Мысалы, сіздің ішіңізде бұрын басыңыздан кешпеген әлдебір сезім туындаса, оны жеткізуге тырысасыз. Басқаға айтпасаңыз да, өзіңіз түсінуге ұмтыласыз. Ақыры соның сипатын таппай қоймайсыз ғой. Сол сезімге қатысты нақты атау таппасаңыз да, маңайлайтын мәндес атау тауып, ақыры бір нәрсе қылып жеткізесіз. Ақын не жазушы болсаңыз жаңа сөз ойлап табуыңыз мүмкін дегендей. Жарайды, бұған бас қатырып қайтеміз. Бірақ кейде болмаса, өмірде болмайтындай сезілетіні өтірік емес. Нұры тамған өмір болмаса, әдебиет те жоқ. Кейде сол өмірден де, әдебиеттен де жалығып бейжай жүргенің де неше түрлі құбылыс өзі алып келеді ғой арнасына. «Өмір өзі-ақ өлтіреді бір күні, Өлтіріспе сен мені», деген жоқ па еді Мейірхан Ақдәулетұлы. Сондықтан өмір өзі тудырып алады керек нәрсесін. Ақын-жазушының міндетінің бірі соларға ен-таңба тағып, атауын таңып, елге таныту шығар мүмкін. Өмірді танып, өлеңге айналдырып жіберу, мүмкін өлімнің өзін өлеңге айналдырып, мәнін ашу. Өлім арқылы өмірдің мәнін ашу, рух сыйлауға келіңкірейді. Осындайда Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы еске түседі. Егер ішіңде солқылдап жүрек соғып тұрмаса, өмірдің де құны көк тиын. Махаббат та, ерлік те содан қуат алып кетпей ме? Кейде сол жүрек бұлқынып не тебіреніп кетпей ме, өмірдің мәні ашыла түсетін тұс та осы емес пе?
Өткенде бір керемет естелікке тап болдым. Мұзафар Әлімбаев жазыпты: «Тағы бір кездескенде, «Балдақты жігіттің» (Қасымның 1949 жылы жазған осындай өлеңі бар) сюжеті мен идеясын қайдан таптыңыз?», деп сұрадым. Қасым былай түсіндірді:
«Бір дүкен алдында балдақ ұстаған ақсақ жігітті көрдім. Ол өзгелерді кимелеңкіреп дүкенге бұрын кіргісі кеп тұр екен. Көзіміз көзімізге түсе кетті. Оны сөйлетпек болып:
– Бір аяғың көрінбейді ғой, жігітім, немене үйіңде ұмытып қалдырғансың ба? – дедім жорта.
– Жоқ, ол аяқты мен Берлинде басып тұрмын! – деді.
Осы әсермен үйге келе сала өлең жазып тастадым. Мен, әрине, біраз басқаша жаздым.
«Көріп тұрсыз, бір аяғым – осында,
Екіншісін басып тұрмын Берлинде...»
Соңғы тармақ қандай зілді, ойы қандай терең, қандай астарлы! Қасым сонымен бірге:
– Өлеңді осындай жерде де жазуға болады. Халықпен ойнама! Бәрі соның ортасында, соның қолында, – деді.
Оның өлеңдерінің халық көкейінен шығатындығы содан да болар», дейді Мұзафар Әлімбаев. Әдебиетке жақын адам Қасым мен Мұзафардың аға-іні ретінде шығармашылық қарым-қатынасы үзілмегенін бірден аңдайды. Кезінде осы өлеңді оқығанда бізге де қатты ұнағанын несіне жасырайық. Өмірдің өзінен алынғаны осы емес пе өлеңнің? Ақын оны өмірден де асқақтатып, рух беріп тұр. Сезім сыйлап тұр.
«Балдағы бар бір жігітті көрдім де,
Қасақана сауал бердім келдім де:
– Ғафу, жолдас! Көрінбейді бір аяғың,
Кешегі өткен сұрапылда бердің бе?
Жігіт екен! Жауап тапты тосыннан
(Бір ғажайып күлкі ойнады ернінде):
– Көріп тұрсыз, бір аяғым осында,
Екіншісін тұрмын басып Берлинде».
Бар болғаны осы ғана. Бірақ адамзат өмірінің мехнаты мен азабын рухымен жеңе алатыны атойлап тұрған жоқ па мұнда? Ақынның орнында басқа жан болса, мүмкін соғыста аяғынан айырылған сарбазға мүсіркеп қарап, кезексіз өткізудің жолдарын қарар ма еді, кім біледі? Бір жағынан ол да дұрыс шығар. Десек те адам жанын ынталандырып жіберетін ана сұрақ пен мына жауап тудырған асқақ рух одан да зор деп білеміз. Көзге кей-кейде ғана түсетін құбылыстардың бір мәні осындай-ақ.