Олимпиада • 20 Маусым, 2024

Парижде бізді не күтіп тұр?

195 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Таяуда Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойындарында еліміздің туы астында өнер көрсететін дзюдошылардан қандай нәтиже күтуге болады? Ерлер сайысында Елдос Сметов (2914 ұпай, 22-орын), Ғұсман Қырғызбаев (66 кг, 2562 ұпай, 26-орын), Данияр Шамшаев (73 кг, 2928 ұпай, 19-орын), Абылайхан Жұбаназар (81 кг, 3718 ұпай, 10-орын) және Нұрлыхан Шарханға (100 кг, 2722 ұпай, 23-орын) сенім артылып отыр. Алғашқы төртеуі рейтингтік турнирлер барысында барлық мәселені шешсе, Шархан ол жарыстарда қажетті ұпай жия алмады. Десек те оған құрлықтық квота табыс етілді.

Парижде бізді не күтіп тұр?

Ғаламдық додада бақ сынайтын балуандардың 2022 жылдан бері ха­лық­аралық жарыстарда қол жет­кізген елеулі табыстары мынадай: Елдос Сметов – Ташкенттегі әлем чемпионаты (2022 жыл) – қола, Астанадағы Гранд-Слэм (2024) – қола. Ғұсман Қырғызбаев – Астанадағы Азия чемпионаты (2022) – қола, Астанадағы Гранд-Слэм (2023) – күміс. Данияр Шамшаев – Астанадағы Азия чемпионаты (2022) – алтын, Париждегі Гранд-Слэм (2023) – қола, Ташкенттегі Гранд-Слэм (2023) – күміс, Ас­та­надағы Гранд-Слэм (2023) – қола. Абылайхан Жұбаназар – Тби­лисидегі Гранд-Слэм (2023) – кү­міс, Ұланбатырдағы Гранд-Слэм (2023) – қола, Ханчжоудағы Азия ойындары (2023) – қола, Дюссельдорфтағы Гранд-Слэм (2024) – қола, Астанадағы Гранд-Слэм (2024) – қола. Нұрлыхан Шар­хан – Астанадағы Азия чемпио­наты (2022) – қола, Ханчжоудағы Азия ойындары (2023) – қола, Париждегі Гранд-Слэм (2023) – қола. Өкінішке қарай, 90 және +100 кг салмақтардағы отандық дзюдошыларымыз Олимпиада лицензиясына иелік ете алмады. IJF рейтингінде Дидар Хамза (90 кг) 45-орынды қанағат тұтса, Ерасыл Қажыбай мен Ғалымжан Қырықбай (+100 кг) 35 пен 37-са­тыларға тұрақтады.

о

Бұрымдыларға келер болсақ, 48 кг салмақтағы екі балуанның бағы жанды. Олар – Әбиба Әбі­жақынова (5576 ұпай, 3-орын) мен Ғалия Тынбаева (3533 ұпай, 15-орын). Бірақ Олимпиадаға бір мемлекеттен бір ғана дзюдошының қатысатынын ескерсек, таңдау Әбибаға түсетіні анық. Себебі Ғалияға қарағанда оның атақ-даңқы зор, жиған ұпайы мол және IJF рейтингінде тұрақтаған орны да жоғары. Қазақтың қайсар қызы соңғы кездері өзі қатысқан жарыстардың түгелге дерлігінен олжалы оралды. Атап айтсақ, Әбужақынова 2022 жылы Ұланбатырдағы Гранд-Слэмде – қола, Астанадағы Азия чемпионатында – күміс, Ташкенттегі әлем чемпионатында – қола, Абу-Дабидегі Гранд-Слэмде – қола, 2023 жылы Ал­ма­дағы Гран-приде – алтын, Па­риждегі Гранд-Слэм – қола, Тби­лисидегі Гранд-Слэмде – қола, Ханчжоудағы Азия ойын­дары – күміс, 2024 жылы Одивеластағы Гран-приде – қола, Бакудегі Гранд-Слэмде – қола, Ташкенттегі Гранд-Слэмде – күміс, Анталиядағы Гранд-Слэмде – қола және Ташкенттегі әлем чемпионатында – қола. Байқасаңыздар, 2022 жылдан бері қандасымыз 12 рейтингтік жа­рыста жеңіс тұғырына көте­рілді. Биылдың өзінде ол өзі қатысқан алты халықаралық додалардың бесеуінде атой салды. Ондай тұрақты түрдегі жақсы нәтижелерімен еліміздің бірде-бір дзюдошысы мақтана алмайды. Сол себепті де сан миллион жанкүйер Әбиба Әбу­жа­қыновадан Францияның бас ша­һарында да толағай табыс күтеді.

Аса ауыр салмақтағы Кәмила Берліқаштың да рейтингтік турнирлерде жиған ұпайлары Парижге бару үшін жеткілікті. 3344 ұпайды еншілеген ол 15-орын­ды иеленді. Кейінгі екі жылда Камила Бакудегі Гранд-Слэмде (2022) – қола және Әбу-Дабидегі додада күміс медальді мойнына ілді. Тағы төрт турнирде үздік бестікті түйіндеді. Аралас командалық сайыста Есмигүл Кую­лованың жолы болды. 63 кг салмақтағы жерлесіміз 1666 ұпаймен 37-орынға табан тіреді. Есмигүл – Азия ойындары (2023) мен Азия чемпионатының (2024) қола жүлдегері.

Барлығы Парижде 372 дзюдошы күш сынасады. Олардың тең жартысы – ерлер және тең жартысы әйелдер. Татами шеберлерінің тартысы 27 маусымда басталып, 3 шілдеде өз мәресіне жетеді. Жекелеген сайыста 14 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Сондай-ақ аралас командалық жарыстың да жеңімпаздары мен жүлдегерлері анық­­­­талады. Осы күн­ге дейін еліміздің санаулы ғана балуандары Олимпия ойын­дарында жеңіс тұғы­рына кө­терілді. Алғашқы жүлдені же­тісулық Асхат Житкеев (100 кг) жеңіп алды. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында ол күміс медальді олжалады. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода алауы тұтанған ғаламдық дода екі спортшымыз олжаға кенелді. Тараздың тарланы Елдос Сме­тов (60 кг) күміс медальді мойнында жарқыратса, ұлттық командамыздың сапындағы моң­ғолиялық легионер Отгонцэцэг Галбадрах (48 кг) қолаға қол созды. 2021 жылы Токиодағы тартыс­та Елдос қайта ерледі. Бұл жолы ол қола жүлдені еншіледі. Енді Францияның бас шаһарынан отан­дастарымыз олжалы оралады деп үміттенеміз.

 

Олимпиадалық рейтингтегі ТОП-5 дзюдошылар

ЕРЛЕР. 60 кг: 1. Ян Юнвэй (Тайпей), 2. Георгий Сардалашвили (Грузия), 3. Лука Мхеидзе (Франция), 3. Ли Ха Рим (Оңтүстік Корея), 5. Франциско Гарригос (Испания).

66 кг: 1. Денис Виеру (Молдова), 2. Важа Маргвелашвили (Грузия), 3. Ер­хембаяр Батогтох (Моңғолия), 4. Риома Танака (Жапония), 4. Басху Ён­донпэрэнлэйн (Моңғолия).

73 кило: 1. Хидаят Гейдаров (Әзербайжан), 2. Сойши Хашимото (Жапония), 3. Нилс Стумп (Швейцария), 4. Мануэль Ломбардо (Италия), 5. Шахрам Ахадов (Өзбекстан).

81 кг: 1. Маттиас Кассе (Бельгия), 2. Тато Григалашвили (Грузия), 3. Ли Джонван (Оңтүстік Корея), 4. Гилермо Шмид (Бразилия), 5. Франсуа Го­тье-Драпо (Канада).

90 кг: 1. Лаша Бекаури (Грузия), 2. Неманья Майдов (Сербия), 3. Сан­широ Мурао (Жапония), 4. Ерлан Шеров (Қырғызстан), 5. Кристиан Тот (Мажарстан).

100 кг: 1. Зелим Коцоев (Әзербайжан), 2. Илья Суламанидзе (Грузия), 3. Ша­ди Элнахас (Канада), 4. Мұзаффарбек Торобаев (Өзбекстан), 5. Матвей Ка­никовский (Ресей).

+100 кг: 1. Ким Минжон (Оңтүстік Корея), 2. Инал Тасоев (Ресей), 3. Те­мур Рахимов (Тәжікстан), 4. Гурам Тушишвили (Грузия), 5. Энди Грандо (Куба).

 

ӘЙЕЛДЕР: 48 кг: 1. Ассунто Скутто (Италия), 2. Баасанкхуу Бавудорж (Моңғолия), 3. Әбиба Әбужақынова (Қазақстан), 4. Нацуми Цунода (Жапония), 5. Ширин Букли (Франция).

52 кг: 1. Диёра Келдиёрова (Өзбекстан), 2. Дистрия Красничи (Косово), 3. Одетте Джуффрида (Италия), 4. Амандин Бюшар (Франция), 5. Челси Джайлс (Ұлыбритания).

57 кг: 1. Криста Дегучи (Канада), 2. Джессика Климкайт (Канада), 3. Ху Мими (Оңтүстік Корея), 4. Рафаэла Силва (Бразилия), 5. Сара-Леони Сизик (Франция).

63 кг: 1. Йоанне ван Лисхаут (Нидерланд), 2. Катерин Бошемен-Пинар (Канада), 3. Лаура Фазлиу (Косово), 4. Анжелика Шиманска (Польша), 5. Ка­тарина Хеккер (Аустралия).

70 кг: 1. Барбара Матич (Хорватия), 2. Элизабет Тельциду (Грекия), 3. Михаэла Поллерес (Аустрия), 4. Лара Цветко (Хорватия), 5. Санне Ван Дейк (Нидерланд).

78 кг: 1. Элис Белланди (Италия), 2. Анна-Мария Вагнер (Германия), 3. Инбар Ланир (Израиль), 4. Одри Чёмео (Франция), 5. Ма Чжэньчжао (Қытай).

+78 кг: 1. Романа Дикко (Франция), 2. Раз Гершко (Израиль), 3. Кайра Өздемир (Түркия), 4. Ким Хаюн (Оңтүстік Корея), 5. Беатриз Соуза (Бразилия).