Еңбек • 22 Маусым, 2024

Қырық жылғы еңбектің жемісі

193 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жамбыл технологиялық жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтын бітіріп, Қазалы ау­дан­дық қаржы бөлімінің кірістер бо­йынша инспекторы қызметіне кіріскені кеше ғана сияқты еді. Алты ұлдың ортасында өскен ерке қызға Қазынагүл деген есімді әжесі берген екен. Азан шақырып қойған аты болашақ кәсібіне жол ашыпты. Қазір кейіпкеріміз Қазынагүл Бәкенованың бюд­жет саласында қызмет етіп келе жатқанына 40 жылға жуық­­тапты.

Қырық жылғы еңбектің жемісі

Сол кездегі заман талабына сай орыс мек­те­бінде білім алды. Әке­ле­рі Сухан өмірден ерте өтіп, жеті баланы аналары Раушан жет­кізді. Жалпы, қай салада да қыз­мет­тің барлық сатысынан өткен маманның тәжірибесі толысады.

«Біздің кезімізде жас кадрларға қолдау көп еді. Жұмысын жаңа бастағандарды тәжі­рибелі маман­дарға бекітіп беретін. Алғаш жол көрсеткен тәлімгерім соғыс ардагері Күн­туған Көшімов деген ағамыз болды. Қазір Алматы қаласында тұратын Кемал Смағұ­лов ағай­дан да үйренгенім көп. Жұмыста жаңа бас­таған сәттегі Зейнеп Тасмағамбетова, Ұлтуған Әбді­баева, Базаркүл Нысанға­лиева, Жақсыбике Жұмах­метова, Анар Әниязовадай апайлардың жана­шырлығы естен кетпейді. Әсіресе марқұм Зей­неп апай 20 жылдай бір кабинетте қатар отырып, маған жұмыстан бөлек адамдармен қарым-қа­тынастың қыр-сырын үйретті. Алдыңғы буын­ның осындай қамқорлығы арқасында маман ретінде қалыптастық», дейді Қазынагүл Сухан­қызы.

Әр жылдары аудандық экономика және бюд­жеттік жоспарлау бөлімінің бөлім­ше­ жетекшісі, сек­тор меңгерушісі, бөлім басшысының орынбасары қызметтерін атқарғанда алдыңғы буыннан үйренгенінің көмегі көп тиді. Былтырдан бері аудандық экономика және қаржы бөлімі бас­шы­сының орынбасары қызметін атқарып келеді.

Кейде екі дәуірдегі мемлекеттік қызмет саласын салыстыратыны бар. Кеңес кезінде бөлімде ревизиялық функция да бар еді. Сол арқылы мекемелерге тексеру жүргізілетін. Қазір бұл саланың жауапкершілігі өте жоғары. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындық мемлекеттік қызметтегілерге де жеңіл тиген жоқ. Талай білікті мамандар жауапкершілігі көп, жалақысы аз жұмысын тастап, басқа сала­лар­ға кетіп жатты. Бірақ осы қиындықта та Қазынагүл қызмет ауыстыруды ойламапты.

2000-жылдар басында Қы­зыл­­ор­да облысы іс қағаздарын алғаш болып мемлекеттік тілге көші­р­гені есте. Сол кезде орыс мек­тебін бітір­ген­­діктен аздап қинал­ды. Осы тұста бөлім басшы­сы, жас та болса біліктілігімен таныл­ған мықты ма­ман Гүлбақыт Нарма­ғам­бетованың көмегі көп тиді.

Қызметте жүріп талай талапты жасқа жол көр­сетті. Со­лар­дың бірі – Нұрдәулет Айма­ғам­бе­тов бюджеттік жоспарлау секторының мең­герушісі. Бюд­жеттің қыр-сырын игертуге жа­са­ған жәрдемі зая кетпеді. Қазір шәкірті бола­ша­ғы­нан үміт күтті­ре­тін маманның біріне айналды.

«Көп жылдан бері бағам­дағаным – бұрынғы қызметкер мен бүгінгі маманның айыр­ма­шы­лығы жер мен көктей. Кейде басшылықтың ес­керт­песін көтере алмай, қабағы түскен жас әріп­­тестерім келеді. Ондай­да баяғыда өзіме қам­қорлық танытып, қанатының астына алған қыз­мет­тес апаларымның үлгісімен жөн-жобасын айтып, арқасынан қағып қоямын. Өйткені көп адам­ның қолынан шығатын жұмыстың нәтижесі де, сапасы да ұжымның бірлігіне байланысты. Шынын да, сырын да жасырмайтын жастармен сөй­лесе отырып, кезіндегі әріптестерім еске тү­седі. Өмір жолымда осындай жақсы жандармен қыз­­ме­ттес болғаныма шүкірлік айтамын», дейді Қ.Бәкенова.

Арқа сүйер азаматы Береке Рахметалиев дүниеден озғанда жақын-жуықтарымен қатар қызметтестерінің қолдауымен еңсе тіктеді. Кейіпкеріміз қызметте жүріп бала тәрбиесін де тыс қалдырмады. Балалардың үлкені Қымбат Берекеқызы қазір Германиядағы Розенхайм қаласында денсаулық сақтау саласындағы сарапшы қызметін атқарады. Одан кейінгі Гүлжай­насы Қызылордадағы Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатында ағылшын тілінің мұғалімі. Ұлы Аян аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы. Кенжесі Ақбота Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінде оқиды.

Мемлекеттік қызметтегі 40 жылы ізсіз емес. Аудандағы бар саланың табысында маман ретінде кейіпкеріміздің де үлесі бар.

 

Қызылорда облысы,

Қазалы ауданы