Фото: qazdauiri.kz
Бас редакторлар клубы еліміздің түкпір-түкпіріндегі әріптестеріміздің пікірлерін жинап, «Масс-медиа туралы» заңға қатысты ұсыныстарын білдірген болатын. Жаңа заңда солардың 60 пайызға жуығы ескерілгенін көріп отырмыз.
Бұрынғы БАҚ және телерадио хабарларын тарату туралы заңдар алдағы уақытта күшін жойып, олардың ережелері негізінде қабылданған жаңа заң өз күшіне енеді. Бұл заңда көптеген тың ережелер қарастырылған. Біз Бас редакторлар клубында өткен талқылауларда журналист мүддесінің, құқының ескерілуіне ерекше мән бердік.
«Масс-медиа» түсінігі БАҚ-қа қарағанда анағұрлым кең әрі ауқымды. Бұған интернет-ресурстары да еніп отыр. Соған орай бірыңғай платформа құрылады. Сондай-ақ мемлекеттік емес БАҚ-қа гранттар беру, аккредиттеуді жеңілдету мәселесі, т.б. қарастырылды.
Журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгіленді. Әсіресе бір қуанатын жаңалық – журналистің ерекше мәртебесі деген ұғым еніп отыр. Біз ұсыныстарымызда да осы мәселеге екпін беріп айтқан едік. Өйткені журналист – не мемлекеттік қызметші емес, не бюджеттік сала қызметкері емес, ортада қалып қойған еш салаға қатысы жоқ маман болатын. Бұдан былай олардың бостандықтары мен құқықтары заңмен қорғалады. Бұны журналистің мәртебесі деп түсіну керек. Ал бұған дейін нақты мәртебесі болмағандықтан, көптеген шенеунік журналиспен жүре сөйлесетін еді. Сонымен қатар шетелдік БАҚ журналистерін аккредиттеу тәртібі де жетілдірілді. Бұны да осы заңның артықшылықтарының бір деп қарау керек.
Тағы бір үлкен жетістік – БАҚ тарапынан мемлекеттік органдарға берілген сұрақтарды қарау мерзімі 7 күннен 5 күнге қысқарды. Енді әріптестеріміз жолдаған сауалына бір апта сарылып жауап күтіп жүрмейді. Бұл өз кезегінде ақпараттың өзектілігі жойылмауына да септігін тигізеді.
Заңда журналистердің құқын қорғайтын қоғамдық кеңестер құру туралы айтылған. Бұл ұйымдар республикалық және облыстық деңгейлерде құрылады. Олардың негізгі қызметі не? Қазір, шыны керек, біраз әріптесіміз «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп аузына келгенді жаза беретін болды. Мұны әсіресе блогерлерден байқап жүрміз. Осыған орай бұл кеңестерде журналистерге арналған әдеп кодексін әзірлеуге байланысты мәселелер қарастырылмақ.
«Масс-медиа туралы» заңда бұдан өзге де біз көптен күткен жаңашылдық қамтылып отыр. Соның бірі – мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясын кеңейтуге қатысты. Отандық БАҚ-та мемлекеттік тілдегі контенттің үлесі 50 пайыздан 60 пайызға ұлғайтылады. Біз 70 пайызға көбейтуді ұсынған едік. Бірақ Парламентте 60 пайыз деп шешім қабылдапты. Бұл да жаман көрсеткіш емес. «Көш жүре түзеледі» дегендей, алдағы уақытта ол мақсатымызға да жетерміз.
Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,
«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті