Пікірталас алаңында әйелдердің дипломатияға қосқан елеулі үлесін көрсету, өзара тәжірибе мен идеялар алмасу, сондай-ақ осы саладағы гендерлік теңдікті одан әрі ілгерілету стратегияларын талқыланды. Іс-шараға БҰҰ-ның еліміздегі тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич, БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты дискриминацияны жою жөніндегі комитетінің (CEDAW) мүшесі Мәдина Жарбосынова, Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстандағы елшісі Кейтуметси Сейпело Тандека Мэтьюз, ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Дидар Теменов және басқа да еліміздегі дипломатиялық корпустың өкілдері, студенттер мен академиялық орта өкілдері қатысты. Олар дипломатия саласындағы әйелдердің елеулі жетістіктері жайлы сөз қозғап, өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісті және гендерлік теңдікті нығайтудың нақты стратегияларын ұсынды.
«Ұзақ жылдар бойы әйел елшілердің саны айтарлықтай төмен болған еді. 1968 жылы олардың үлесі 20 пайызды ғана құраған. Бүгінгі таңда ірі дипломатиялық қызметтерде әйелдердің үлесі 50-70% аралығында. Қазақстан осы бағытты ұстанып келеді, өйткені БҰҰ-ға өкіл ретінде ең көп әйел дипломатты тағайындаған ел – Қазақстан. Осы орайда мен Қазақстанды құттықтай отырып, жергілікті деңгейде де гендерлік теңдікке қол жеткізулеріңізге, яғни гендерлік арақатынастың 50/50 болуына тілектеспін», деп атап өтті БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори.
«Сізде «Мұндай елеулі күн неліктен университетте атап өтіліп жатыр?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұған бір себеп – университеттерде «Халықаралық қатынастар» мамандығына ерекше көңіл бөлінеді. Биыл Maqsut Narikbayev University-де осы оқу бағдарламасы бойынша алғашқы түлектер легі диплом алмақ. Бүгін студенттерге атаулы күннің маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік туып отыр», деп мәлімдеді Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Карбозова.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Нұрбек Матжани қазақ әйел дипломаттарының жүріп өткен жолы мен отандық дипломатияның негізін салудағы еңбектеріне тоқталды. Оған қоса, елімізде қызмет етіп жүрген шетелдік әйел дипломаттардың да рөліне баса назар аударып, олардың да дипломатия саласындағы гендерлік теңдіктің нығаюына өзіндік үлес қосып жатқанын атап өтті.
Айта кетсек, БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясында 24 маусым Дипломатиядағы халықаралық әйелдер күні ретінде бекітілген. A/RES/76/269 Резолюциясы барлық мүше мемлекеттерді, БҰҰ ұйымдарын, үкіметтік емес топтарды, академиялық мекемелерді және әйел дипломаттар қауымдастығын бұл күнді бұқараны ақпараттандыру және хабардар ету арқылы атап өтуге шақырады.