Жаңа үй алған адамдардың қуанышында шек жоқ. Бұл үйлердің алғашқы 53-ке қарағанда артықшылығы да бар – от жағатын пеші үйде емес, далада, үй іргесінде орналастырылған. Сонымен бірге үйлердің кеңдігі бұрынғыға қарағанда 8 шаршы метрге артық.
Сөйтіп, жаңа «Бірлік» шағын ауданына салынбақшы 700 үйдің 100-нің кілті тапсырылды. Президенттің тапсырмасы кезең-кезеңмен орындалып келеді. Демеушілердің қолдауымен қалған үйлердің құрылыстары да қызу жүргізіліп келеді. Сонымен бірге мұнда мектеп, балабақша, емхана, дәрігерлік бекеттер құрылысы да жүргізіледі. Балабақшаның қабырғалары қазірдің өзінде көтеріліп қалған. Мұнда келетін автобус бағыттары да көбейген.
Үй алғандардың бірі – Наталья Науменконың отбасы. Қайтыс болған қызының үш баласын өсіріп отырған кейуана биыл үйлерін су басып, далада қалғанда көз жасына ие бола алмағанын айтады. «Үй салып береміз, далада қалдырмаймыз» деген сөзге қуанғанымызбен, ол үй қашан бітеді, жаз бойы қайда тұрамыз деген уайымнан арыла алмадым. Енді, міне, жаздың басында-ақ тамаша үйге қоныстандық. Балалардың ойнауына ауласы қандай кең. Президентке айтар алғысым шексіз, уәдесін дәл уақытында орындады. Енді жаз бойы үйімізді өзімізге ыңғайлаймыз. Жерімізге топырақ алғызып, көшкіндер де отырғыза бастаймыз, жаңа үйде жаңа өмірімізді бастаймыз», дейді ол қуанышын жасыра алмай.
Бұдан бұрын жазғанымыздай, «ЗИКСТО» АҚ көмек ретінде үй жиһаздары мен тұрмыстық техникалар әперуге уәде берген. Мына үйге де тоңазытқыш, газплита, кір жуатын машина және жиһаз сыйлапты. Ең қажетті тұрмыстық заттар. Енді балалар кең үйдің бұрыштарын өздеріне меншіктеуге жанталасып жатыр.
Әрине, кейбір үйлер әлі толық аяқталмаған. Мысалы, Анатолий Зильге берілген үйдің ішкі жұмыстары әлі 2-3 күндік жұмысты талап етеді екен. Бақытқа бөленгендердің бірі – Куминовтар отбасы. Ерлі-зайыпты екеуі ғана тұратын бұлардың қуанышында да шек жоқ. Айтуларына қарағанда, бұрынғы тұрған үйлері 65 шаршы метр екен. Әрі ол үй бәлен жылғы ескі көрінеді. Енді 90 шаршы метрлік хан сарайындай үйге түсіп тұр. «Үй бізге қатты ұнады, тынысы кең, жарық. Енді тезірек үйдің ішін қалыпқа келтіріп, жиһаздар мен тұрмыстық техникаларымызды орналастыруға кірісеміз. Бізге тез арада үй салып берген жандардың бәріне алғысымыз шексіз», дейді үй иесінің зайыбы Светлана Куминова.
Рустам Қожахметов есімді жас жігіт те тамаша үйлердің біріне кірді. «Өз басым мынадай үй алармын деп ойлаған жоқпын. Жайнаған, жарқыраған үй менің екі балам мен жарымды да қуантып жатыр. Балаларым бір бөлмеден екіншісіне жүгіріп, ойнап кетті. Президентке, оның тапсырмасын орындаған Үкімет пен жергілікті билікке шын жүректен алғысымды айтамын», деді ол. Ботагөз Айтмағанбетова Ойқалада 20 жыл тұрғандарын айтты. «Үйіміздің ішіне су кіріп кеткенде, бұл дүниедегі бақытсыз жан жалғыз біз секілді көрдік. Бірақ ел тастамады, Президенттің өзі келіп, үй береміз, уайымдамаңыздар, далада қалдырмаймыз деген еді, енді, міне, сол кісінің сөзінің шындығына көзіміз жетіп отыр. Алғысым шексіз. Басқа да қолдау білдіргендерге, демеушілерге шын жүректен алғыс айтамын», деді ол толқып тұрып.
Осы үйлер 40 күнде дайын болған екен. Алғашқысымен қосқанда 40 күнде барлығы 100 үй пайдалануға берілді. Ең бастысы үй ең қажетті дүниелерімен толыққан.
Солтүстік Қазақстан облысы