Иә, шын өнерде шарт та жоқ, шекара да жоқ. Өнер атаулыға ереже, заңдылық сынды қасаң дүниелер енер болса, шығармашылық шынайылығынан, болмысынан айырылары хақ. Көркемдік кеңістігінің шет-шегіне көзің жетпейді, тереңіне ойың бойламайды. Тылсым қылқаламның сырын тек сезген біледі, сырлы бояудың тілін тек ұққан түсінеді.
Суретші Тілек Халиннің шығармашылық еркіндігі – дала. Қылқаламының тынысы сол даланың құшағында, табиғаттың аясында ашылады. Бөдене ауылында тұратын суретші өмір бойы мектепте бейнелеу және сызу пәнінен сабақ берді. Өлең де жазады. Бес кітабы жарық көріпті. Кез келген суретшінің алғашқы арманы – жеке шеберхана болса керек. Тілек Халин де үнемі үйінде жұмыс істейтін. 2017 жылы алақандай ауылынан түрлі жанрдағы туындылары қойылған өз галереясын ашты. Сол ауылдың іргесін, сол аспан, сол мекен, сол адамдар, сол даланы бейнелеген автор бар шығармашылығын туған топырағында паш етіп жатқанының өзі көңіл тебірентеді. Өзі де бір сұхбатында таланттың қайнар бұлақ көзі табиғаттан бастау алатынын айтады.
«Шыны керек, көп адам ауылдың мәдениетін қалаға қарағанда төмендеу санайды. Ауылды дамымаған, өркениеттен тыс қалған «арал» көреді. Шын мәнінде, рухани күштің бәрі ауылда жатыр. «Ұлы дала» деген тіркес тегіннен айтылған сөз емес. Ауыл – руханияттың өзегі. Бірақ ұлы даланың осынау рухын кез келген адам сезіне бермейді. Сурет әлемінің өзінде бірнеше түс қолданылып, бірнеше жанрды біріктірген картиналар бейнеленіп жатады ғой. Сол сияқты өмір сызылып қойған схемаға сыймауы керек. Соның ішінде суретшілер табиғаттан, ұлы даладан жылулық, шабыт алу арқылы, өзін дамытады деп ойлаймын», дейді Тілек Халин.
Иә, бұл шеберхана бүгінде Бөденеге жолы түскендердің мәдени аялдамасына айналып отыр.
Жетпістен асса да шеберханасынан шықпайтын суретшінің жеке қорында 100-ден астам картина бар. Автор туындылары Түркия, Италия, Германия секілді шетелдерге танымал. Ал өзі кезінде Мәскеуде өткен бүкілодақтық шығармашылық конкурстың лауреаты атанған.
Табиғаттың түрлі тылсым күйін бейнелеген автор кенепте тарихи тақырыпқа да жол салды. Махамбет батыр, Айша бибіге арналған шығармаларынан ерекше бір ұлттық сарын есіп тұрады. Қазақтың дарқан даласының ғаламат күші әр бояудың түсімен үндесе келіп, рухтана түсетіндей.
Осы қатардағы «Хан қызының серуені» деп аталатын туындысы Сарайшық жеріндегі музейде сақталған. Ауыл суретшісінің тарихи тақырыптағы бірнеше картинасы бүгінде әлемнің әр түкпірінде ілініп тұр. Мәселен, оның ішінде «Абылайхан туралы аңыз» атты алып картинасы да бар.
Шығармашыл адамның туған жерін, туған халқын, туған топырағы дарытқан өнерін құлай сүюі қылқаламына әсер етпей қоймасы анық. Бұл сөзіміздің дәл мысалы – Тілек Халиннің тұтас галереясы. Ұлтына да, өнеріне де адал суретші таланты арқылы қазақтың атын шығарғысы келеді. Кенепте де өз айналасын, өз қоғамын, өз ауылын, өз табиғатын, өз болмысын, өз тарихын суреттеді. Атағы аспанға ұшқан аңыз-тұлғаларға еліктеген жоқ, түрлі жаңа модернистік бағыттарға бұрылған жоқ. Өз қолтаңбасын өз бойынан, өз айналасынан тауып, шеберлігін шыңдай түсті. Табиғаттан, дала үнінен қуат алды. Суретшінің осы күнге дейін туған топырағынан кіндік үзбей отырғаны содан болар, сірә.