Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
2010 жылдың жаз мезгілі еді. Оныншы сыныпты бітірген өрім кезім. Алқапта қарбыз артып жүргенімізде, кенет екі ауылас ағам шекісіп қалып: «Мен сен секілді әлі күнге доп қуып жүрген жоқпын!» деді бірі, екіншісі: «доп қусам да ұпайым түгел, мен түбі сенен озамын!» деді жұлып алғандай.
– Кел бәстесейік, 4 жылдан кейін кімнің озарын көрейік, сонда көрерсің кімнің кім екенін,–деп екеуі қол алысты.
Сол уақыттан бері төрт жыл да қас қаққандай өте шықты. Екеуінің де жасы жиырма бестен асып жығылған еді. Бірақ не өзгерген, не тындырған түгі де жоқ. Сол баяғы қараша ауыл маңы, сүйкімсіз мыжырайған үйлер, батпаққа белшесінен батқан есік алдындағы арба, ақжемтір болып кеткен шатырлар... Бірде ауылда бірін кездестіріп қалып: «Осыдан төрт жыл бұрынғы бәстескенің есіңде ме?» дедім жақын келіп. Әлгі жігітім жарқырай күліп «қандай бәстесу, сен де жүрген қиялсың» деді де қойды.
Менің білгім келгені, адамдар расында өзгере ала ма? Немесе тағдырмен соқыртеке ойнап жүріп оқыстан сүрініп қалып, бабасының бабасы жасаған қателікті қайталап «адамдық қоқысына» тастала ма? Бала күнімде бір кісіні Әулие деп ойлайтынмын. Бір күні көшеде құлап жатқанын көріп «Әулие болса неге құлайды?» деп ұзақ ойланғаным есімде.
Эйнштейн: «Өмір – велосипед айдау сияқты, тепе-теңдікті сақтау үшін әрдайым қимылдау керек» деген екен. Иә, өмір соқпағында бағытыңнан жаңылып баз кешу оңай. Бағыңды күзетіп, бұлтқа жетер жолға шығу үшін үнемі өз-өзіңді таразылау, есеп беру ләзім. Солайша үнемі жақсы тұсқа өзгеріп, құдіретті адамға айналуға болады.