Суретті түсірген – Жеңіс ЫСҚАБАЙ
Вице-премьер өңірдегі аграрлы аудандарды аралап, шаруа қожалықтарының жетекшілерімен дидарласты. Ресми делегация әуелі Балпық би аулындағы «Тәуелсіздік» ЖШС-на барды. Серіктестік директоры Рахим Каримовтің айтуынша, сүт бағытындағы ферманың жылдық қуаты 5 500 тонна сүт өндіруге қауқарлы. 10 жылға жылдық 2,5%-бен берілетін жеңілдетілген несие ферма іргесін кеңейтуге мүмкіндік жасаған.
«Даниядан 136 бас сиыр әкелінді, күзде тағы да алып келеміз. Сөйтіп, мал басын 850-ге дейін жеткіземіз, соған сәйкес сүт өндіру көлемі де артады. Қазір бір тәулікте сауылатын жалпы сүт мөлшері 18 тонна, ал күзге қарай бұл көлемді 20 тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Негізінен сүтті Талдықорғандағы «JLC Сүт» сүт зауытына өңдеуге тапсырамыз», деді ферма жетекшісі.
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жетісу» ӘКК-мен бірлескен «400 бас ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасын құру» жобасы 2018 жылы іске асырылған. Жоба құны – 1,3 млрд теңге. Мұнда бірқатар инновациялық технология енгізіліп, сиыр сауудың роботтандырылған жүйесі қолданылады. Сондай-ақ жақын арада фермаға Швециядан тағы екі роботтық жүйе жеткізілмекші. Вице-премьер Ескелді ауданындағы «Хильниченко и К» командиттік серіктестігіне қарасты қызылша алқабында болды. Серіктестік мал және өсімдік шаруашылығымен айналысады. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, соя, қант қызылшасын егіп, ұсақ мал мен етті бағыттағы жылқы өсіріп отыр. Қазір мұнда етті меринос қойларының саны 7 мыңнан, жылқы саны 500-ден асты. Сапалы өнім алу үшін ауыспалы егіс талаптары қатаң сақталады.
«Осы алқаптан әр гектарынан орта есеппен 830 центнер өнім аламыз деп отырмыз. Ал шаруашылықтағы қант қызылшасының орташа өнімділігі гектарына 700 центнерді құрайды. Қызылшаны біздің аймақ ежелден өсіріп келе жатқандықтан, оны қалай күтіп-баптауды жақсы білеміз, ал заманауи агротехнология мен мемлекеттік қолдаудың арқасында егіс алқаптарын көбейтіп қана қоймай, өнімділікті арттыруға да баса назар аударамыз», деді А.Хильниченко.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласын қолдауға биыл 34,9 млрд теңге бөлінді, оның 23,2 млрд теңгесі – субсидия. Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,2% өсіммен 57,8 млрд теңгеге жетті. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі алдын ала есеп бойынша 7,0 мың гектарға ұлғайып, 524,8 мың гектарды құрайды. Егіс алқабын әртараптандыру аясында дәнді дақылдар 15,1 мың гектарға, картоп 0,9 мың гектарға қысқарып, басым дақылдардың егіс көлемі жалпы 22,9 мың гектарға ұлғайды. Бұл ретте шаруашылықтар 18,5 мың себу бірлігі болатын қант қызылшасы тұқымымен қамтылған.
«Қант өндіру саласын дамыту бағытында 2026 жылға дейін қант қызылшасының егіс алқабын 15 мың гектарға немесе 3,6 есе арттыру жоспарланған. Осы жылы қызылшаны 12,6 мың гектарға септік. Өткен жылы Ақсу, Көсу қант зауыттарында 357 мың тонна өнім өңделді. Облыстағы қант өндірісі 63 мың тоннаға жеткізілді, соның ішінде Ақсу қант зауыты – 10 мың, Көксу қант зауыты 53 мың тонна қант шығарды, соның 27 мың тоннасы Көксу қант зауытында қамыс құрағынан өндірілді. Биыл 550 мың тонна тәтті түбір жинап, соның нәтижесінде 87 мың тонна қант өндіру көзделіп отыр, оның ішінде қант қызылшасынан – 60 мың тонна, қамыс құрағынан 27 мың тонна өнім өндіреміз», деді Ә.Жақанбаев.
Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығында егістікте қолданылатын тыңайтқыш, гербицид, пестицид, биологиялық қоспа, түрлі техника ұсынатын компаниялар өкілімен тілдесті. «Ауыл аманаты» жобасы аясында мемлекеттен қолдау алып, жеке ісін бастаған кәсіпкерлермен де әңгімелесті. Олар шығарып отырған қасбеттерге арналған құрылыс материалдары, сұйық ұнтақ пен кір сабын, нан, қақ өнімдері қойылған көрмемен танысты.
«Біздің басты міндетіміз – бюджеттен бөлінетін қаражатты фермерлерге жеткізу. Қазір егіс алқаптарын ұлғайту үшін ылғал үнемдейтін технологияларды енгізуге көңіл бөліп отырмыз. Сондықтан қазіргі заманғы суармалы жабдықтарды сатып алу шығындарының 50%-ын субсидиялаймыз. Елімізде осындай жабдықтар өндіруші кәсіпорынның бірі жуырда Талдықорғанда ашылды. Жалпы, қызылша өндірісіне ерекше қолдау көрсетіліп отыр. Қазір қант қызылшасы ең табысты дақыл саналады. Әрине, қиындықсыз болмайды. Бірақ барынша қолдау шараларын ұсынып келеміз. Міне, жаңа осы шаруашылықтың базасында заманауи озық ауыл шаруашылығы техникаларын көрдік. Ел бойынша жағдай басқаша, яғни техниканың тозу деңгейі – 85–90%. Сондықтан жыл сайын техниканы 8–10%-ға жаңартып отыруымыз керек. Бұл – Президент тапсырмасы. Бұл мақсатқа жыл сайын шамамен 400–500 млрд теңге қажет. Келесі жылдан бастап оған бөлінетін тиісті қаражат көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», деді Серік Жұманғарин.
Шаруалар сұрағына жауап берген вице-премьер қант қызылшасын, картоп пен жеміс-көкөніс дақылдарын өндіру мен жинауға арналған техниканы сатып алған жағдайда қай елде өндірілгеніне қарамастан 25–50%-ға дейін субсидиялау түрінде қолдау қарастырылатынын атап өтті. Бұл ретте басқа дақылдар үшін өз елімізде құрастырылған, елде өндірілетін ауыл шаруашылығы техникасының ішінде баламасы жоқ техника ғана субсидияланады. Артық өнімді сату проблемаларына келетін болсақ, қазір экспорт көлемін, оның ішінде Қытайға да экспорттау көлемін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Ол үшін шекаралас аймақтарда заманауи қоймалар құрылысы басталды.
Сапар барысында вице-премьер «Жетісу» ӘКК желісі бойынша іске қосылған көкөніс қоймасының жұмысымен танысты. «Жетісу» ӘКК басқарма төрағасы Данияр Айқынбаевтың айтуынша, көкөніс қоймасын іске қосу жобасы ел Президентінің өңірге жұмыс сапары барысында берген тапсырмасының аясында қолға алынған.
«Жаңа көкөніс қоймасын салуға 2 млрд теңге қажет болды. Сондықтан бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында алдымен мониторинг жүргіздік, қорыта келе бұрыннан бар қойманы жаңғыртқан тиімді деген шешімге келдік. Осы мақсатқа 360 млн теңге бағытталды. Жапондық құрал-жабдықтар сатып алынды. Қойма өткен жылдың қазан айында пайдалануға берілді. Мұнда бір уақытта 4,5 мың тонна көкөніс, жеміс-жидек сақтауға болады», деді Д.Айқынбаев.
Премьер-министрдің орынбасары Ақсу, Алакөл аудандарындағы су шаруашылығы нысандарын аралап, қант және мал шаруашылығы салаларының кәсіпорындарымен танысты. Сапар соңында Серік Жұманғарин өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамудағы жетістіктеріне, атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.
Жетісу облысы