Спорт • 22 Маусым, 2024

Жарыс күнделігі

35 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Футзалдан Қазақстан ұлттық құра­масының капитаны, әйгілі қақпашы Игита Алматының «Қайратымен» қош айтысып, келесі маусымды «Семейдің» сапында өткізетін болды. Сондай-ақ «Феррао» деген бүркеншік есімімен танылған Карлос Вагнер Гуларте Фильо да қазіргі кезде Абай облысында жасақталған командамен келіссөз жүргізіп жатыр. Соңғы 10 жылын «Барселонада» өткізген Бразилияның атақты футзалшысы 2019, 2020, 2021 жылдары қатарынан үш рет төрткүл дүниенің теңдессіз ойыншысы деп танылды.

Жарыс күнделігі
  • Fight Matrix интернет порталы UFC-де күш сынасып жүрген аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаевты (20-2-0) аса жеңіл салмақтағы ТОП-15 спортшының қатарына қосты. Бұл тізімде бразилиялық Александр Пантожа (28+5+0) көш бастап тұрса, екінші және үшінші орындарды америкалық Брэндон Ройвел (16-7-0) мен мексикалық Брендон Морено (21-8-2) иеленген.
  • Италияның астанасы – Римде шымыл­дығы түрілген Париж Олимпиадасының іріктеу турнирінде Диана Тасжанова, Ксения Игнатова, Софья Сподаренко және Әділбек Мусин сынды жүзушілер өнер көрсетеді.
  • Таиландтың Район аймағында байдарка мен каноэде есуден жастар мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасы 30 жүлде олжалады. Ол медальдардың 11-і алтын, 7-еуі күміс және 12-сі қола.
  • Халықаралық конькишілер одағы (ISU) шорт-тректен келесі маусымның жарыс­тар кестесін жариялады. Жасөспірімдер ара­сын­дағы әлем кубогінің алғашқы екі кезеңі Алматыда өтеді. Алғашқы жарыстың тұсауы 7 қарашада кесілсе, екіншісі 13-15 қараша аралығында ұйымдастырылады.
  • Бұл күндері дзюдодан Қазақстанның әйелдер құрамасы Хорватияда оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Сол жақта Әбиба Әбу­жа­қынова (48 кг), Ғалия Тынбаева (48 кг), Есмиг­үл Куюлова (63 кг), Кәмила Берліқаш (+78 кг) және Назгүл Маратова (+78 кг) тер төгуде.
  • Мальтада су добынан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі басталды. Аталған жарыста Әділ Темірханов пен Мәди­хан Махметов жетекшілік ететін отандық ватерполшыларымыз да өнер көрсетуде.
  • Танымал көркем гимнасшысы Елжана Таниева Италияның Миланында өтіп жатқан әлем кубогінің соңғы кезеңдік сайысында бақ сынауда. Қазақ қызы бұл жарысты Олимпия ойындарына даярлық ретінде қарастыруда.