М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры Кенжехан Матыжанов жүргізіп, алдымен Абай ақын қастерлеген адамзаттық асыл қасиеттер қақында сөз қозғады.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдәулет Ақыш «Әділетті қоғам» деген ұғым мен «Адал адам» тіркесі лирикалық тұрғыдан бір-бірімен тығыз байланысты екенін алға тартты.
– Әділетті қоғамды жасайтындар – ең алдымен адал адамдар. Адал және еңбекқор жандар деп толықтыруымыз керек. Яғни адал адам еңбекқор болса, қоғамның әділетті нышаны күшейіп, жақсы сипаттары жарқырап, анықтала түспек. Президенттің қайта-қайта қадап айтып отырғаны сол. Қазіргі таңда оқырманды тарту үшін түрлі санаттағы қаламгерлеріміз түрлі тәсілдерге баруда. Соның ішінде алаңдататыны – қоғамды рухани-моральдық тұрғыдан былғайтын кейіпкерлер қатарының көбейе бастауы. Өкінішке қарай, қазылар алқасы мәселенің салдарын ескермей, сондай туындыларға басымдық беріп, бәйгелерді беріп жатады. Сондықтан кітап шығарушыларымыз, көркем әдебиетке, мемлекеттік деңгейде тапсырыс берушілерге қатаң талап қою керек. Талап қоюдың тұжырымдамасын жасап, бекітіп алғанымыз абзал. Кітап шығаруды бизнеске айналдырып алғандар оқырман тарту мақсатында аморальдық кейіпкерлерді сомдап, көркем туындының тәрбиелік қызметіне мән бермей жүр. Сол жағы қатаң ескерілсе деймін, – деді Нұрдәулет Ақыш.
Филология ғылымдарының докторы Қанипаш Мәдібаеваның баяндамасы «Көркем прозалардағы тарихи тұлғалар ғибраты» тақырыбына құрылды. Ал өнертану кандидаты Айнұр Қазтуғанова «Өнерге адалдық: шығармашылық тұлғалардың ұстанымы» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамашы ұшы-қиыры жоқ уақыттың бедеріндегі әлемдік тұлғалардың толайым жанкештілікпен, өнерге деген өлшеусіз адалдығымен тарихта қалғанын айта келе, әрісі ауыр дерті асқынғанына қарамастан 24 прелюдия жазған Шопенді, берісі күйші Дина, Роза Бағлановаларды мысалға келтірді. Айнұр Қазтуғанова осы тектес мысалдарды шығармашыл тұлғалардың өмірінен көптеп келтіре отырып, бәрінің астарында ерен еңбек жатқанын нақты мысалдармен дәйектеді.
Алқалы жиында филология ғылымдарының кандидаты Әлмира Қалиева «Жастар әдебиетіндегі адалдық концепті» тақырыбындағы баяндамасында: «1990-жылдан бері қарайғы отыз жылдан астам дәуірді шартты түрде «қазіргі қазақ әдебиеті» деп атап жүргенімізбен, осы бір тұтас кезеңнің арғы-бергі жылдарындағы әдебиеттің сипаты айтарлықтай өзгеріп үлгерді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы қазақ әдебиетінің үлкен бір саласын әлеуметтік тақырыпқа арналған туындылар құрайды. Нарықтық қоғамның қалыптасуы адамдардың сан-сезімінде де, көркем шығармашылықта да өз ізін қалдырды» дейді.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба және текстология орталығының директоры Жұмашай Рақыш фольклорлық шығармалардағы еңбек адамының бейнесін безбендеді. Жұмашай Сайлауқызы халық туындыларында адал еңбек тұжырымдамасын кәсіппен, маусымдық, отбасылық ғұрыптармен, магиялық түсініктермен, ежелгі дүниетаныммен (миф, хикая, ертегі, эпос) байланысты қарастырды.
Сол сияқты өнертану кандидаты Аманкелді Мұқан «Өнерпаз еңбегінің бағалану өлшемдері», филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Орда «Ұлттық әдебиеттегі еңбекшілердің адал еңбегі», филология ғылымдарының кандидаты Төрәлі Қыдыр «Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» еңбегіндегі «Кемел адам» тұжырымдамасы» тақырыптарында баяндама жасады.
Дөңгелек үстел – көркем шығарма мен өнердегі адал да еңбекқор адам тұжырымдамасын талқылау арқылы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұстанымын насихаттауды көздеді.
Алматы