Ұлттық спорт • 24 Маусым, 2024

V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына 2500-ден астам спортшы қатысады

110 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына 2500-ден астам спортшы қатысады

Фото: ОКҚ

Қыркүйектің 8-13 күндері аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпелілер ойындары бағдарламасына 21 спорт түрі енді, оның жартысы - қазақтың ұлттық спорт түрлері, қалғаны - түркі елдерінің ұлттық спорт түрлері.

«Астанаға 89 елдің делегациялары келетіні расталды. Биылғы Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына 2500-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр», деді спикер ОКҚ алаңында.

Вице-министр спорттық инфрақұрылымға тоқтала келе, биылғы додада «бір сызық» концепциясы қолданылатынын айтты.

«Қабанбай батыр мен Тұран даңғылдарында орналасқан спорт нысандары пайдаланылады. «Астана Аренада» жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтеді, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында күрес түрлерінен жарыс өтеді, жеңіл атлетика манежі аккредитациялауға арналған. Сондай-ақ Ұлттық ат спорты түрлерін өткізу үшін «Қазанат» ипподромы реконструкциядан өткізіліп жатыр. «Думан» қонақ үйінде тоғызқұмалақ, мангала және басқа да спорт түрлерінен жарыстар өтеді», деп нақтылады С.Жарасбаев.

Сонымен қатар іс-шара шеңберінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылады.