Фото: gov.kz
- Андрей Тютин мен Әдел Жексенбинова жұбы садақ атудан Түркияның Анталья қаласында өткен Әлем кубогінің кезеңдік сайысында бас жүлдені олжалады. Бастапқы бәсекелерде Бразилия, Словения, Италия құрамаларынан басым түскен жерлестеріміз финалда Ұлыбританияны ұтты.
- Футзалдан 2025 жылы жасөспірімдер (U-19) арасындағы Еуропа біріншілігі қай жерде ұйымдастырылатыны биыл қыркүйекте өтеді деп жоспарланған УЕФА-ның арнайы конгресінде анықталады. Доп додасын қабылдауға үміткелер қатарында Қазақстан да бар.
- Қазақтың танымал кәсіпқой боксшысы Сұлтан Зәуірбек (17-0, 12 КО) Ұлыбританияның Болтон қаласында ұйымдастырылған турнирде Роман Рубен Рейносоны (22-4-2, 10 КО) бірінші раундта ұрып жығып, екінші жартылай жеңіл салмақтағы WBA Continental нұсқасының алтын белбеуін иеленді.
- Футзалдан ел чемпионатының қола жүлдегері анықталды. Бұл атаққа Рудныйдың «Аяты» қол жеткізді. Үшінші орын үшін тартыста олар «Атыраудан» айласын асырды. Ал бас жүлдені былтыр ғана іргетасы қаланған «Семей» клубы олжаласа, 20 жыл бойы қарсылас шақ келтірмеген Алматының «Қайраты» биыл күміс медальды қанағат тұтты.
- Қазақстанның теннисшісі Юлия Путинцева Ұлыбританияның Бирмингем қаласында өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. Бастапқы бәсекелерде Клара Бюрель (Франция), Ангелина Калинина (Украина) және Кэролайн Доулхайдты (АҚШ) ұтқан ол жартылай финалда Элизабетта Коччареттоны (Италия) қапы қалдырды. Финалда жерлесіміз Айла Томляновичті (Аустралия) 6:1, 7:6 есебімен тізе бүктірді.
- 14–18 тамызда Астанада шайбалы хоккейден Президент кубогі жолындағы жарыстың жалауы желбірейді. Биыл бұл турнирде «Барыстан» бөлек, Хабаровскінің «Амур», Тольяттидің «Лада» клубтары және Қазақстанның ұлттық құрамасы шеберлік байқасады.
- Иорданияның астанасы – Амманда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігін (U-17) Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері 1 алтын, 2 күміс, 3 қоламен қорытындылады. Жалғыз бас жүлдені 60 кг салмақтағы Шәміл Досбол жеңіп алса, Анапия Еркебұлан (80 кг) мен Әділет Тойшы (92 кг) финалда ұтылды. Ал Нұрдәулет Құмарұлы (45 кг), Едіге Төлеутаев (51 кг) және Қанағатбек Данияр (65 кг) қола медальға қол жеткізді.
- «Найман» деген лақап есімді таңдаған қазақтың танымал спортшысы Қуат Хамитов (24-9-1) Глейсон Тибауды жекпе-жекке шақырды. 40 жастағы Бразилияның файтері (38-19) 2006–2018 жылдары UFC-де күш сынасқан. Кезінде ол Ник Диас (ұтылды), Джим Миллер (ұтылды), Рафаэлу Оливейра (ұтты), Рафаэл дус Анжус (ұтты), Хабиб Нұрмагомедов (ұтылды), Тони Фергюсон (ұтылды), Ислам Махачев (ұтылды), Уилл Брукс (ұтты), Роди Макдональд (ұтты) және тағы басқа дүлдүлдермен айқасқан.
- Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасатын «Барыс» биылғы чемпионат қарсаңындағы жоспарын бөлісті. Олар 15 шілдеде Астанада бас қосып, оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Содан кейін 14–18 тамызда Астанадағы Президент кубогі мен 20–25 тамызда Омбыдағы Блинов қубогіне қатысады. Бұл додада Ярославльдің «Локомотив», Новосібірдің «Сибирь» және Челябінің «Тракторына» қарсы ойнайды.
- Теннисші Юлия Путинцева Ұлыбританиядағы жеңісінен кейін әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте бірден жеті сатыға жоғарылап, қазіргі кезде 34-орынды иеленді. Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA тізіміндегі төртінші орнын сақтап қалды. Ерлер арасында ең үздік көрсеткіш Александр Бубликке тиесілі. Өткен аптамен салыстырғанда ол үш сатыға төмендеп, бұл күндері 22-орынды еншіледі. Ал Александр Шевченко 58-орынға табан тіреді.