Экономика • 21 Маусым, 2024

Отандық жаңа зауыт іске қосылды

65 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Алматы қаласында Мемлекет басшысының жоғары тиімді цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмасына байланысты «Алатау» инновациялық технологиялар паркі арнайы экономикалық аймағының аумағында жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркеудің мобильді кешенін өндіретін алғашқы зауыттың ашылу рәсімі өтті.

Отандық  жаңа зауыт іске қосылды

Фото: Алексей Балышев\ aleximg.com

Оған  Алматы қаласы әкімдігінің,  Алматы  қаласы Ішкі істер департаментінің,  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Алматы қаласы бойынша филиалының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.

«Alatau Smart Technology Kazakhstan» компаниясының өкілі Данияр Нәсіповтің  айтуынша,  жаңа IT-технологияларды енгізу, оларды күнделікті қызметте кеңінен қолдану бүгінгі таңда басты міндеттердің бірі екендігін, оның басты  мақсаты қоғамдық тәртіпті, жол қозғалысы қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге және құқықтық  бұзушылықты  анықтап, қылмысты ашуға бағытталған сапалы инфрақұрылымды тарту екендігін жеткізді.

Аталған кешенді түрік өндірушілерімен бірлесіп жүргізетін болады.  Бас зауыт Түркияның Ыстанбұл қаласында орналасқан. Олар ширек ғасырдан бері әлем бойынша осы өнімді экспорттап келеді.

Жаңа зауыт  биылғы жылы бірінші кезеңде 600, келер жылға қарай бір мың мобильді және бір мың стационарлық кешенге дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Жобаға 64 млрд теңге жеке капиталды инвестиция тартылып, 30-дың үстінде құрылатын жұмыс орнына  80-ге  жуық  адамды  жұмыспен қамту көзделген.

1

Мақсаты – қоғамдық көліктер, жедел жәрдем, өртке қарсы және полиция қызметкерлері көліктерінің қажеттіліктеріне орайластырып отырғаны бар.

Бүгіндері зауытта қоғамдық және жол қауіпсіздігі саласында сапалы тауарлар алуға мүмкіндік беретін тақталар мен микрочиптер, корпустық бөлік өндіретін өнеркәсіптік жабдықтар орнатылған.

Алдағы уақытта  технологиялық трансфер саласындағы ұшқышсыз ұшу аппараттары, патрульдік полицейлерге арналған бейнебақылау көзілдіріктері, жаяу патрульдеушілерге арналған жетондарды және басқа да  ноу-хауды енгізу жоспарланған.