Ақ тарлан қаршығаның ерекшелігі – жүнінің түсі қылаң, қазмойын, қайқы төс, қырғи құйрық, шіл қанат, сарала көз, шыныдай жұқа тұмсық, жебелі жылан бас, қылшық бет, танау тесігі кең, тықыр жүнді болып келеді. Саусағы салалы, саны толық, баутағары жуан, қысқа жіліншікті, денесі ірі, борбайы алшақ, екі қанатының ұзындығы бір кез шамасындай болады. Басты қасиеті – мінезі жуас, адамға үйір, елгезек келеді. Шақырайып, бетке шауып, шапылдамайды. Көп күй талғамайды, жайдары, бала қайырса да бау ашады. Задында, өте шабытты құс. Ертелі-кеш ерінбей ұша береді. Тек ұсақ құстарды ғана іледі.
Шүйгін тарлан қаршыға – ол ақ тарланның сирек кездесетін тұқымы.
Қара тарлан қаршыға – мойны сұңғақ, бітеу желке, қалың топшылы, денесі жұмыр сом, шалқақ бітімді келеді. Қанатының екі қыры (топшысы) сыртына қарай жоғарылау біткен салалы, ұзын құйрық, қауырсын шыбығы жуан, саңғыруы жүндес, сырт жүні жалпақ жапырақты, түсі қоңыр қошқыл болады. Баутағары жуан және қысқа, аяғы әлді, тұяқтары қара қошқыл және өткір, жарғыш келеді. Бұл құсты қазақ саятшылары «қанды көз қара тарлан» деп те айтады. Басты ерекшелігі – қажырлы, аштыққа шыдамды болады. Бірақ баулуға жылдам елікпейді, кешкілденіп, күй таңдап отырып алады. Кейде қатуланып екі қанатымен жер сабалап, шауып қалатыны бар.
Қызыл қайың қаршыға аталуына себеп бұл тұқым тек қайыңға ұя салады. Сипаты: сырт жүні қоңыр-қызғылт шұбар, бауыр жүні шымқай қызыл шұбар, беті ақ қылшық, көзі шегір, басы сүрінді, аяғы лашындікі секілді салалы тарбақ келеді. Бұл құс тым қызғаншақ, қомағай, шапылдақ, қияңқы, жемге шыдамсыз болады. Үй жануарларын маңынан жүргізбейді, оларды салып қалып, шапылдап отырады. Ірісі қоян алғыш болады.
Сарының тегі қаршыға – денесі ірі, қолабалау, бөктергі қанат, жуан мойын болып келеді. Екінші жағынан, еңкіш, шалқақ бас, қысқа тұмсық, айран көз болады. Сыртқы жүндері қоңыр шұбар, бауыр жүні сабалақ сары, жіліншігі ұзын, аяғы саусақты, салалы шеңбер тұяқ келеді. Қаршығаның бұл түрін «үкі жүнді сары ала» деп те атайды. Бірақ бұл тектен қыран шықпайды, күйшіл, шабан, салпылдақ келеді. Қолдан тоят жей бергенді жақсы көреді. Жалпы айтқанда, жылдам бау ашпай, әуре қылатын құс.