18 Маусым, 2010

МАЙБҰРШАҚ ӨҢДЕЙТІН ЖАҢА ЗАУЫТ

657 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Өңір экономикасының дамуы жедел индустрияландыру арқылы инфрақұрылымдарды дамытумен өлшенетіндіктен осы бағыттағы жобалардың жүзеге асуына әрдайым жіті назар аударылып келеді. Нәтижесінде биылғы жылы өндірісі басталатын жобалар тізіміндегі Көксу ауданы, Балпық би кентіндегі “Экстра майбұршақ өңдеу зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі құрылыс, жабдықтау жұмыстары аяқталып, оның ашылу салтанаты өтті. Осылайша Елбасының биылғы Жолдауындағы ауыл шаруашы­лығын әртараптандыру мен шикізатты қайта өңдеуді шұғыл арттыру мәселелері шешімін тапқанын көруге болады. Жаңа технологиялар мен құрал-жаб­дықтарды өндіріске енгізу ар­қылы әлемдік тәжірибені барынша пайдалану мүмкіндігі қарас­тырылған зауыттың Алматы-Өскемен күрежолының бойындағы 2 гектар жерге орналастырылғаны да екі жаққа тиімді екенін көрсетеді. Зауыттағы негізгі құрал-жабдық Голландия мен Ресей, Корея және Қытайдан әкелініп, білікті маман­дардың қатысуымен құрас­тырылыпты. Мұнда сағатына 4 тонна, жылына 24 мың тонна жарма шығарылып, әдемі қапшықтармен аталған өнім өңірдегі құс фабрикалары мен балық шаруашылықтарына жөнелтілмекші. Өнімнің рыноктағы бағасы  төмен, сапасы жақсы. Өйткені, ол осы өңірде өндіріліп, алыстан тасымалданбайды. Аталған кәсіпорынның ашы­луына облыс әкімінің орын­басары Тынышбай Досымбеков қатысып, өңірдегі индустрияландыру бағытындағы қолға алынған жұмыс­тарға тоқталды. Енді санаулы күндерде тағы да жеті кәсіпорын іске қосылатынын атап өтті. Өңірдегі диқан қауымы жылына 145 мың тонна майлы дақыл өндіретінін ескерсек, шикізат өңдейтін кәсіпорынның өзімізде болғаны тиімді. Бұған дейін аталған дақылдарды өңдейтін орындар халыққа дер кезінде ақшасын бермей, әлекке салатын. Диқан­дардың осы мәселесін шешу үшін соя өңдейтін екі зауыт аш­қалы отырмыз. Оның алғашқысы осы зауыт болса, екіншісі жылына 70 мың тонна майбұршақ өңдейтін Сарыбұлақ зауыты, деді. Бір қуаныштысы, шаруалар үшін кәсіпорынның сояны қабыл­дау бағасы да тиімді. Мәселен, өткен жылы майбұршақтың килосы 45 теңге шамасында болса, жаңа зауыт оны 62 теңгеден қабыл­дайтын болып келісім-шарт жасауда. Кәсіпорынның өндіріс көлемі үлкен, бүгінгі рыноктағы орны да ерекше. Өнім құрамында протеиннің көп болғандығынан оның құс және балық шаруашы­лығын дамытудағы маңызы зор екенін де айтқан жөн. “EXTRA” майбұршақ өңдеу зауытының бас директоры Қайрат Көпесов Жолдауда айтылғандарды өз жұмысымызда жүзеге асыру барысында аталған өндіріс орны іске қосылды. Қазірдің өзінде көптеген ауылшаруашылық құры­лымдарымен келісім-шарт жасадық. Зауыт ауылдағы жұмыс­сыздықтың алдын алуға да септігін тигізіп отырғанын айтқан жөн. Тұрақты жұмыс, жоғары жалақы алатындар ұжымдағы еңбек өнімділігінің артуына өз үлестерін қосатыны анық, дейді. Жаңа зауыттағы жұмысқа тартылған­дардың бірі Жайдар Нұғыманов та өзінің ризашылығын  білдірді. –Жұмыссыз отыр едік. Зауыттың ашылғаны бізге жақсы болды. Оның үстіне айлығы да көтеріңкі. Тек тапсырылған жұмысқа деген тиянақтылық қажетт­ігін түсінеміз. Көрсетілген сенімнен шығу үшін қайтарымды еңбек етеміз, – дейді жарқын көңілмен. Агрокешенді дамыту бағдар­ламасының аясында жүзеге асқан инвестициялық жобалар қатарын­дағы жаңа зауыт осылайша өз жұмысын бастады.  Майбұр­шақ­ты өңдеу арқылы шығарылған қапталған дайын өнім  белгіленген нысандарға жол тартты. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.