Мұхит Сайлауұлы басқаратын өңір – халық санынан да, жер бедері жағынан да ең үлкен аудан. Мұхиттың Шетке әкім болып келгеніне төрт жылдан асты. Енді ғана әкім боп тағайындалған еді, ковид індеті көп шаруаны іркіді. Бірақ ауыл-аймақтағы мәселелердің бәрін іштен білетін Мұхит Сайлауұлы аудан инфрақұрылымын дамытамын деп өз-өзіне уәде берген. Президенттің ауылды көтеру жөніндегі пәрмендерін, облыс басшысының осы тұрғыдағы тапсырмаларын сәтті орындап отыр.
Аудан басшысы – осы өңірде өсіп-өнген азамат. Еңбек жолын осындағы әкімшіліктен бастаған ол мемлекеттік қызметтің бірнеше баспалдағынан өтеді. Алғашқы еңбек жолы да қызық басталады. Әкесі қалада жүрген ұлын жұмысқа орналастырамын деп, ауылға шақырып алады. Сол кезде аудан әкімінің орынбасарына жүргізуші қажет болып, оған өтініш жазады. Әкімшілік қызметкерлері Мұхит Сайлауұлының «инженер-механик» мамандығы бойынша дипломы барын көріп, өндіріс бөліміне маман болып өтінішін қайта жаздырады. Сол кезден бастап, мемлекеттік қызметтің қазанында қайнайды. Тәжірибе жинақтайды. Құрылыс, сәулет және коммуналдық шаруашылық бөлімінде де еселі еңбек етеді. Әбден қызметтің машақатын сезінген маманға өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімін тапсырады. Оны да ойдағыдай басқарады. Келе-келе аудан әкімі аппаратына жетекшілік етеді. Қазіргі басшылық қызметіне дейін аудан әкімінің орынбасары болады. Сөйтіп, 1997 жылдан бері мемлекеттік қызметтің ыстық-суығын көріп келеді.
Әу баста айта кеткеніміздей, жаңа тағайындалған әкімнің алдында инфрақұрылымды дамыту арқылы аудан жұртшылығына игілік сыйлау міндеті тұрды. Қызметіне кірісе салысымен Бұрма ауылындағы су құбырын қайта жаңартады. Ақсу, Қызылтау, Ақбауыр, Қызылқой, Бекет, Еркіндік, Ақой, Өспен аулына су құбырын тартады. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында бірнеше ауыл жұрты сапалы ауыз сумен қамтылады. Ал биыл Ұлттық қордан 310 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, Ақсу-Аюлы ауылдық округінің Еңбекшіл аулында таза ауызсу жүйесінің құрылысы басталды. Бұл жұмыс келер жылы аяқталып қалады. Мұнымен бұл бағыттағы жұмыс тоқтап қалмады. Көктіңкөлі округіне қарасты 56-разъезд бен Әлихан ауылдарына су құбыры тартылады. Жобаның сметалық құжаттары толығымен жасалды. Биыл Шопа, К.Мыңбаев, Қармыс, Ақтөбе, Қайрақты ауылдарына кешенді-блок модулі қойылады. Ақшатау кентіне су нысанын орнатуға 20 млн қарастырылып отыр.
Жол мәселесі де жолға қойылып келеді. Аудан орталығы Ақсу-Аюлы ауылының үш басты көшесіне асфальт төселді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында көптеген ауылдың іші асфальтталды. Инфрақұрылыммен игілік әкелемін деген негізгі күш салған жұмыстары – осы.
Аудан әкімі коммуналдық шаруашылықтың қыр-сырын әбден меңгеріп алған. Мәселен, аудан орталығында бұрын-соңды мүлдем болмаған кәріз жүйесінің құрылысы басталғалы тұр. Қазір электр желілері тартылып жатыр. Келер жылы құрылыс жұмысы аяқталып, ел-жұрт игілігін көреді. Ел арасында бұл да Мұхит әкімнен қалған ізгі із болып айтылады.
Білуімізше, Мұхит мырза үнемі ауыл-ауылды аралап, төселіп жатқан асфальтты, салынып жатқан әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысын қадағалап келуді қағидат етіп алған. Тағы бір ерекшелігі – жоба құжаттарын жатқа соғады. Салынып жатқан мектеп, ФАП, спорт кешені, жол болсын, қанша қаражат бөлінгені, мердігер ұйымға берілген мерзімді, құрылыс материалдары секілді қажеттіліктердің бәрін бір оқып өткеннен-ақ, санасына сақтап алатын қабілеті бар.
Мұхит әкімнің ел басқарудағы тағы бір тиімді тетігі – ірі инвесторлар тартуында. Сол арқылы ол халықтың әл-ауқатын жақсартып, аудан экономикасының даму динамикасын жоғарылататын едік дейді. Өзі қызметке кіріскелі бері аудан бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардан бюджетке 207,5 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылған. Алдағы 2024-2026 жылы инвестициялық жобалардан 130 млрд теңге капиталға түседі дейді.
Аудан көлемінде медицина, білім, мәдениет, спорт саласы бойынша да атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Біздің Мұхит әкімнің ел басқарудағы басты бағытын жеткізгіміз келді. Ол – жол мен су.
– Шыны керек, жиын-тойлардан гөрі өзімді ел ішінде жүргенде еркін сезінемін. Кәдімгі қайнап жатқан жұмыстардың бел ортасында жүріп, оларды бақылап жүрген ұнайды. Мүмкін, мемлекеттік қызметтегі жылдар барысында соны көріп шыңдалғаннан болар. Үнемі ауылдарды аралаймын. Кабинетте қамалып отырғаннан, жұмыс өнбейтіндей көрінеді. Өнбейді де. Елді көтеру ең әуелі ауылды көтеруден басталады. Біздің мойнымызда осындай үлкен жүк тұр. Ауыл жұртының сұрайтыны – ауызсу мен жол. Әлі де атқаратын жұмысымыз көп, мәселеміз де жетерлік, – дейді әкім.
Әкім баспана мәселесін шешуді күн тәртібінен түсірмейді. Ақадыр кенті мен Ақсу-Аюлы ауылындағы үй кезегін азайтсақ деген арманы бар. Сол себепті де жыл сайын жаңа үйдің кілтін кезекте тұрғандарға табыстайды. Ақсу-Аюлы аулының шетінен жаңа шағын аудан бой көтеруде. Қаз-қатар жаңа үйлер салынып, баспана кезегі біртін-біртін қысқара береді.
«Әкім болудың қиындығы алдыңа көмек сұрап келген жанға қол ұшын бере алмай, мәселесін шеше алмағаныңда қатты сезіледі. Шешкің келмегендіктен емес, шынымен қолыңнан келмей қалатын кез болады. Алдымызға үй сұрап келген аналардың жанарын көріп жаның ауырады. Сол себепті қандайда бір қаражаттың көзін таба қалсақ, тұрғын үй мәселесін шешуге бұрып жатырмыз. Барымызды баспана кезегін азайтуға саламыз», дейді Мұхит Сайлауұлы.
Рас, жалпы әкім атаулыға жүктелген міндет жетіп артылады. Мұншама міндетті мінсіз атқара білу екінің бірінің қолынан келмейді. Аудан басшысының мойнында қаншама қазақ аулының сенімі жатыр. Сол сенім үдесінен шыға білуді серт еткен Мұхит Сайлауұлының әкім болып, ел басқарудағы бағытын біз осылай бағамдадық. Бағасын халық береді.
«Шыны керек, мемлекеттік қызметте жүріп, балаларымыздың қалай өсіп кеткенін білмей қалдық», дейді әкім. Әкімнің жары Секер Қожанқызы да әлеуметтік салада ұзақ жыл қызмет еткен. Кейін үйдегі балаларына көңіл бөлейін деп жұмысын тоқтатады. Мұхит Сайлауұлы екеуі алты бала тәрбиелеп отыр. Ұлдары Нұрдәулет – қазақ күресі және дзюдодан спорт шеберіне үміткер. Бозкілемде белдесіп жүр. Бұл қасиет әкім әкесінен дарыған десе де болады. Өйткені жас кезінде бокспен айналысқан. Ал қазір үйінде күнара темір-терсек көтеріп, жаттығады. Спорт – серігі. Қолы қалт еткенде бильярд ойнайды. Бұл ойын адам ойын ұтқырлыққа, дәлдікке шынықтырып, бойын сергітеді. Сондықтан болар, Шет ауданының шаруагер әкімі қай істің басында болмасын сергек жүреді.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы