«Таза Қазақстан» • 26 Маусым, 2024

Экологияға ерекше мән берілді

74 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында бұған дейін де әлденеше ауқымды іс-шаралар ұйымдастырған Ұлытау облысында маусымның соңғы дүйсенбісі барлық қала, аудандарда тазалық акция­ларының өтуімен ерекшеленді.

Экологияға ерекше мән берілді

Акцияға барлығы өңір бойынша 2 мыңнан аса азамат атсалысып, 138 әлеуметтік нысан мен 13 өнеркәсіп, жеке кәсіп аумағы қоқыстан тазартылды. Бұдан бөлек, тазалау жұмыстары 61 мәдени-тарихи ескерткіштің айналасында да жүргізілді. Облыс бойынша 158 тонна қоқыс және тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды. Барлығы 245 ұжым қатысқан тазалық іс-шарасында облыстың 76 гектар аумағы қамтылды.

Тазалық іс-шараларына «Жасыл ел» еңбек жасақтары айрықша белсенділікпен атсалысты. Экологиялық іс-шараларға қатысушылар арасында сондай-ақ, жергілікті билік, қоғамдық ұйымдар, студенттер, белсенділер және қарапайым тұрғындар да болды.

Акция әрбір қала, ауданда өзіндік сипатымен өтті. Айталық, Жезқазған қаласында тұрғындар мен еңбек ұжымдары негізгі көшелер мен саябақ, скверлерді тазартып, жасыл желектерге күтім жасап, гүлзарларды ретке келтірсе, кеншілер қаласы саналатын Сәтбаевта негізінен еңбек ұжымдары өндірістік мекемелердің аумағын тазалап, сырлау, әктеу жұмыстарын атқарды.

«Сәтбаев қаласы бұрын тазалығымен ерекшеленіп тұратын. Кейінгі кезде сол тәртібіміз сәл босаңсып кеткендей болған еді. «Таза Қазақстан» акциясы арқасында қалада ұмытыла бастаған сенбілік өткізу тәрізді дәстүріміз қайта жанданды. Бұл іс-шараларға жастардың белсенді қатысуы қуантарлық», дейді «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жастар болашақ» ұйымының төрағасы Луиза Минбаева.

Қаражал қаласының тұрғындары бұл күні аулаларын тазалап, рұқсат етілмеген орындарға төгілген қоқыстарды арнайы полигонға шығарды.

Облыстың Жаңаарқа, Ұлытау аудандарындағы тазалық акциялары өзен, көл мен бұлақтардың айналасын ретке келтіруге бағытталды. Соның нәтижесінде, Ұлытау ауданы территориясындағы «Күмісбұлақ», «Тасбұлақ» бұлақтарының көзі ашылып, айналасы тазартылып, келушілерге қолайлы жағдай туғызу мақсатында абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ал жаңаарқалықтар болса, Сарысу өзенінің бойын қоқыстан тазалап, жағажайларды ретке келтірді.

Тазалық акциялары аясында облыстың қала мен аудандарындағы әкімдіктердің жауапты мамандары жергілікті аумақтардағы көшелерді аралап санитарлық тазалықты тексерді. Байқалған кемшіліктерді жедел жою жөнінде тапсырма берілді.

 

Ұлытау облысы