Қоғам • 23 Маусым, 2024

Әрі офицер, әрі ақын

91 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағандылықтар облыстық полиция депар­таментінің тәрбие және кадр жұмысы бас­қарма­сының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Қуаныш Медеубаевты әуелі ақын ретінде таниды, одан кейін барып погон таққан полицей ретінде біледі.

Әрі офицер, әрі ақын

Олай болатын да жөні бар. Қуаныш Абдоллаұлының ал­ғашқы өлең жинағы универ­си­тетте жүріп жа­рыққа шы­ғады. «Жан-Арым» атауымен. Профессор Нұр­лан Дулат­бе­ковтің тіке­лей қолдауымен. Сөйтіп, Қараған­дыдағы әдеби ортаға осылай қадам басады.

Арагідік «Орталық Қазақ­стан», «Балқантау» газеттеріне қоғамдағы өзекті тақырыптарға өткір тоқталып, өзінің ой-тол­ғауларын жазып тұрды. Жаны жазуды жақсы көргендіктен, журналист болғысы келген арманы басқаша орындала­ды. 2014 жылы облыстық поли­ция департаментінің баспа­сөз қызметіне жұмысқа қабыл­данады. Сонда жүріп по­ли­ция қызметкерлерінің қызы­ғы мен шыжығын, құқық қор­ғау органындағы жылт еткен жаңа­лықтарды өңірдегі газет бет­терінде көрсете білді. Облыс­тық «Saryarqa» телеарнасында­ғы «Заң және заман» бағдарла­ма­сы арқылы да халыққа орган­дағы өмірдің қыр-сырын жеткі­зіп жүрді.

Баспасөз саласындағы жұ­мыс­тарды ұршықша иіріп, ұтым­­ды ұйымдастыра біл­ген қыз­меткер 2019 жылы депар­та­менттің идеология мен имид­жіне жауапты Тәрбие және кадр жұмысы басқармасына ауысады. Бұл басқармадағы шаруа да Қуаныш Абдоллаұлына аса таңсық емес. Осында жүріп ерекше тапсырмалар жөнін­дегі аға инспектор лауазымына дейін жоғарылайды, қазір майор­ шенінде.

Мұнда қандай қызмет ат­қа­рады? Департамент қыз­меткерлерінің, яғни әр поли­цей­дің патриоттық рухын кө­теру мақсатында түрлі мәдени іс-ша­ралар ұйым­дастырады. Мәсе­лен, ерлік көрсеткен қыз­меткерлердің батыл­дық­тарын насихаттап, үлгі етеді. Ішкі істер органының ардагерлері­­мен­ «Ерлік сабақтарын» өткізе­ді. Яғни жас полицейлерге олар­дың ­даңқты жолдарын үлгі етеді. Үнемі театр, кинотеатр секілді басқа да мәдени ұйымдармен бірлесе жұмыс істейді. Рух кө­тере­тін қойылымға, киноға баруын ұйымдастырады. Былай­ша айтқанда, әр полицейдің имиджіне жауапты.

«Ақын үшін полицей болу әжептеуір ауыр. Әйтпесе, қара­пайым полиция қызметкері болсаң бар күш-жігеріңді аянбай жұмысқа арнайсың. Ақын ретінде өз шығармашылығы­ңа еркіндік беру мүмкіндігі сәл ­ауырлау. Десе де басшылық үне­мі қолдау көрсетіп, шығар­ма­­шылығыма еркіндік беріп тұ­ра­ды. Нәтижесінде, полицияға деген халықтың оң көзқарасын қа­лыптастыруға бірнеше өлең, патриоттық бағыттағы әндерге сөздер жазылды. Бейнероликтер мен деректі фильмдер түсіріл­ді. Ол, әрине, жалғыз менің ең­бегім емес. Департамент­тегі «Еңбек және ерлік даңқы» му­зейінің директоры Айжамал Бекішқызы мен баспасөз қыз­меті саласындағы әріптес дос­тарымның арқасында», дейді Қуаныш.

Осыдан он жыл бұрын ақын Дәурен Берік­қажыұлының қол­дауымен «Қара жәшік» атты кітабы жарыққа шығып, оны әдеби орта жылы қабыл­дады. Ал оқырманнан оң баға алады. Сыршыл өлеңдері испан, түрік, француз, әзербайжан тілде­ріне аударылып, қазақ ақындарының ұжымдық антологиясына енген. Испан халқының ғана емес, әлем ақыны атанған Хосте Хорхе Падрон «Әлемдегі 30 елдің ақындарының ішінде полиция қызме­тінде жүрген ақынды бірінші рет кездестірдім», деген пікір білдіріп, поэзиясына бас бармақпен баға беріпті.

Одан бөлек, Қуаныш Абдол­лаұлы бірнеше әнге сөз жазған. «Жасай бер, Қазақстан», «Ана­шым», «Ару қалқа қыз» секілді әндері елдің аузында кең тараған.

Мұнымен қоса ақын полицей төрт ұл, үш қыздың әке­сі. Демек жұбайы Жадыра Серік­бекқызының азаматының жа­ғасына кір, көңіліне кірбің түсірмей, қолдауы да үлкен ша­­руа. Жадыра жанына жақын кә­сіп­пен, яғни тігінмен айналысады. Тапсырыспен перде тігіп, отбасының табысын еселеп отыр. Ақын Қуаныш «Ба­лаларым – көз қуанышым, кө­ңіл нұрым. Жұмыстан шыға солар­ға асығамын. Жалпы алған­да өлеңде де, өмірде де арманы орындалған жанмын», дейді. Олай болса, біз де Қуаныш үшін қуа­ныштымыз.

 

Қарағанды облысы