Медициналық орталық биыл мамыр айында ашылған болатын. Ендігі жерде кепілдік берілген көлем аясында тіркелген халық үшін мұнда тегін медициналық қызметтер көрсетілсе, бұған жедел жәрдем, шұғыл стационарлық және амбулаториялық көмек, онкологиялық көмек, туберкулез кезіндегі паллиативтік көмек, бейінді мамандардың кеңесі, оңалту, белгілі бір аурулар және дәрі-дәрмектер тізімі бойынша бұйрыққа сәйкес дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кіреді. Бүгінде медициналық орталыққа ауданның 23,2 мың тұрғыны тіркелген.
Осы емханаға жуырда қала әкімі Ерболат Досаев арнайы барып, ұжыммен кездесіп қайтты. Алаңы 5,5 мың шаршы метр ғимарат медициналық жабдықтармен жабдықталған. Заманауи емхананың бір ерекшелігі – бронх демікпесі, бронхит және пневмония ауруларын емдеуге арналған тұз шахтасына қоса жаңа туған нәрестелер мен 6 жасқа дейінгі балалардағы есту қабілетін тексере алатын аудио скрининг аппараты бар.
Алматы қаласының әкімі жергілікті тұрғындармен кездесу барысында елге ыңғайлы болу үшін жаңа технологияларды енгізе отырып, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру маңызды екенін тілге тиек етіп, осындай маңызды әлеуметтік нысандарды іске асыруға қатысатын меценаттарды қолдайтынын білдірді.
Осы «Нұркент» шағын ауданында мемлекеттік медициналық мекемелердің жоқ екенін, ең жақын деген №29 қалалық емхана «Зерделі» шағын ауданында орналасқанын айта кету керек. Жекеменшік емхананың ашылуы «Нұркент», «Ақкент», «Зерделі», «Алғабас», «Теректі», «Дарабоз» шағын аудандарының 60 мыңнан астам тұрғынын медициналық қызметпен қамтуға мүмкіндік бермек. Бұл қалалық емхананың жүктемесін азайтуда септігі үлкен.
АЛМАТЫ