Сенатор Зәкіржан Кузиев Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы жаңа қоғамдық этиканы орнықтыруда орталық органдар ғана емес, сонымен қатар өңірлік билік рөлінің маңыздылығын да атап өткенін, қоғамда өскелең өмірді бағдар ететін және дүниетанымның ажырамас бөлігіне айналатын ұстанымның кеңінен қанат жаюы үшін тиімді тетіктер іздеу мен ұсыну және ілгерілетуде орталық пен өңірлер тығыз байланыста жұмыс істеуі туралы айтқанын атап өтті.
Жобаның негізінде басты құндылықтар – заң мен тәртіп жатқанын айтқан сенатор биліктің заң шығарушы тармағының өкілдері үшін Президенттің «Заң алдында бәрі тең» деген сөзінің тереңдігі мен маңыздылығын түсіну – мызғымас қағида екеніне тоқталды. «Мемлекет ешқашан бассыздық пен хаосқа жол бермейді. Заңды барлық адам барлық жерде қатаң сақтауы керек. Біз заң шығарушылар ретінде заңнамалық нормаларды жасап қана қоймай, солардың негізінде қоғамдағы маңызды идеологиялық құндылықтарды дамыту мен нығайтуға мүмкіндік жасауымыз керек. Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы біздің дүниетанымымыздың бөлінбес бөлшегіне айналатын озық ұстанымдарды насихаттаудың тиімді тетіктерін іздеу, ұсыну мен дамыту міндетін алға қойды. Мемлекеттік аппарат пен барлық саламатты қоғамдық күштер осы жолда тізе қосып әрекет етуге тиіс. Міне, біздің жобамыз да осындай мақсатта өмірге келді», деді ол.
З.Кузиев жобаны іске асыру барысында халықтың өзекті мәселелері айқындалатынын, ол Парламент, мәслихаттар депутаттарының жұмысында және олардың өзара іс-қимылында көрініс табатынын жеткізді. «Біз өз жұмысымызда Ассамблеяның және өкілді биліктің өзекті мәселелері мен міндеттерінің барлық саласын қамтитын боламыз, сондай-ақ Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ҚХА өкілдері мен этномәдени бірлестіктер басшыларының қатысуымен жергілікті жердегі этносаралық қатынастар мәселесін тұрақты қарауды қамтамасыз етеміз. Біздің жұмысымыздың басты бағыты әрқашан этноәлеуметтік шиеленістің ықтимал ошақтарын анықтау және алдын алу болуға тиіс», деді ол.
Сенатор жоба аясында өткізілетін іс-шаралар жоспарына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының өкілдері республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен оларды толғандырған барлық мәселені талқылау мақсатында семинар-кеңес өткізіп отырмақ.
«Парламенттегі «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы өкілдерінің Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардағы мәслихаттармен өзара іс-әрекетін ұйымдастыру бойынша республикалық конференция жоспарланған. Парламент депутаттары үшін аймақтарға шығу кезінде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарымен кездесу өткізу міндетті болады. Аймақ мәслихаттары хатшыларының ҚХА этномәдени бірлестіктері және қоғамдық құрылымдарының өкілдерімен тұрақты кездесулері қарастырылған. Достық үйлерінде Парламент, мәслихат депутаттарының этномәдени бірлестіктердің, ҚХА құрылымдарының, халық өкілдерімен кездесуі үшін ай сайынғы «депутаттық сағат» ұйымдастырылады. Кері байланыс тетіктерін қалыптастыру үшін ҚХА тарапынан сайланған Сенат депутаттарының жауапты аймақтардағы барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарымен жұмыс кездесулерін тұрақты өткізу ұсынылады», деді З.Кузиев.
Сенатор ұлтаралық сипаттағы барлық кикілжіңдерді орталыққа жеткізбей, өз аймағында шешуге тырысу қажеттігін еске салды. «Бұл жұмысқа жергілікті мәслихаттардың өкілдері қатысуы керек. Ұлтаралық кикілжіңдердің 90 пайызы тұрмыстық сипатқа ие. Оны орталыққа жеткізбей, жергілікті деңгейде шешкен орынды әрі тиімді. Бүгін біз аймақтардағы мәслихаттар жанынан ҚХА депутаттық топтарын құрамыз. Мұнда тәжірибе бұрын болған және жақсы нәтижесін көрсеткен. Жалпы алғанда, ұлтаралық қатынастардың өзекті мәселелерін шешу мәслихаттардың күнделікті қызметінің негізі саналады, өйткені олар ел тұрғындарының бет-бейнесін көрсетеді», деді ол.
Жиын барысында сенатор Ольга Булавкина елімізде 100-ден астам этнос бар екенін атап өтті. Бұл біздің елімізді бейбіт өмір сүрумен қатар өзара сыйластық демократиялық құқықтық азаматтық қоғам құруға негіз болған әлемдегі көп этносты елдердің біріне айналдырады. «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар» қоғамдық жобасының ауқымындағы сындарлы диалог заңмен бекітіле отырып, қоғамдық, конфессияаралық және этносаралық келісімді сақтаудың негізгі құралдарының біріне айналады. Сондай-ақ пісіп-жетілген әлеуметтік өзгерістерді уақтылы және қолайлы шешуге, лайықты өмір сүру жағдайын жасауға ықпал етеді.
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Денис Рыпаков өңірлер мәслихаттарының және ҚХА құрылымдарының жұмысы туралы айтып берді. Мәселен, мәслихат төрағалары мен депутаттар кеңестердің отырыстарына, өңірлік сессияларға қатысады және этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездеседі. Жобаны іске асыру бұл жұмысты барлық өңірде жүйелеуге, мекемеаралық жұмыс жоспарлары мен жол карталарын әзірлеуге мүмкіндік береді.