Қоғам • 22 Маусым, 2024

Әдеп әдетке айналса игі

73 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңа заң тек бұқаралық ақпарат құралдарын емес, сонымен қатар интернет-ресурстарды да қамтитын «масс-медиа» деген кең мағыналы ұғымды енгізді. Бұл жаңалық ақпарат кеңістігіне жалған немесе сапасыз ақпараттың мейлінше түсуіне кепілдік береді. Сонымен қатар ақпараттық контент жасаушылардың жауапкершілігін арттырады.

Әдеп әдетке айналса игі

Фото: elorda.info

Ендігі жерде қалам ұстаған барша қа­уымды осы ортақ атау аясында дәстүрлі БАҚ, интернет-басылымдар мен ресурстар құр­­мет­теуге тиіс құқықтар мен міндеттер бірік­тіреді.

Ел Конституциясы сөз және шығар­ма­шылық бостандығына кепілдік береді, цензураға тыйым салынады. Әркімнің заңмен тыйым салынбаған кез келген жолмен ақпаратты еркін алуға және таратуға құқы бар. Дегенмен ақпараттық ресурстар мен әлеуметтік желілерді пай­даланушылардың барлығы бүгінде медиа-кеңістікті бақылайтын тек уәкі­летті органдар емес екенін түсінуі керек. Әлеуметтік желі­­лер әкімшілерінің өшпенділік, алауыздық туды­ратын сөздер және басқа да «өткір» тақы­рыптарға арналған ак­каунт­­­тар мен парақ­шаларын қатаң түрде бұғат­тай баста­ға­нының түп-тамыры осыған келіп тіреледі.

Жаңа заңның зорлық-зомбылық құр­­бандарын, оның ішінде, ең алдымен балалардың мүдделерін қорғайтын бап­тар­дың мән-маңызы ерекше. Айталық, масс-­медиада еңбек саласында кемсітушілік сипат­тағы талаптарды қамтитын, жұмысқа қа­­­был­дау үшін бос жұмыс орындары тура­лы ақ­паратты орналастыруға тыйым салынады. Сондай-ақ ата-анасы жəне өзге де заңды өкіл­дері туралы ақпаратты қоса алғанда, адамның дербес жəне биометриялық деректерін анықтауға мүмкіндік беретін өзге де ақпаратты таратуға тыйым салынады. Заңды негіздерде жүзеге асырылатын масс-медиа өнімін таратуға жеке немесе заңды тұлғалар, сол сияқты мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары тарапынан кедергі жасауға, заңсыз тəркілеуге, сондай-ақ масс-медиа өнімін жоюға заңды күшіне енген сот шешімi негiзiнде болмаса, жол берiлмейдi. Сонымен қатар, заң өз-өзіне қол жұмсау әдістері туралы және өзін-өзі өлтіруге итермелейтін ақпаратты таратуға тыйым салады.

Заңда ақпараттың дұрыстығына жауап­кер­шілікке қатысты, деректерді тексеру қажеттілігі туралы бірнеше рет атап өтіл­ген. Енді бұл тек журналистердің ғана емес, барлық контент жасаушылардың мін­­детті жұмысы. Осыған орай, «Интернет-плат­­фор­малар және интернет-жарнама тура­лы» заңға сәйкес, Әкімшілік құқық бұзу­шы­лық туралы кодекске жаңа баптар енгізілді.

Қазірде журналистердің этикалық кодексін жетілдіру қажеттігі туралы жиі айтылады. Сол үшін де заңда БАҚ қызметін өзін-өзі реттеуге бағытталған әлеуметтік және кәсіби кеңестер құру қарастырыл­ған, олар сонымен қатар журналистік этика мәселелерімен айналысатын бо­лады. Масс-медианың негізгі міндеттері тізбектелген 4-баптың 4-тармақшасында өзін-өзі реттеуге көшу туралы айтылған. Сайып келгенде, өзін-өзі реттеу – медиа қоғамдастықтың күнделікті қызметі. Сол тұрғыда заң журналистерді кәсіби этика мен этикалық мінез-құлықты сақтауға міндеттейді. Естеріңізге сала кетелік, бұған дейін БАҚ туралы заңда этика мәселесі арнайы сөз етілмеген, этикалық кодекстерді қабылдау мен оны жүзеге асыруға қатысты барлық мәселе медиа қоғамдастықтың өз құзырында болатын. Айтары жоқ, этиканы бұзу фактілері өте көп. Бұрын да аз емес еді, енді әлеуметтік желілердің дамуымен, бұл тақырып тіпті өршіп кетті.

41-бапта бұқаралық ақпарат құрал­да­рының қызметін өзін-өзі реттеу мəселелері жөніндегі қоғамдық-кəсіптік кеңес медиасаланы дамыту мақсатында ерікті негізде құ­рылады, дегенмен кеңес өз қызметін уəкілетті орган бекіткен үлгілік ереже негі­зінде жүзеге асырады деп белгіленген. Қо­ғамдық-кəсіптік кеңестердің негізгі – функ­циясы журналистердің əдеп кодексін əзір­леу. Келесі тармақша мемлекеттік орган­дардың жауапкершілігіне қатысты: «Бұқа­ра­лық ақпарат құралдарының қыз­метін өзін-өзі реттеу мəселелері жөнін­дегі қоғамдық-кəсіптік кеңестердің ұсы­ным­дары мемлекеттік органдардың міндетті түрде қарауына жəне ден қоюына жатады».

Осы ретте уәкілетті органдар стандартты ережелерді әзірлеп қана қоймай, олардың сақталуы әлеуметтік-кәсіби кеңестердің ұдайы бақылауында болуға тиіс екеніне назар аударғаны жөн. Ал эти­калық қателерді мемлекеттік органдар емес, бұқаралық ақпарат құралдары әш­ке­релеп, түзетуі керек. Бірқатар елде аталған этикалық қағидалар саусақпен санарлық, бірақ ең бас­тысы, олар жүздеген жыл бойы өз міндетін абыроймен атқарып келеді.

Кез келген ақпаратты тыңғылықты тексеріп алып барып жариялау, қабылдау қажет. Тіпті қазіргі таңда алдыңғы қатарға шығып келе жатқан жасанды интел­лекті­нің мүмкіндіктері де әрқашан жақсы мақсаттарға жету үшін пайдаланыла бермейді. Ел тұрғындарының ақпараттық сауаты айтарлықтай төмен, оның ішінде көбіне үлкендер жағы ақпараттық алаяқ­тар­дың құрбанына айналып жатады.

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 20 нау­­­­рызда қол қойған Ақпараттық док­три­на­да еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі БАҚ пен азаматтарымыздың ақпараттық са­уаттылығына байланысты екені атап айтылған. Сол тұрғыда, медиасауаттылық мәселесіне барынша байыппен қарайтын, оның қыр-сырына адамды ерте бастан үйрететін уақыт жетті. Сонда ғана келешек ұрпақ медианы жауапты жасаушылар, ақпаратты сауатты тұтынушылар болады.