Таяу күндері мегаполисте тәулік бойы және демалыссыз жұмыс істейтін тағы бір кітапхана пайда болды. Білімін байытамын деген, керегін іздеген оқырмандар үшін 24/7 режімінде жұмыс істейтін кітапхана қай тұрғыдан алсақ та қолайлы.
Мәселен, осы орайда Алматының екі кітапханасы – Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы мен «Alatau Creative Hub» орталығының кітапханасы 2023 жылдың қыркүйек айынан бері (2023-2024 оқу жылы) оқырмандарды тәулік бойы қабылдай бастағанын айта кетуге болады.
Алматы қалалық Мәдениет басқармасы мұндай қадамдар оқушылар, студенттер, магистранттар ғана емес, докторанттар арасында өте қолайлы екендігі алға тарта келе, Абай даңғылы, 141 мекенжайында орналасқан кезекті кітапхана да енді жерде 24/7 режімінде жұмыс істейтіндігін хабарлады.
«Қазірге Алматыда үш кітапхана оқырмандарды 24 сағат бойы қабылдайды. Кез келген адам өзіне ыңғайлы уақытта келе алатындықтан, кітапханаға келушілердің қарасы көбейді. Нақтырақ айтсақ, 2023 жылғы қыркүйек айынан бері Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасына 27 650 адам келсе, «Alatau Creative Hub» орталығының кітапханасы 28 мың оқырманға қызмет көрсеткен. Жалпы, алматылықтар кітап оқығанды жақсы көреді. Тек қалалық кітапханалардағы көрсеткіштерге тоқталсақ, оқырмандар жыл сайын кем дегенде үш миллион рет келіп-кетеді», дейді Алматы қалалық Мәдениет басқармасының өкілдері.
Қазіргі таңда Алматыда 28 қалалық кітапхана жұмыс істейді. Олардың 95%-ы жаңғыртылып, материалдық-техникалық базасы мен кітап қоры толығып, жайлы оқу залдары мен интернет-залдар пайда болды.
Алматы кітапханашылары оқырмандарға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында алғаш рет Оңтүстік Корея, Германия және Швейцариядағы үздік кітапханаларда тағылымдамадан өтіп келді.
АЛМАТЫ