Мирас • 21 Маусым, 2024

Жамбының аты

91 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ерте заманда қазақ мер­гендері ат үстінде шауып келе жатып сырық басына іліп қойған жамбыны атып түсіру үшін ат таңдаған. Өйткені мерген мінетін ат толық үйретілген әрі се­зімтал, иесінің тақым қы­суы мен тізгін қаққан сәтін қалт жібермей аңға­ратын ақылды, шабысы өте жайлы, жұмсақ болғаны дұрыс.

Жамбының аты

Сол себепті бағзы заман­да мергендер жамбы ату үшін жүрісі тай­палған су жорға мінетін болған. Өйткені жорғаның жүрісі жайлы, жылдамдық ырғағы біртекті. Мұндай жылқыны қазақ «жамбы аты» деп әспеттеген. Жамбының аты – шауып немесе жор­ғалап келе жатып, нысана – жам­быға жақындағанда қозғалысын аса жайлы тыныш ырғаққа ауыстыра білетін қабілетті болуға тиіс.

Көне деректерде мерген астын­дағы атының төрт тұяғы жерден бір сәтке қатар көтерілетін кезін түйсігі арқылы аңдайтын болған. Дәл осы кезде жебе босатқан жағдайда оның нысанаға дөп тию мүмкіндігі зор.

Халқымыздың тарихи жырлар санатына жататын «Бөгенбай ба­тыр­дың бірінші жорығы» атты жыр­да (Молдажан Жадайұлының нұс­қасы. – Бабалар сөзі: Жүз том­дық. – Астана: «Фолиант», 2004. 58-том.147-б) ба­тырдың жамбы ату үшін мінетін атын «Жамбы кер» атағаны айтылады:

«Екеуі қала берді амандасып,

Бет алып тартты жалғыз Күншығысқа.

Хош айтып жүріп кетті Бөкең батыр,

Астында жамбы кер ат, қолда шатыр».