Аталған жобаның ерекшелігі – мұнда IT саласында еңбек жолын бастағысы келетін Орталық Азия әйелдері «No code», «Freelance School», сондай-ақ «E-commerce» бағдарламалау бағыттары мен басқа да цифрлық дағдыларды тегін меңгере алады. Былтыр бастау алған бұл жоба биыл да жалғасын таппақ.
«Былтыр IT-Aiel бағдарламасы аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі 2634 әйел IT саласында білімін шыңдау мақсатында өтінім берді. Олардың қатарында 900-ден астам жұмыссыз, 500 студент, 700 өзін-өзі жұмыспен қамтыған қыз-келіншек, сондай-ақ 400-ден астам декреттегі ана болды. Бірінші лек түлектері веб-сайттар мен қосымшалар сияқты өз IT-өнімдерін меңгерді. Осылайша, олар қаржылық тәуелсіздік пен кәсіби шыңдалуға маңызды қадам жасады. Биыл бағдарламаның екінші легі аясында әйелдер табысты мансап құрып, қоғамның дамуына үлес қосуға септігін тигізетін жаңа мүмкіндікке қол жеткізе алады», деді «Astana Hub» басқарушы директоры Дания Ахметова.
Жобаның екінші легі аясында ұсынылатын курс мазмұны: веб-сайттар, мобильді қосымшалар, чатботтар мен басқа да код жазуды қажет етпейтін цифрлық өнімдер құруға арналған «No Code School», қашықтан жұмыс істеуге, өз бағытын таңдауға, қызметтерді сатуға және клиенттерді тартуға арналған «Freelance School», мақсатты жарнаманы әзірлеуге, әлеуметтік желіде парақшалар жүргізуге, интернет-дүкен ашуға, халықаралық онлайн-алаңдарда тауарлар сатуға, онлайн-төлемдерді қосу мен киберқауіпсіздік негіздеріне үйретуге арналған «Mastercard» қолдауы бар «E-commerce» бағдарламаларынан құралған.
«2023 жылы декретте отырған кезімде әйелдерге IT-мамандықтардан тегін оқудан өтуге, жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беретін «IT-Aiel» жобасына қатыстым. Оқытудың нәтижесінде балалар мен жасөспірімдер арасындағы цифрлық гигиена және кибербуллингтің алдын алу туралы бот-көмекші «CyberBalа» жобасын құрдым, оны «No Code» құралдарының көмегімен жасадым», дейді «IT-Aiel» бағдарламасының финалисі, «CyberBala» жобасының авторы Әлия Оразымбетова.
«IT-Aiel 2.0» жобасын Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Astana Hub» халықаралық технопаркі және «TechnoWomen» коммерциялық емес ұйымы жүзеге асырып келеді. Қатысушыларға IT-саласында өз бағытын табуға мүмкіндік беретін бұл жобаға тіркелу 24 маусымға дейін қабылданады.