Қоғам • 21 Маусым, 2024

Заң уақыт сұранысына сай

142 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Интернет өмірге енген соң жұрттың дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарына көзқарасы өзгеріп, кез келген адам өз пікірін, көрген-білгенін жедел жариялайтын әлеуметтік желі басты ақпарат көзіне айналғаны анық.

Заң уақыт сұранысына сай

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Оны қазір әлемдегі әртүрлі саяси күш ақпараттық майдан құралы ретінде пайдаланып отырғаны да мәлім. Сондықтан да ұлттық қауіпсіздік, ұлттық мүдде тұрғысынан осы саланы заңнамалық реттеу қажеттігі туындаған. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында: «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек», деген болатын.

Осыған орай бұқаралық ақпарат саласындағы уәкілетті орган – Мәдениет және ақпарат министрлігі бүгінгі ақпараттық заман талабына ілесе алмай қалған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және ««Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың орнына әзірлеген «Масс-медиа туралы» заң дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен интернеттегі желілік басылымдарға бірдей міндет пен жауапкершілік жүктеп отыр. Оның 1-бабының 6-тармағында: «бұқаралық ақпарат құралы – мерзімді баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, интернет-басылым» деп көрсетілген. Бұдан былай бұқаралық ақпарат құралдары және интернет-ресурстар Мемлекет басшысы биылғы 19 маусымда қол қойған «Масс-медиа туралы» заң аясында, ал әлеуметтік желідегі парақшалар және платформалар былтырғы 10 шілдеде қабылданған «Онлайн платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң аясында реттелетін болады.

«Масс-медиа туралы» заң журна­листердің құқықтарын кеңейткендігімен де маңызды. Мәселен, журналистер қауымы ресми хабарларға жатпайтын ақпаратты беру туралы сұрау салуға мемлекеттік органдардың бұрынғы жеті жұмыс күнінің орнына бес жұмыс күні ішінде жауап беруі жөніндегі түзетуді қуана құптап отыр. Бұл норма аталған заңның 36-бабының 1-тармағында көрсетілген. Сондай-ақ «Теріске шығару не жауап беру құқығы» туралы 38-баптың 1-тармағында: «Осы бапта көрсетілген құқықтардың бұзылуына байланыс­ты бұқаралық ақпарат құралдарына қойылатын талаптар бойынша талап қою мерзімі осындай мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күннен бастап бір жылды құрайды», деп жазылған. Бұрынғы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңда болмаған бұл жаңа норма БАҚ редакциялары мен журналистердің құқықтық жағ­дайын жақсартатыны даусыз. Себебі олар бұған дейін тіпті жиырма-отыз жыл бұрын жарық көрген материалдарда көрсетілген мәліметтер үшін теріске шығару ақпаратын жариялауға немесе заң алдында жауап беруге мәжбүр болды. Бір айта кетерлігі, аталған заңның әуелгі жобасында теріске шығару мерзімін үш жылмен шектеу ұсынылған болатын. Бірақ Ұлыбританияның 1996 жылы қабылдаған жала жабу туралы заңына сүйеніп, талап қою мерзімін бір жылмен шектеуді ұсынған сарапшылар, журналистер мен заңгерлердің пікіріне Мәжіліс депутаттары қолдау білдірді.

«Масс-медиа туралы» заң ана тілімізді, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда да елеулі ілгерілеуге мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, мем­лекеттік тілдегі теле-, радио бағдар­ламалардың апта сайынғы көле­мін бұрынғы 50 пайыздан 60 пайызға дейін кезең-кезеңмен ұлғайту белгі­ленген. Бұған қоса отандық теле-, радио бағдарламалардың және отан­дық авторлардың музыкалық шығар­маларының отандық теле-, радио арналардағы көлемін бұрынғы 50 пайыздан 60 пайызға дейін кезең-кезеңмен ұлғайту көзделіп отыр. Ал отандық теле-, радио арналардағы шетелдік бағдарламалардың ретрансляциясын бұрынғы 20 пайыздан 10 пайызға дейін азайту заңдастырылды.

Қазіргі алмағайып заманда мем­лекет­тік ақпараттық саясатты жүзеге асыруда мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуетін де тиімді пайдалану қажеттігі сөзсіз. Осыған орай оларға арнайы гранттар беру қарастырылып отыр. «Масс-медиа туралы» заңның 33-бабының 1-тармағында: «Гранттар мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына отандық контентті дамытуға, Қазақстан Республикасының ақпараттық егемен­дігін нығайтуға жəне қорғауға беріледі. Гранттар мемлекеттік емес бұқара­лық ақпарат құралдарына, оның ішінде: балаларға арналған контентті жасауға; өңірлік мерзімді баспасөз басылымдарын дамытуға бері­леді» деп айқындалды. Ал осы бап­тың 2-тармағында: «Мемлекеттік тілдегі гранттардың көлемі гранттардың жалпы жылдық көлемінің үштен екісінен кем болмауға тиіс» деп көрсетілгендігі де – ұлттық мүддемізге сай шешім. Заңға сәйкес Мемлекеттік ақпараттық саясат мəселелері жөніндегі республикалық комиссия мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағыттарына сəйкес гранттардың тақырыптық бағыттары мен көлемдерін бекітетін болады.

«Масс-медиа туралы» заң жобасын талқылау барысында журналистік қоғамдастық Қылмыстық кодекстің «Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау» деп аталатын 158-бабын сирек қолданылуына байланысты қыл­мыс­сыздандыру туралы ұсынысқа бай­ланысты алаңдаушылық білдірген. Шын­туайтында, журналистердің кәсіби қыз­метіндегі құқықтық мәртебесін мемле­кеттік қызметшілермен және құқық қорғау­шы­лармен теңестіріп тұрған бапты заң­нан алып тастау БАҚ өкілдеріне қатыс­ты құқық бұзушылықтардың жиілеуіне әкеліп соғуы мүмкін еді. Әділ сынға құлақ асқан Ақпарат және қоғам­дық даму ми­нистр­лігі аталған нор­маны заң жобасынан алып тастады. Сондай-ақ журналистер сыны­на іліккен баспасөз картасын енгізу тура­лы норманы Мәжіліс депутаттары да қолдаған жоқ.

«Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, ұзақ та жан-жақты талқылаудан кейін қабылданған «Масс-медиа туралы» заң заман талабына сай құжат деп білеміз. 

Соңғы жаңалықтар