Қазірдің өзінде күн сайын жаңа скверге 800-ге жуық бала баратыны белгілі болып отыр. Алматының Наурызбай ауданы, Қалқаман шағын ауданындағы көлемі 0,8 га болатын жаңа қоғамдық орынды көруге барған Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жергілікті тұрғындардың риясыз қошеметіне бөленді десек әсіре айталған сөз емес.
Ақиқатында бұрын бұл аумақ қараусыз жатқан жер болған, ал қазір «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының арқасында елдің бос уақытын өткізетін әдемі және ыңғайлы кеңістікке айналды. Күн сайын алаңға мыңға жуық адам барса, жоғарыда атап өткендей, оның 800-ге жуығы – балалар мен жасөспірімдер.
Жұртқа жайлы болуы үшін 2 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер аймағы абаттандырылып, 17 балалар ойын кешені мен 13 спорттық тренажер орнатылды, баскетбол-волейбол алаңдары, футбол алаңы, теннис үстелдері бар. Сонымен қатар 400-ден астам жасыл желек отырғызылды, автоматтандырылған суару жүйесі орнатылды, жаңбыр суын бұру үшін арық жүйесі жабдықталды.
Жергілікті халыққа қала әкімі Ерболат Досаевпен дидарласудың сәті түскен кезде Наурызбай ауданының тұрғыны Зәуреш Мұстафаева: «Жыл сайын біздің ауданда жаңа демалыс алаңдары салынып жатқанына қуаныштымыз. Бұрын бұл учаске қараусыз жатқан соң мұнда белгілі бір тұрғылықты жері жоқ жандар мекендейтін. Қазір бұл заманауи алаңға айналды, мұнда барлығы қарастырылған. Жаңа демалыс орны кішкентай балалар үшін тіпті жақсы болды. Олар күндіз-түні осында ойнайды. Мұнда жасөспірімдер мен жастар спортпен шұғылдана алады. Зейнеткерлер де осында демалады. Осы жерге патрульдік күзетті күшейтуді сұраймыз», деді.
Тұрғындармен кездесу барысында қала әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнемониторинг жүйесінің 600 камерасы орнатылатынын жеткізді. Олардың үшеуі жаңа алаңға орналастырылған. Камералардан бейнематериалдар бірден қала полициясына келіп түседі.
«Алдағы уақытта мұнда тағы 4 камера орнатып, осы арқылы тұрғындардың толық қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Біз жаңа форматтағы сквер салдық. Мұнда әртүрлі ойын және спорт алаңдары, кіші сәулет пішіндері, соның ішінде ағаштан жасалғандар бар. Бірте-бірте біз жергілікті тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін жаңа қоғамдық кеңістіктер құрып, жақсартатын боламыз. Мысалы, біз Қарғалы өзенінің жағасында серуендеу аймағын құруды жоспарлап отырмыз», деді қала басшысы.
Оған қоса «Халық қатысатын бюджет» (ХҚБ) аясында Наурызбай ауданында биыл барлығы 2,5 млрд теңгеге 40 жоба іске асырылмақ.
Жалпы, Алматыда биыл «ХҚБ» жобасына 18,8 млрд теңге бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,8 млрд теңгеге артық. Қала тұрғындары аулаларды, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, спорт және ойын алаңдарын құруда 364 жоба ұсынып, өз үлестерін қосуға, қалауларын білдіруге мүмкіндік алды.
АЛМАТЫ