«Coursera» және Қазақстан
«Сourserа» – әлемдегі беделді жоғары оқу орындарындағы профессор, оқытушылардың курсын оқуға мүмкіндік беретін онлайн білім беру алаңы. «Сoursera.org» сайтындағы ашық деректерге сүйенсек, бұл білім платформасын қазір 148 миллионнан аса адам қолданады. Осы сайтта жоба туралы: «Coursera» – бүкіл әлем бойынша жеке тұлғалар мен ұйымдарға икемді, қолжетімді, жұмысқа қатысты онлайн оқытуды қамтамасыз ету үшін 300-ден аса жетекші университетпен және компаниямен серіктес. Біз практикалық жобалар мен курстардан бастап жұмысқа дайын сертификаттар мен дипломдық бағдарламаларға дейін оқытудың көптеген мүмкіндігін ұсынамыз», делінген.
Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен әлемдік деңгейдегі озық оқу орындарының білім беру платформасын қазақстандық студенттерге онлайн тегін пайдалануға жағдай жасады. Нәтижесінде, шетелдік үздік дәрістер қазақ тіліне аударылды. Еліміздің студенттері «Coursera»-дағы әлемнің алдыңғы ондығына кіретін университет профессорларының 100-ден аса курсын қазақ тілінде оқыды. Міне, екіжақты келісімнің тағы бір тиімді тұсы, кезекті жетістігі десек болар. Қазақстандық жоғары оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамы енді әлемге әйгілі өздерінің авторлық дәрістерін «Coursera» платформасына енгізуге мүмкіндік алды.
Жасушаға саяхат
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан өңірлік университеті биология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлназ Садықанова авторлық курсын «Coursera» платформасына ұсынды. Оның «Эукариоттық жасушаның құрылымдық-функционалдық ұйымдастырылуы немесе жасушаға саяхат» деп аталатын онлайн-курсы әлемдік білім платформасының техникалық талаптар мен мазмұндық бөлік бойынша оң сараптамалық қорытындысын алды. Жақын арада профессор «Coursera Kazakhstan» командасымен бірлесіп, курс материалдарын «Coursera» әлемдік платформасына жүктей бастайды. Осылайша, ол «Coursera қазақ тілінде» жобасы аясында авторлық жұмысты платформаға орналастырған алғашқы отандық ғалым атанбақ.
– Менің зерттеу пәнім – жасуша биологиясы. Курстың мақcаты – жаcушаны күрделі биологиялық жүйе ретінде зерттеу, оны физиология, генетика, молекулалық биологияны меңгеруде қолдану. Менің жұмысымда жасуша теориясы, жасушаларды ұйымдастыру түрлері, эукариоттық жасушаның құрылымдық-функционалдық жүйелері, генетикалық ақпаратты сақтау, көбейту және енгізу жүйесі туралы соңғы мәліметтер берілген, – деді профессор.
Кейіпкеріміз өзінің авторлық курсын университеттегі «EdSmart Premium» интерактивті бейнежазбасының жаңа мультимедиялық студиясында сапалы дайындауға мүмкіндік алды. Цифрлық зертхана бейне-аудио жабдықтармен жабдықталған, бұл оқытушыларға заманауи әдістер мен құралдарды пайдалана отырып, «Coursera» платформасы үшін білім беру контенті мен курстарын дайындауға жағдай жасайды.
Сакралды Маңғыстау
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бибайша Ілиясқызының «Сакралды Маңғыстау» курсы «Сoursera» платформасына енгізілді. Қазақ тілінде әзірленген аталған курс тарих, этнография, археология, өлкетану, мәдениеттану салалары бойынша ізденушілерге, киелі ескерткіштерге қызығушылық танытатын көпшілікке, туристерге, өзін-өзі жетілдіруге ұмтылатын жастарға арналған.
Курстың авторы Маңғыстаудың қасиетті жерлері бойынша экспедицияға қатысқан, сол экспедицияда түсірген бейнефрагменттер мен ғылыми мақалаларды курсына енгізіпті. Курстың мазмұнында әлемдік ғылымда жиі қолданылатын «қасиеттілік» ұғымына және қандай да бір объектілер мен құбылыстарды қасиетті деп тану критерийлеріне түсінік беріледі. Неолит, петроглифтер, Маңғыстаудың түрлі кезеңдерінен алынған деректер беретін символдар, діни-мифологиялық рәсімдерді, эпитафиялық жазбаларды, фольклорлық, эпикалық мұраны өткізу объектілерінен бастап сақталған Маңғыстау облысының символдарының қасиетті мәні, оның жалпы адамзат өркениетінің қалыптасуындағы орны талданады.
Бұл курс бастапқыда отандық тыңдаушыларға ұсынылады. Алдағы уақытта басқа мемлекеттердің тыңдаушылары үшін де халықаралық деңгейге шығарылады.
Бизнесті жоспарлау
Қазіргідей нарықтық заманда әр адам өз бизнесін бастағысы келеді. Сол себепті Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы, менеджмент магистрі Айнұр Тажиденованың «Бизнес жоспарлау негіздері» атты онлайн-курсы бизнес, қаржы, экономика бағытында оқитын студенттерге ғана емес, кәсіпкерлікке бет бұрғандарға да пайдалы болатын секілді.
– «Онлайн-курсты студенттер аудиторияға кірмей-ақ қалаған уақытында оқып, дәрістерді тыңдап, тапсырмаларын орындап, сертификаттарын алып келсе, тиісті бағасын ала алады. Бұл студентке де, оқытушыға да тиімді. Ал мен онлайн-курс есебінен босаған уақытымды ғылыми зерттеулерге, мақалалар жазуға арнаймын, – дейді курс авторы.
2024 жылдан бастап «Coursera» платформасында жасанды интеллект негізіндегі «Course Builder» конструкторы қосылды. «Course Builder» арқылы қысқа уақыт аралығында жаңа курстарды құрастырып, платформадан сәйкес мазмұнды жылдам табуға болады. Бұл оқытушыларға өте тиімді.
Дұрыс пайымдау ғылымы
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Әлеуметтік ғылымдар факультетінің профессоры Айгүл Тұрсынбаеваның «Логика – дұрыс пайымдау ғылымы» атты курсы «Coursera» ғаламдық платформасының каталогіне енгізілді. Бұл курс Еуразия ұлттық университетінде Цифрлық даму және онлайн оқыту департаментінің заманауи материалдық-техникалық жабдықтарының көмегімен жазылған.
Қазақ тіліндегі бұл курс болашақ философтар мен заңгерлерге, гуманитарлық ғылымдар бойынша білімін кеңейткісі келетіндерге де пайдалы болмақ. Оқу курсы рефлексияның формалары мен заңдылықтарын зерттеуге және сыни тұрғыдан ойлау мен талдауды және қорытынды жасауды дамытуға бағытталған.
– Бұл – тек теориялық қана емес, сонымен қатар ойлау мәдениетін дамытатын және өз ойын анық әрі түсінікті жеткізуге ықпал ететін практикалық курс. Логиканы меңгеру – жай ғана дайын біліммен қарулану емес, ең алдымен, дұрыс ойлау заңдылықтарын зерделеу, ақыл-ой мен парасаттылықты меңгеру, дәлелдерді қолдана білу, – деді А.Тұрсынбаева.
Автордың айтуынша, оқыту негізінен бейнероликтер, тегін онлайн оқулықтар және тапсырмалар арқылы жүзеге асырылады. Әр модульдің соңында QR-код арқылы қосымша материалдар бар. Сонымен қатар қажетті әрі жеткілікті әдістемелік талаптар мен ережелерді де табуға болады.