Білікті, білімді маман табу үшін жұмыс ұсынушылардың қатарында маман тапшылығын көріп отырған аудандар мен қалалардағы әр сала өкілдері келіп қатысты. Одан бөлек «ҮМЗ» АҚ, «Біріккен энергетикалық компания» АҚ, «Востокцветмет» ЖШС, «Өскемен құс фабрикасы» АҚ сынды алпауыт компаниялар мен шағын кәсіпорын иелері де жауапты әрі сауатты маман іздеп келді.
– «Шығыс маманы» бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің мақсаты – жұмыс берушілер мен жұмыс іздеуші мамандарды, жастарды бір-бірімен тікелей байланыстырып, жұмыссыздардың қатарын азайту еді. Шығыс Қазақстан облысы бойынша 100-ден астам жұмыс беруші 1 500-ден астам бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Өңірімізде түрлі өнеркәсіп салаларында, тау-кен өндірісінде, білім және медицина мамандарының тапшылығы бар екені анықталып отыр, – дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Динара Қожанова.
Маман іздеушілердің қатарында мемлекеттік басқару жүйесінің ұйымдары, қаржы саласы, құқық қорғау органдары, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелерінің өкілдері де бар. Айта кетсек, орман шаруашылығы саласында да маман тапшылығы бар.
– Біз бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне биыл үшінші рет қатысып отырмыз. Қазіргі таңда Президент тапсырмасымен Ұлттық ұланға қабылданатын әскери қызметшілердің қатары арта түсті. Осыған байланысты бізде жаңа лауазымдар ашылып жатыр. Сондықтан бос тұрған лауазымдарға маман іздеу үшін бүгінгі жәрмеңкеге қатысып отырмыз. Бізге жұмысқа кірген әскери қызметшілердің офицер шеніне дейін көтеріліп, әскери оқу орындарында білім алуына мүмкіндігі бар. Одан бөлек, әскери қызметшілерге көрсетілер әлеуметтік көмектің де түрі көп, – дейді 3477 ұлттық ұлан әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Аңсар Шәкенов.
Жәрмеңкеге қатысушыларға жаңадан құрылған Марқакөл ауданынан келген өкілдер көптеген бос жұмыс орнын ұсынса, Глубокое ауданының білім бөлімі 99 бірлік бос жұмыс орнын ұсынып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар облысқа қарасты барлық аудандардың өкілдері де өздеріндегі бос жұмыс орындары барын айтып, жұмыс іздеушілерге ақыл-кеңес беріп, байланыс нөмірлерін алмасты.
– Тәрбие жұмысын ұйымдастыру мамандығы бойынша оқу орнын бітіріп жатырмын. Бүгінгі бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне жұмыс іздеп келдім. Егер өзіме қолайлы жұмыс табылса, істеуге дайынмын. Әзірге бірнеше жұмыс берушімен сөйлестім. Тағы да басқа жұмыс ұсынушылармен сөйлесе келе таңдау жасаймын, – дейді колледж түлегі Карина Мұратқызы.
Айта кетерлігі, ашық платформада жұмыс берушілер өз компанияларымен таныстырып, керекті маман иелері бойынша кандидаттардың жеке базасын қалыптастыруды ойға алған. Ондағы мақсат – облысымыздағы маман тапшылығын реттеп, жұмыссыздар қатарын азайту көзделген.
Сөйтіп, Өскеменде бірінші рет Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы, еңбек мобильділігі орталығы, қалалар мен аудандардың мансап орталықтары, жергілікті атқарушы органдарымен, жұмыс берушілермен бірлесе отырып жұмыс іздеп жүрген адамдар, жастар, жоғары оқу орындары, колледж түлектері үшін «Шығыс маманы» жұмыс ұсыну облыстық платформа ұйымдастырып, өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты жұмыс берушімен тікелей байланыс платформасын құру арқылы жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектерін және жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу еді.
Шығыс Қазақстан облысы