Алматы • 20 Маусым, 2024

Елдің де, ердің де өлшемі – еңбек

259 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші жиы­нында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты қағидатын айқындап ұлт мәдениеті мен рухания­тына қатысты дүниелерге кеңінен тоқталды. Әсіресе Президенттің кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, заманауи үлгідегі кітапханалар салу туралы бастама көтеруі бекер емес. Бала кезден көркем әдебиетпен сіңетін ізгілік пен адалдық, таза еңбек бүкіл өміріңе ілесе келе, абырой төріне шығаратыны даусыз.

Елдің де, ердің де өлшемі – еңбек

Зиялы ортаға ғана емес, келешегіміз үшін де көкейкесті мәселе елімізге белгілі әде­биет­танушы, өнертанушы ғалымдар мен ЖОО мен ҒЗИ-ның докторанттары мен магистранттарын Алматыда өткен «Көркем әдебиет пен өнердегі адал, еңбекқор адам концепті» атты дөңгелек үстел айналасында тоқайластырды. Жиынды ҒЖБМ ҒК М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры Кенжехан Матыжанов жүргізіп, алдымен Абай ақын қастерлеген адамзаттық асыл қасиеттер қақында сөз қозғады.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдәу­лет Ақыш «Әділетті қоғам» деген ұғым мен «Адал адам» тіркесі лирикалық тұрғыдан бір-бірімен тығыз байланысты екенін алға тартты.

– Әділетті қоғамды жасайтындар – ең алдымен адал адамдар. Адал және еңбекқор жандар деп толықтыруымыз керек. Яғни адал адам еңбекқор болса, қоғамның әділетті нышаны күшейіп, жақсы сипаттары жарқырап, анықтала түспек. Президенттің қайта-қайта қадап айтып отырғаны сол. Қазіргі таңда оқырманды тарту үшін түрлі санаттағы қаламгерлеріміз түрлі тәсілдерге баруда. Соның ішінде алаңдататыны – қоғам­ды рухани-моральдық тұрғы­дан былғайтын кейіпкерлер қатарының көбейе бастауы. Өкінішке қарай, қазылар алқасы мәселенің салдарын ескермей, сондай туындыларға басымдық беріп, бәйгелерді беріп жатады. Сондықтан кітап шығарушыларымыз, көркем әдебиетке, мемлекеттік деңгейде тапсырыс берушілерге қатаң талап қою керек. Талап қою­дың тұжырымдамасын жасап, бекітіп алғанымыз абзал. Кітап шығаруды бизнеске айналдырып алғандар оқырман тарту мақсатында аморальдық кейіпкерлерді сомдап, көркем туындының тәрбиелік қызметіне мән бермей жүр. Сол жағы қатаң ескерілсе деймін, – деді Нұрдәулет Ақыш.

Филология ғылымдары­ның докторы Қанипаш Мәдібаева­ның баяндамасы «Көркем прозалардағы тарихи тұлғалар ғибраты» тақырыбына құ­рылды. Ал өнертану кандидаты Ай­нұр Қазтуғанова «Өнерге адалдық: шығар­машылық тұлғалардың ұста­нымы» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндамашы ұшы-қиыры жоқ уа­қыт­тың бедеріндегі әлемдік тұл­ғалардың тола­йым жанкештілікпен, өнерге деген өлшеусіз адалдығымен тарихта қалғанын айта келе, әрісі ауыр дерті асқынғанына қарамастан 24 прелюдия жазған Шопенді, берісі күйші Дина, Роза Бағлановаларды мысалға келтірді. Айнұр Қазтуғанова осы тектес мысалдарды шы­ғармашыл тұлғалардың өмірі­нен көптеп келтіре отырып, бәрінің астарында ерен еңбек жатқанын нақты мысалдармен дәйектеді.

Алқалы жиында филология ғылымдарының кандидаты Әлмира Қалиева «Жастар әдебиетіндегі адалдық концепті» тақырыбындағы баяндамасын­да: «1990-жылдан бері қарайғы отыз жылдан астам дәуірді шарт­ты түрде «қазіргі қазақ әдебиеті» деп атап жүргенімізбен, осы бір тұтас кезеңнің арғы-бергі жылдарындағы әдебиеттің сипаты айтарлықтай өзгеріп үлгер­ді. Тәуелсіздік алған алғаш­қы жылдардағы қазақ әдебиетінің үлкен бір саласын әлеуметтік тақырыпқа арналған туын­дылар құрайды. Нарықтық қоғам­ның қалыптасуы адамдар­дың сан-сезімінде де, көркем шығармашылықта да өз ізін қалдырды» дейді.

М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты Қол­жазба және текстология ор­талығының директоры Жұмашай Рақыш фольклор­лық шығармалардағы еңбек адамының бейнесін безбендеді. Жұмашай Сайлауқызы халық туындыларында адал еңбек тұжырымдамасын кәсіппен, мау­сымдық, отбасылық ғұрып­тармен, магиялық түсініктермен, ежелгі дүниетаныммен (миф, хикая, ертегі, эпос) байланысты қарастырды.

Сол сияқты өнертану кандидаты Аманкелді Мұқан «Өнер­паз еңбегінің баға­лану өл­шем­дері», филология ғы­­лымдары­ның докторы Гүл­жаһан Орда «Ұлт­тық әде­биеттегі еңбек­шілер­дің адал еңбегі», филология ғылымдарының кандидаты Төрәлі Қыдыр «Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» еңбегіндегі «Кемел адам» тұ­жы­рымдамасы» тақы­рып­тарында баяндама жасады.

Дөңгелек үстел – көркем шығарма мен өнердегі адал да еңбекқор адам тұжырым­дама­сын талқылау арқылы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұста­нымын насихаттауды көздеді.

 

Алматы