Заң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау туралы берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Президент мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұраныстарын және медиа саласының даму үрдістерін ескере отырып жасақтауды міндеттеді.
Міне, осы уақытқа дейін түрлі сынға ұшырап, сұрыпталған заңда журналистердің мәртебесін арттыру, журналистердің құқықтарын нығайту сынды бірқатар тың ережелер қарастырылған. Мәселен, шұғыл ақпаратқа жауапты мекеме 3 сағаттың ішінде жауап беруге, ал кең көлемдегі сауалға 5 күн ішінде ақпарат берілуге тиіс. Егер журналистің талабы орындалмаған жағдайда тәртіптік жаза қарастырылады. Тіпті сөгіс, не қатаң сөгіс алады. Сондай-ақ азаматтар ақпарат құралдарынан жалған ақпарат немесе ар-намысына нұқсан келтіретін ақпаратты терістеуді материал жарық көрген сәттен бастап бір жыл ішінде ғана теріске шығаруға мүмкіндігі бар.
«Негізі бұған дейін мұның мерзімі жоқ болатын. 10 не 15 жыл бұрын жазылса да, шенеуніктер немесе бизнес қауымдастық өкілдері ар-намысыма, іскерлік беделіме нұқсан келтірді деп сотқа шағымдана алатын. Заң жобасын талқылаудың бастапқы кезеңдерінде министрлік өкілдері үш жыл деп ұсынған болатын. Бірақ медиақауымдастық, депутаттар бірлесе бір жылға дейін қысқартуды қолдады. Бұл позитивті өзгерістердің бірі деп айтар едім. Аталған материалға жауап беруді немесе жоққа шығаруды талап ету мерзімі бір жылдан көп болуы мүмкін, өйткені заңда (38-бапта) шағым берудің мерзімі ғана айтылған. Тағы бір мәселе – мұндай шиеленістерді сотқа дейін реттеу тәртібі өзгермеді. БАҚ редакцияларынан жауап қайтаруға мүмкіндік беруді немесе жоққа шығаруды талап ету мерзімі – бір ай. Айта кететіні, белгілі бір ақпарат тек бір мекемеге қатысты болмаса, басқа да анықтауды талап ететін болса, ақпаратты сұрату кезінде заң күшіне енгеннен кейін жауап беру мерзімі БАҚ редакциясына ескерте отырып, 15 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін», дейді журналист Есенгүл Кәпқызы.
Құжатта кейінгі екі жылда көп талқыланған «баспасөз картасы» мүлдем алынып тасталды. Өйткені карта енсе, ақпарат тең берілмейді деген уәж айтылған еді.
«Этика мәселесі де өте үлкен проблемаға айналды. Ең бастысы – журналистердің міндеттеріне кәсіби этика нормаларын сақтау мәселесі қосылды (26-бап 3-тармақ). Бұл жерде өзін-өзі реттеу және журналистердің кәсіби этикасы деген бар. Негізі әлемдік тәжірибеде өзін-өзі реттеу ұйымдары не қауымдастықтары болсын, төменнен құрылады. Оны ешқандай құзырлы мекеме, мемлекеттік орган құрмайды. Әлемдік қауымдастықта, халықаралық тәжірибеде журналистердің этика мәселелерін журналистердің өздері реттейді әрі этикалық кодексті де қабылдайды. Бізде «журналистердің этика мәселелерін кім және қалай реттейді?» деген сауал туындайды. Енді заң аясында БАҚ-тың өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша қоғамдық кәсіби кеңестер құрылады. Бұл республикалық және аймақтық типте болады. Олар ереже негізінде журналистердің этика кодекстерін жасайды, мемлекеттік органдардың қарауына ұсыныстар енгізеді», дейді Е.Кәпқызы.
Ал медиасарапшы Қалима Тәжіқұл журналистерге материал дайындаған кезде заңдағы 23-бапты назарға алуды ұсынды. Өйткені толықтырулар мен түзетулер енгізілген құжатта БАҚ контентіне мониторинг жасау тетігі енгізілген. Соған сәйкес «қоғамның адамгершілік дамуына және жалпыға бірдей ұлттық, мәдени және отбасы құндылықтарына зиян келтіретін дүниелер бірден тексеріледі».
«Бұзушылықтар туралы хабарламаны жіберу тәртібі өзгерген жоқ (9-бап). Егер бұл хабарламаға келіспеген жағдайда, редакция бес жұмыс күні ішінде жазбаша қарсылық хатын жолдауға тиіс. Қазақтілді контенттің кезең-кезеңімен 50 пайыздан 60 пайызға дейін өсетіндігі қарастырылды. Яғни 2025 жылдан бастап 55 пайызға, 2027 жылдан бастап 60 пайызға жеткізу көзделеді. Шетелдік БАҚ-тың Қазақстандағы көлемі, мазмұны және ақпараттық негіздері заңдағы бапта негізге алынып отыр. Бұған қоса құжаттағы БАҚ-ты грант арқылы қаржыландыру тетігіне келсек, бұл ретте балаларға арналған контент және аймақтық БАҚ-ты дамытуға басымдық беріледі. Грант алушылар арасында міндетті түрде мемлекеттік емес БАҚ болуға тиіс. Жалпы, гранттық қаржыландырудың кемінде 2/3 бөлігі мемлекеттік контентті шығаруға бөлінуі міндетті. Гранттар тақырыбын Мемлекеттік саясат жөніндегі комиссия бекітеді. Өз кезегінде комиссияның құрамы медиаұйымдардың кемінде 1/3 өкілдерін құрайды. БАҚ-ты гранттық қаржыландыруға қатысты барлық ереже 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді», дейді ол.
Мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру, аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі арқылы, журналистерді мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тіркеу, басқа да міндеттер мемлекеттік ақпараттық саясат жүзеге асырылатын Бірыңғай медиа платформа арқылы жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, заң жобасы жөніндегі жұмыс тобына жүзден аса сарапшы атсалысқан. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, нәтижесінде негізгі құжатқа 200-ден аса норма енгізілген.