Қоғам • 27 Маусым, 2024

Шартараптағы қазақ баласы бас қосты

105 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қандастарға арналған «Jas Qazaq» жазғы этнолагері басталды. Әлемнің әр түкпірінен жиналған этностық қазақ балалары екі аптада тарих пен салт-дәстүрді зерделеп, ұлттық ойындар мен музыкалық аспаптарда ойнап, ана тілін жетілдіреді. Одан қалды атқа мініп, киіз үй құрып, еліміздегі жоғары оқу орындарының білім көрмесіне қатысады.

Шартараптағы қазақ баласы бас қосты

Шеттегі бауырларды бір шаңырақ астына жинайтын жобаны жыл сайын Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» КеАҚ және IQanat қоры ұйымдастырады. Осыған дейін жазғы этнолагерьге 400-ден аса қандас бала қатысса, биыл Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Оңтүстік Корея және Иран елінен 255 этностық қазақ келген.

– Биыл төртінші рет ұйымдасты­рылып отыр. Этнолагерь Бурабай төрінде «IQanat High School of Burabay» мектебі базасында 24 мау­сым және 7 шілде аралығында өтеді. Мұн­дағы басты мақсат – әр ел­ден келген қазақ диаспорасының бала­­лары арасында достық қарым-қаты­нас орнату. Сондай-ақ атажұрт­пен бай­ланысын нығайту, мемле­кет­тік тілді кеңінен насихаттау, ұлт­­тық­ құндылықтарымызды дәріп­теу­, бала­лардың болашағын Қазақ­­станмен байланыстыруға ықпал ету. Қаты­су­шылардың басым бөлігі Моң­ғолия, Ресей, Өзбекстаннан келді, – дейді «Отандастар қоры» КеАҚ шетел­дегі отандастармен жұмыс депар­­­та­­ментінің консультанты Лашын Жанарбек.

Этно-лагерьге қатысушылар әр­түрлі байқаудан өтіп, іріктеліп алынған. Олардың арасында өз елінде қазақтың атын шығарып, білім, ғылым, спортта үздік танылған қаракөз қандастарымыз бар. Оған қоса төтенше жағдай кезінде қазақстандық достарына көмек қолын созған моңғолиялық қазақ балалары да бар.

– Маған ел ордасы Астана қаласы қатты ұнады. Қазір этно-лагерь орын тепкен Бурабай да тұмса табиғаты мен саф ауасы, орман-тоғайы, сайраған құс­тарымен баурап алды. Лагерьдің ішкі құрылымы, жүйесі ойдан шықты. Атажұртқа келіп, жаңадан достар таптым, – дейді Моңғолиядан келген 16 жас­тағы Нұрмұхаммед Құдайберген.