Қазақы ауылға айналып сала берген №79 мектеп-лицейі алыстан көз тартады. Ұлттық нақышта киінген оқушылар мен мұғалімдер киіз үйдің жанында топтасып, түрлі жұмыс атқарып жатыр. Бірі ұлттық тағамдарды әзірлеп, енді бірі қолөнер бұйымдарын жасап, үшінші бір топ салт-дәстүрден сабақ алып, төртіншісі ұлттық ән-жырымызды айтып мәз-мейрам. Олардың жанындағы ақ кимешекті әжелер де көзімізге жылы ұшырады. Не керек, этнолагерь ә дегеннен әсерге бөледі. Жәдігерлерді жатырқап жүрген жеткіншектер жоқ. Бәрі де Абай айтқандай, «көрсем, білсем, үйренсем» деп құлшынып-ақ тұр. Осылардың арасынан ең әуелі ұлттық тағам әзірлеуді үйреніп жатқан балалар жаққа тақала беріп едік, тақылдап өздерін таныстыра жөнелді.
«Аты-жөнім – Айару Көкен. №79 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысымын. Этнолагерьдің екінші ауысымына келіп, құрт жасауды үйреніп жатырмын. Жалпы, құрттың денсаулыққа, соның ішінде тіске пайдасы өте зор. Қазіргі кезде кейбір ұлттық тағамдардың жасалу жолы ұмытылып бара жатқаны рас. Бұрындары әжелеріміз құртты күн сайын жасаса, қазір қаладағы аналарымыз көп жасай бермейді. Біз этнолагерьде осындай құндылықтарды жаңғыртып жатырмыз», деді ол.
Ұлттық тағамның пайдасын біліп, жасалу жолын да меңгерген оқушыларға алғыс білдірдік те, істеріне сәттілік тілеп, келесі жобаларды көруге асыға бердік.
Әрі қарай назарымыз ұлттық қолөнер бұйымдарын жасап жатқан оқушыларға түсті. Ер балалар қамшы өріп, қолжетімді материалдан сандық, торсық секілді бұйымдар дайындаса, қыз балалар кесте тоқып, жүн түтіп, ұршық иіруде. Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ғани Саматұлының айтуынша, қала балалары қолөнерден қол үзіп қалды деп, қол сілтей салмауымыз керек.
«Бірінші кезекте балаларды ұлттық өнерге қызықтыра білу маңызды. Әдетте оқушыларды «ғаламторға шырмалды» деп кінәлаймыз, мүмкін біз олардың жан сусарын тауып бере алмай жүрген болармыз? Мәселен, бұл лагерьге келгенде қарапайым ағаш жонуды білмей, бірақ маусым соңында сол ағаштан кәдесый жасай алар деңгейге жеткен оқушылар бар. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген осы ғой. Біздер, яғни ұстаздар оқушыларға тек жол сілтеп, бағыт бағдар көрсетеміз, әрі қарай балалар өздері қызығып, осы салаға бет бұрып жатады», деді ол.
Ұлт байлығы мен ұрпақ тәрбиесі – тек бір саланың, ұстаздардың мойнында емес, әрбір отбасының, ата-ананың басты міндеті болғандықтан, жақсы істің жалғасын тапқанын көпшілік қалайтынын біз дидарласқан ата-аналар баса айтумен болды. Мәселен, Ақнұр Ізғалиева этнолагерьде балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қазақ тілін насихаттау жұмысы ұнағанын айтады.
«Қызым Жақсыбаева Кәусардың осы демалыс орнында білім алып жатқанына бек қуаныштымын. Бұл лагерь қызыма қатты ұнайды, мектептен көңілді келеді. Несін жасырамыз, қазір балалардың көбі орысша сөйлейді. Ал этнолагерьде оқушылар ойнап жүріп, ойланады. Түрлі жарыстар мен іс-шаралар арқылы балалардың қабілеті одан әрі шыңдалып жатыр. Ең бастысы, мұнда білімнен бұрын тәрбиенің бірінші орында тұратыны көңіл қуантады», деді ол.
Иә, бұған дейін қалыптасқан, таптаурын лагерьлік жүйеге тың жаңашылдық енгізіп, ұлттық болмысты тану тұрғысында ұйымдастырылған лагерьлерді бабадан қалған мұраларды келешек ұрпаққа жалғаудың алтын көпірі деуге толық негіз бар. Жақсы бастаманы қолдаушылар қатары артып келеді. Астана қаласы Білім басқармасының қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Гүлфара Сарамбетованың айтуынша, қазір қала бойынша лагерьге 200 мыңнан аса оқушы қатысып жатыр.
«Биыл жазғы лагерь жұмысын ұйымдастыру екі бағыттан тұрады: сауықтыру және еңбек ету. Ол ішінара тағы бірнеше бағытқа бөлінеді. Атап айтқанда, бейіндік лагерь, мектеп жанындағы лагерь, этнолагерь және спорттық лагерь. Еңбек ету бағытының өзі іштей интеллектуалды, еңбек, спорт және шығармашылық болып бөлінеді. Еңбек ету бойынша балалар «Жасыл ел» бағдарламасы аясында көгалдандыру жұмыстарына қолғабысын тигізеді», деді Г. Сарамбетова.
№ 79 мектеп-лицей директоры Құралай Балғабайқызының айтуынша, ауылға жолы түспейтін қала балалары кешке дейін телефон қарап, үйде отырғанша, осы жерге келсе ұлттық құндылықтарымызды біліп, отансүйгіштік қасиеттері оянары анық.
«Мектеп жанындағы лагерьдің биылғы ерекшелігі – Білім басқармасының тапсырмасы бойынша, этнолагерь ашып жатырмыз. Үлкен әжелеріміз арнайы келіп кілем тоқу, ою-өрнек салу, ұлттық тағамдарды әзірлеу секілді дүниелерді үйретеді. Сонымен қатар балаларымыз қазақ тілінде көп сөйлесін деп, барлық шара қазақ тілінде өтіп жатыр. Одан бөлек, тағы да «IT лагеріміз», «Туристік лагеріміз» де бар. Бастауыш сыныптарға арналған «Жұлдыз» атты лагеріміз бар. Осылайша, көптен күткен жаз мезгілі әр баланың есінде көрген-білген жаңалықтарымен, барған қызықты шараларымен сақталмақ», деді Қ.Балғабайқызы.
Жолымыз түсіп тұрған соң, мектеп ішіндегі салалық лагерьлерді де араладық. Мәселен, «IT лагерьде» қызықты математика, роботтехника, бағдарламалау әдістері негізге алынса, «Туристік лагерь» бағдарламасында әр елге онлайн саяхат жасап, Астананың көрікті жерлеріне, тарихи мұражайларына экскурсия жүргізіледі екен. Бұл жақ та бір қызық әлем. Бірінші маусымда болған, кейін екінші маусымға да қалып жүрген оқушылар сөзіміздің дәлелі.
Ұлттық лагерьден соң көңіліміз көкке көтеріліп, №32 мектеп-гимназиясына бет алдық. Бұл жақтағы лагерьде спорттық бағытқа басымдық берілген. Оқушылар арасында баскетбол, волейбол ойындары танымал. Одан бөлек, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика топтары бар. Қазір мұнда 200-ден аса бала спорттың әр түрінен лагерьге жазылыпты.
«Спорттық лагерь 3 маусымнан басталды. Балалар күні мерекесінен кейін салтанатты ашылуы болды. Мұнда спорттың барлық түрі қамтылған. Солардың арасында ұлттық ойындар да бар. Мәселен асық ату, арқан тартыс, тоғызқұмалақ енгізілген. Лагерьде 12-15 жас аралығындағы балалар қамтылған. Арнайы бес күнге арналған кестемен жұмыс істейміз. Бір күнде спорттың төрт түрі қатар жүреді. Айта кетейік, мұнда спорттық лагерьдің барлығы тегін және оны жүргізетін арнайы мамандар бар. Кейде бір оқушы бірнеше үйірмеге қатыса алады. Олардың осында жүргені ата-аналарды да алаңдатпайды. Одан бөлек, спортпен айналысқан балалар тәрбиелі, саламатты болып өседі. Алты маусымдық лагерь тамыз айының онына дейін жалғасады», деді №32 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бекайдар Жылқайдарұлы.
Аталған спорт және этнолагерьде оқушылар жазғы демалысын тиімді әрі пайдалы өткізетіні анық. Он күн бойы бір үйірмеге қатысып, өзі қызыққан істі немесе өнерді толық үйренбесе де әліппесін меңгеріп, таным іргетасын қалыптастырып шығады. Айта кетейік, Астана қаласының білім беру ұйымдарының базасында: 97 мектеп жанындағы лагерь; оқушылардың қызығушылықтары бойынша 75 бейіндік лагерь және 21 этнолагерь бар.