Аймақтар • 24 Маусым, 2024

Жидебайға сапар

68 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ертемен алыс сапарға жол алған көлік зырғып-ақ келеді. Бала күннен ұстаз тұт­қан ұлы ақынға барар жол. Бұл жол – ұзақ аңсардан, қою махаббаттан жаралған жол. Сезімнің сексен тілі болса да, жеткізе алмас шұңғыма қойнаумен астасқан жол.

Жидебайға сапар

Көліктің артқы орындығына жайғасқан менің көзіме жас келіп, кеңсірігіме өксік тығылады. Іштегі торға қамалған сиқырлы құс өрекпіп, қанатымен жүрегімді сабалағандай. Өмір бойы ар мен әділетке бой ұрып, «өз мінін қолға алған», кемелдікке ұмтылған адамның ақиқаты мен зары, көңілі мен азабы ойға оралады. Аждаһадай түбіне тартқан қиянатшыл дүниенің ұйығына жұтылмай, адамдық үшін арпалысқан жұмбақ жан есіме түседі. Ол да өзгелер секілді дүниенің былығы мен шылығына батып, тән өмірінің таусылмас құмарын татса не етер еді? Мал мен бақтың қызығын көріп, топ-топ пенде түскен даңғыл жолға түссе кім «жоқ» дер еді? Бірақ ол Алланың өзін тану үшін жаратқан өміріне селқос қарай алмады. Ақымаққа ертіп аһ ұрғызған дүрдараз өмір уытын отыз бес жастан соң жүрекпен сезініп, «заманға иленіп» келгенін түсінді. Ғылымсыз өткен қайран сағаттарына қамырықты күй кешіп, қамырдай ашыған ашуына ерік берді.

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім».

Бір қызығы, Абай не нәубет көрсе де, бірінші өзін кінәлайды. Айыпты тек өзінен іздейді. «Бәрі болды өзімнен, Тәңірім қылған наз емес», дейді.

...Біздер Жидебайға жеткенде аспан шайдай ашылып, маусымның тал түсі шекені қыздырды. Абай үйінің ішкі бөлмелерін аралап, хакімнің табы қалған киелі орындарға көз жүгірттік. Жер дейтін ғаламшардың бір түкпірінде, айдалада жатып-ақ жүрегіне үңілген, алып қойманың қазынасын халық мұрасына айналдырған данышпанға таңданбасқа шара жоқ. Міне, Абайдың үстелі, міне, кітаптары, ыдыстары. Өзі түскен үш суреті, ақырғы суреттегі түрі жұтаң, қажыған, шаршағандық білінеді. Мұражай үйден шығып, ұлы ақынның қабіріне бет алдық. Арасы жақын көрінгенімен, күмбезді бетке алып жүре бересің, жүре бересің... Ұлы Жаратушыға махаббат қойып, күллі адамзатты сүюге шақырған ақын осы күмбездің астында жатыр. Бір ғана төмпешік. Көп адам бой алдырған жалған дүние деген осы болар, сірә.

«Сенен кім жақсылық күтсін,

Жалған дүние емеспісің,

Мұхаммед Мұстафадан,

Қалған дүние емеспісің?».

Іштей Шығыс ақынының шумағын қайталаған сайын көңілім босап, ала-құла күй кешемін. Расында, барлық зауал дүниеге махаббат қоюдан туындары анық. Бұл дүниені ақырет егістігі деп қабылдамайынша, жүректің тұсалғаны тұсалған. «Махаббатсыз адамға дүние дос» болмақ.

«Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып аяғын көп шалдырған».

Ұлы ақын атақ пен мақтанды, тіпті ақындықты мұрат тұтқан жоқ. Бар ойы өзін тану, Жаратушысын тануға жұмылды. Ұлтына адал қызмет еткісі келді, адамдардың жанын надандықтан арашалауға асықты. Кемелдікке ұмытылу жолындағы жүрегінен ағылған жырларды хатқа түсірді.

...Кебіндей аппақ екі күмбездің бірінде Абай мен інісі Оспан жерленсе, келесі күмбезде Шәкәрім мен ұлы Ахаттың сүйегі жатыр. Аядай төбешік ішінде алып жүрек ұйқыға кеткен. Жо-жоқ, оның рухы ояу. Жаңағыдан бергі топ-топ бұлттай кеудеге жиылған сезімдер осы тұста сейіле қалды. Басына барып еңіреп жылауды арман еткен мен үшін керісінше самалалы жеңілдік орнап, рухым аршыла бастағандай. Бойым тіктеліп, бақырға алданған бұғаулы тірлікке бөтен тартқандаймын. Сонау ерте кезден көкірегіме дерт құйып, санамды сырлы сәулесімен сансыратқан ұлы ақын бір ғана жан иесі болғаны ма? Бір адамға мұнша құдірет сиятын болғаны ма? Өзін оятқан адам өзгелерді де оятар қауқарға ие екен-ау. Қараң ғұмырмен қазынасын жоғалтып, қор болған, тән тұзағына түскен адамдар үшін біздің жасар жалғыз жақсылығымыз өзімізді кемелдендіру ғана болғаны ма?

Шыңғыстау аса биік те, аса төмен де емес төбеге ұқсас тау екен. Алыстан ауамен дірілдеген қоңырқошқыл сілемі мұнартады. Семейден қашық тартқан салқар Жидебай даласы бір өзі бір елдей, бір мемлекет іспетті. Ақын мұражайы алдында бағалы жабдықтардан жасалған пәуеске тұр. Бейне бір Байрон мен Пушкиннің атқа жеккен тарантасынан кем емес пе дерсің. Дөңгелегі үлкен, ағаштары арнайы сырланып боялған. Үйдің әр бұрышынан әулеттің бақуаттылығы, бай мұрасы көрінеді. Құдай тағала хакімге рухани байлықпен бірге дүние байлығын да беріпті. Бірақ дүниеге дос бола алмаған жан келбеті динар мен даңққа емес, терең ғылымға шөлдепті. Тіпті «бір ғылымнан басқаның бәрі де кесел асқанға» деп өзі мен Жаратушысын танудан өңгесін екінші сатыға қойыпты.

Көлік терезесінен кемеңгер жолдар зырғып қалып барады. Алда ақшулан бұлттар, қойны-қо­нышы кең дала. Санадан әлдебір ойлар елес беріп, лезде жалт етіп құлайды. Тұрлаусыз жалған­ның тұрлаулы пендесі, ұлттың дана хакімі туған өлке бізге «қош!» дегендей.