Баспасөз конференциясына Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, V ДКО дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысы Наиль Нұров және Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев қатысты.
Тастанбек Есентаев Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының қарсаңында ұлттық спорт түрлері бойынша мамандар даярлау бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Елімізде алғаш рет 2 кешенді ғылыми топ құрылды. Олар жылқы шаруашылығы бағытында және ұлттық спорт түрлерінің спортшыларын даярлау бойынша кешенді жұмыстарды жүзеге асырмақ. Ғылыми топтың құрамында жетекші ғалымдар, ветеринарлар, биологтер, генетиктер, спорттық психология және медицина мамандары бар.
Бүгінгі таңда Алматы облысындағы олимпиадалық даярлау орталығының базасында ғалымдар V ДКО-ға қатысатын спортшылар мен спорттық жылқылардың функционалдық және психологиялық жағдайына мониторинг жүргізіп жатыр.
Қауымдастық қызметінің басым бағыттарының бірі – ұлттық спорт саласында білікті кадрлар даярлау.
«Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғашқы рет «Ат спортының ветеринариясы» және «Ат спорты түрлерінің жаттықтырушысы» мамандықтары бойынша Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Қазақ спорт, туризм академиясымен бірлесіп білім бағдарламалары әзірленіп, мамандар даярлау қолға алынды. Екі білім бағдарламасы да инновациялық мемлекеттік тізімге енгізілді. Биыл аталған оқу орындары 2 мамандық бойынша талапкерлерді қабылдайды», дейді Тастанбек Есентаев.
Биылғы наурызда Жоғары ұлттық спорт мектебі құрылды. Мұнда ұлттық спорт түрлері бойынша мамандардың біліктілігін арттыру және қолданбалы зерттеулер жүргізу бағытында жұмыс жүзеге асады. Бүгінде жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру бағытында 8 бағдарлама әзірленіп, төрешілер үшін «Теңге ілу», «Көкпар», «Көк-бөру» (қырғыз) спорт түрлері бойынша біліктілікті арттыру курстары өткізіліп келеді.
Сонымен қатар тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Ұлттық спорт қауымдастығы мен Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы бірлесе отырып, осы күзде Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында қазылық ететін төрешілердің халықаралық семинарын өткізуді көздеп, игі шара кестесі мен оқу бағдарламасы әзірленіп жатыр.
Белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқаратын Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына бәйге, көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, садақ ату, құсбегілік, асық ату, «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар кіреді.