Руханият • 25 Маусым, 2024

Құнанбай – жақсы қазақ

333 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Құнанбай туралы әңгіме көп. Ақиқат пен аңыз араласып кеткен. Тұлға тағдыры солай болатыны шындық. Өсіріп айту, әсірелеп айту, ғайбаттап айту секілді «айтулар» да жеткілікті, Мұхтар Әуезов «Абай жолының» бірінші, екінші кітаптарында Құнанбайға «шаң жолатпаған». Үшінші кітабында «Жақсы – Құнанбай» деп баға берген.
Құнанбай – Абайдың әкесі, Шәкәрім қажының атасы. Бұл – айрықша айтылатын құбылыс.

Құнанбай – жақсы қазақ

Мәселе осылай болғанда, Құ­нан­­бай туралы сөз қалай бастал­мақ?

Бірінші сөз. Құнанбай – дара тұлға.

Екінші сөз. Құнанбай – ақын, ойшыл Абайдың әкесі.

Кейінгі кезде Құнанбайдың образын, тарихи портретін жасау­да әдебиет және өнер саласында Құнанбайды жеке-дара дәріптеу аңғарылады.

Мұхтар Омарханұлы Әуе­зов болса, Құнанбайға Абайдың өлше­мімен келген. Ол Құнанбайдың образын Абай арқылы ашқан. Бұл – керемет және ешқашан өзгермейтін шындық.

* * *

Кеңес заманында «Абай жолын» терең түсінбеген әдебиетшілер Құнанбай мен Абайдың арасынан бітіспейтін қақтығыс тапты. Олары қате еді. Мен «Абай жолы» романын 4-5 рет қайталап оқып шыққан адаммын, бірақ ешбір жерде Мұхтар Әуезов Абайды әке­сіне не әкесінің баласына қарсы антогонистік тұлғалар етіп баян­дамаған. Мәселе мында:

Құнанбай – өз заманының адамы. Құнанбай – дәстүрлі қоғамда туып, өсіп-өнген тұлға. Оның сөздері мен істері – өз заманының мінез-құлықтары.

Абай – жаңа заманда өсіп-өніп келе жатқан тұлға. Оның сөздері де, істері де әкесінен өзгеше болуы – табиғи жағдай. Бұл жерде ешқандай қайшылық жоқ. Кері­сінше, Абай әкесін өнеге тұтып, ұстаз санайды.

«Абай жолы» романында Құ­нанбай мен Абайға қатысты мынадай жолдар бар: «Құнанбай ба­ласы Абайға: «Сен оқыдың да, білім алдың, ұстаз көрдің», – дейді (394-б.). «Біз надан өстік. Бірақ сол білімің жұрт алдында ата сый­лау­ды неге білдірмейді саған? Көп көзінше таласып кеп, әкең­ді сүрінткенде не мұратқа жет­пексің?» (394-б.). Білімнің ата сыйлауға қауқары жетпесе, ол не білім? Құнанбай дұрыс айтып отыр. Дәстүрімізде атаның алдынан шығу – әдепсіздік. Көптің алдында әкені сүріндіру – қандай білім? Ол жақсылық нышаны емес.

– Ол кінәңіз орынды. Айып менде екені рас. Ғафу етіңіз!» – деді (394-б.)».

Байқасақ, жеңіс – Абай жа­ғында емес, Құнанбай жағында. Әкеге қарсы шығу білім бе?

Құнанбай Абайға сабақ берді.

* * *

«Абай жолы» романында Мұх­тар Әуезов Байдалы, Қаратай, Бө­жей, Байсал бәрі Кәумен үйінде түстеніп отырғанда «Жақсы кім?» деген сөз шығып қалады. Оған Қаратай: «Жақсы – Құнанбай», – деп жауап қайырады (Абай жолы, 3-кітап, 173–174-б.).

«Абай жолы» романында жақ­сы деген сөз екі адамға ғана қатысты айтылған. Бірі – Құнанбайға, екіншісі Абайға қатысты.

Бұл – Мұхтар Әуезовтің Құнан­байға және Абайға берген бағасы. Кейінірек «Абай деген жақсы шығыпты» дейді романда (Абай жолы, 2-кітап, 446-б.).

* * *

Мұхтар Әуезов осы жағдайды романда жан-жақты бейнелеп баяндаған.

Жазушы хакім Абайдың әке­сінің портретін жасаған. Бұл өл­шем үнемі де сақталуы керек. Құ­нанбай – Абайдың әкесі. Осы басты құндылық. Мұхтар Әуезов әлемге Абайдың әкесінің образын ұсынған. «Абай жолы» романының бірінші, екінші кітаптарының бас­ты кейіпкері – Құнанбай.

Кейінгі кездерде Құнанбай туралы образын, Құнанбай тура­лы тарихи деректерді баласы Абай­ға қатыссыз жеке-дара қарас­ты­рушылық аңғарылады. Ойлай­мын, Құнанбайды Абайдан бөліп қарастыру дұрыс болар ма екен?

Басымдылық қай жағында, Құ­нан­бай тұлғасы ғана ма? Жоқ әлде, оның Абайдың әкесі болғандығы қажет пе?

Осы мәселеде жазушы Мұхтар Әуезов Құнанбайды Абайдың әкесі ретінде бейнелеген. Осы бағыт дұрыс. Қажеттілік Құнанбайдың Абайдың әкесі болғандығында.

Құнанбайды жеке-дара қарас­тыру қандай шындыққа бастайды? Ойлану керек!

* * *

Бүгінге Құнанбай образының қажет­тілігі неде?

Біріншіден, ол – ақын, ойшыл Абай­дың әкесі.

Екіншіден, қазақтың дәстүрлі қоға­мының абызы.

Үшіншіден, Тобықты қауымы, жұр­ты­ның, елінің көшбасшысы.

Төртіншіден, сөзі, ісі өнеге болатын шешен.

Бесіншіден, Құнанбай, қалай десек те, дәстүрлі қоғам мен жаңа қалыптасып келе жатқан қилы заманның арасындағы көпір, өткел.

Алтыншыдан, Құнанбай образынан қазақ халқының мұңлы тарихын айқын аңғарамыз.

Жетіншіден, Құнанбай – баласы Абайға сабақ бере отырып, оның ақын, ойшыл болып қалыптасуына ұстаздық еткен тұлға.

 

Ғарифолла ЕСІМ,

академик, жазушы