Мәселен, биыл Непал азаматы Ками Рита ең биік шың – Эвересті 30-рет бағындырып, әлемдік рекорд орнатты. Ол бала күнінен альпинистік экспедицияларда жүк тасушы болып жұмыс істеген. Ал Гималайдың биігіне 1994 жылы алғаш рет шығады. Содан бері бұл оның қалыпты жұмысына айналған. Әрине, айтуға оңай. 1953 жылдан бері Эверест шыңына 5000-нан астам альпинист көтерілсе, олардың 200-ге жуығы шыңды бағындыру жолында өмірімен қоштасқан.
Шыңға шыққан шымыр ұл
Эвересті бағындырған ең жас альпинист – америкалық Джордан Ромеро. Ол 2010 жылдың мамырында әлемнің биік нүктесіне шығып, 13 жасында алты құрлыққа аты тарады.
Джорданның әкесі Паул баспасөзге берген сұхбатында: «Балам мектептен шығып, көлікке отыра бере өзінің арманын айтты. Ол əлемнің ең биік жеті шыңын түгел бағындыруды қалайды екен. Сол сəтте мен оны сөзсіз қолдадым» дейді. Осылайша, өзінің асқақ арманы мен әкесінің селкеусіз сенімінің арқасында Р.Джордан 13 жасында Эвереске табаны тиіп, ал 15 жасында дүние жүзіндегі ең биік жеті шыңды бағындырған əлемдегі ең жас альпинист атанды.
Жалғыз жортқан жанкешті
Әр спорттың толып жатқан рекордтары бар. Соның бірі италиялық Райнхольд Месснерге тиесілі.
Мұзартқа өрлеген мұзбалақтардың экспедиция құрамында болып, биік шыңды бірігіп бағындыратыны белгілі. 1924 жылдан бері солай. Ал 1980 жылдың 20 тамызында Райнхольд Месснер әлемді дүр сілкіндірді. Бұл жолы жанкешті альпинист Эвереске экспедициясыз, жалғыз өзі көтеріліп, «Әлем шатырына» туған елінің жалауын қадады.