«Ред булл аренадағы» бәсекенің алғашқы 20 минуты хорваттардың басымдығымен өтті. Осы сөзіміздің дәлелі – осы уақыт аралығында Златко Даличтің командасы допқа иелік етуде 80 пайыздық көрсеткішке қол жеткізді. Әрине, оларды түсінуге болады. Хорватия құрамасы осы ойында жеңілген жағдайда «Еуро-2024» додасымен қош айтысады. Тіптен, тең есепті өзі қауіпті жағдайдан құтқармайды. Сол себепті де «шақпақ жейделілер» жиі шабуылдап, Италияны әбден қыспаққа алды. Сондай қарқынды шабуылдардың бірінде олар гол соғуға да шақ қалды. 5-минутта Лука Сучичтің айып алаңының сыртынан қақырата тепкен добын Джанлуиджи Доннарумма қақпаның «тоғыздығынан» алып шықты. Одан кейін де Хорватия футболшылары біразға дейін қарқынын бәсеңдеткен жоқ.
Бірінші кезең бел ортаға таяған тұста ғана Апеннин түбегінен келген жігіттердің ойыны дұрысталып, бір жүйеге келе бастады. Көбіне-көп қарымта шабуылға жүгінген Лучано Спаллеттидің шәкірттерінің де есепті өзгертуге мүмкіндіктері болды. 27-минутта Алессандро Бастони допты баспен ұрды. Десек те Доминик Ливаковичтің керемет сейвінің арқасында қақпа аман қалды.
Үзілістен кейін алаңға тың ойыншылар шықты. Италиялықтар Лоренцо Пеллегринидің орнына Давиде Фраттезиді шығарса, хорваттар Марио Пашаличті Анте Будимирмен алмастырды. Дәл сол Фраттези қарбалас бір сәтте допты қолымен қағып жіберді. VAR-дың «көмегінен» кейін төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Нүктеге Лука Модрич келді. Оның бағыттаған добын Доннарумма кері қайтарды. Алайда қақпа алдындағы қауіп сейілген жоқ. Тағы бір мезетте Анте Будемир нысананы қайта көздеді. Доннарумма өз орнынан табылды. Бірақ қақпашының қайтарған добына бірінші болып жеткен Модрич есеп ашты – 1:0. Сөйтіп, 38 жастағы Хорватия құрамасы капитанының есімі Еуропа чемпионатында гол соққан ең карт футболшы ретінде тарихта қалды.
Жоғарыдағы есеп ойынның соңғы секундтарына дейін сақталды. «Шақпақ жейделілердің» бұл матчта жеңіске жететініне ешкімнің де күмәні болмады. Негізгі уақытқа төреші тағы сегіз минут қосты. Сол аралықта да олар «Скуадра адзурраның» қарқынды шабуылына төтеп берді. Алайда ең соңғы сегізінші минутта қорғаушы Риккардо Калафьориден тамаша пас алған жартылай қорғаушы Маттиа Дзакканьидің «тоғыздыққа» бағыттаған добы көздеген жеріне дөп түсті. Есеп – 1:1. Осы тең ойынның арқасында Италия құрамасы өз тобында екінші орын алып, плей-офф додасында күш сынасу құрметіне ие болды. Ал небәрі екі ұпай жиған хорваттар үшінші орында қалып қойды.
* * *
Дюссельдорфтағы «Меркур Шпиль-Аренада» Албания мен Испания құрамалары арасында өткен кездесудің тағдырын 13-минутта Ферран Торрес соққан жалғыз ғана гол шешті – 0:1. Содан кейін Пиреней түбегінен келген футболшылар асықпай-аптықпай жүріп-ақ, өздеріне қажетті есепті сақтап қалды. Ал қарымта қайтарып, жасыл алаңдағы жағдайды түзеуге албаниялықтардың шама-шарқы мен шеберлік деңгейі жетпеді. Бұл топта «Қызыл фурия» жеке-дара көш бастаса, Албания еліне еңселері түсіп қайтатын командалардың қатарына қосылды.