«Таза Қазақстан» • 21 Маусым, 2024

Тарихи орындағы игі іс

91 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы тарихи-мәдени орындарда жалғасын тауып, аталған орындардың келіп-кетушілерге қолайлы, таза болуына үлес қосты.

Тарихи орындағы игі іс

Маңғыстау ауданында акция аясындағы кезекті тазалық жұ­мыстары «Жасыл ел» жастар жа­­са­­ғынан 20 жас белсендінің қаты­­суымен «Отпан тау тарихи-мәде­ни кешенінің» аумағында жүр­­гі­зілді. Еріктілер тұрмыстық қал­­дық­тарды жинап, ғимарат ішін және оған іргелес аумақты күл-қоқыстан тазалады.

Экологиялық акция аясын­да Маң­ғыстау ауданында «Ыбық­ты сай» шатқалының, Тобықтыдағы «Бекет ата» жерасты мешітінің, «Масат ата» қорымының аума­ғын­да, сондай-ақ Ақмыш пен Шерқалада сенбіліктер ұйым­дас­тырылған болатын. Сондай-ақ Оңды ауылында 200 ағаш, Жыңғылды және Жармыш ауылдарында 100 ағаш және Шебірде 30 ағаш отырғызылған болатын.

Түпқараған ауданының Ақ­шұқыр ауылында орналасқан «Қошқар ата» қорымында М.Өскін­­баев атындағы Маңғыстау облыс­тық филармониясының қызмет­керлері мен Қ.Сыдиықов атын­дағы Маңғыстау облыстық әмбе­бап кітапханасының қызмет­кер­лері тазалау жұмыс­та­рын жүр­гізді. Жергілікті ма­ңы­зы бар тарих және мәдениет ескерт­кіштерінің мемлекеттік тізіміне, сондай-ақ Маңғыстау облысының өңірлік маңызы бар киелі объектілерінің тізіміне енгізілген қорымнан зерттеу жұмысының нәтижесінде 81 ескерткіш бекітілген.

«Таза Қазақстан» акциясына үлес қосудан Мұнайлы ауданы да қалыс қалған жоқ. Н.Жантөрин атындағы Маңғыс­тау облыстық музыкалық-драма театрының әртістері, Маңғыстау облысы Мемлекеттік мұрағатының ұжымы, сондай-ақ «Маңғыстау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Отпан» МКҚК ұжымының қатысуымен Баянды ауылының маңындағы «Бердібек әулие» қорымының аумағында жалғасты. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген «Бердібек әулие» қорымында құлпытастар, тас қоршаулар және тастан жасалған әртүрлі пішін бар. Мұндағы басты нысан күмбезтамның ең ежел­гісінің құрылыс тастары жарты­лай өңделген ұлутастардан са­з бал­шық араластырылып көлденең қала­нуымен ерекшеленеді.

«Таза Қазақстан» акциясы Қарақия ауданындағы «Бозжыра» шат­қалының аумағында «Қызыл­сай мемлекеттік өңірлік паркі» КММ инспекторлары мен белсенді жастардың қатысуымен жалғасты. Жыл басынан бері «Жабайұшқан» мемлекеттік қоры­ғының аумағында орналасқан «Бозжыра» шатқалына әртүрлі елден жүздеген турист кел­ді десек, туристердің көп болуына байланысты әртүрлі қалдық та көп жиналады. Акция барысында 20 қаптан астам түрлі қоқыс жиналып, арнайы полигонға жөнелтілді. «Жабайұшқан» қорығының басшысы Ж.Есенғалиев туристік аумаққа келетін жастарға аумақ­ты таза ұстау, өрт қауіпсіздігі ере­же­­леріне қатаң назар аудару, биік шыңдары бар жартастарға жақын­дамау, барынша қауіпсіздік шара­ларын сақтау бойынша түсін­діру жұмыстарын жүргізді.

Маңғыстау облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акция­сын жүргізу белсенді іске асырылып жатыр. Тұрғындар мен қонақтар тазалық-тәртіпті сақтап, тазаланған жерлерді түрлі қоқыс-қалдықтарға толтырмай, жан-жағын, демалған орындарын жинап жүруді үйренсе, акцияға үлес қосқан әрбір жанның еңбегінің ақталғаны болар еді.

 

Маңғыстау облысы